"Ресей империясының басқыншылығы ұсталардың көзін жоюдан басталған". Атақты Махмұт ұстаның ұлымен сұхбат

"Ресей империясының басқыншылығы ұсталардың көзін жоюдан басталған". Атақты Махмұт ұстаның ұлымен сұхбат

Ұсталық киелі кәсіп. Атадан балаға мұра болып бүгінге жетті. Елімізде 1977 жылдан бері қару-жарақ пен зергерлік бұйымдарды жасап келе жатқан танымал ағайынды Құлменовтарды бірі білсе, бірі білмейді. Мassaget.kz порталының тілшілері ата кәсібін жалғап келе жатқан Махмұт Құлменовтың ұлы Бейбарыс Жетенмен бүгінгі теміршілік өнердің қандай күйде екенін сөйлесіп, білді. 

Бейбарыс Жетен, 27-де. Мамандығы суретші. Ағайынды Құлменовтардың ішіндегі Махмұт ұстаның ұлы. Қазақтың ежелгі теміршілік өнерін насихаттаушы.

Біздің ұсталық өнеріміз атадан балаға мұра болып келе жатыр

2 жасымнан бастап сурет салуды үйрендім. Өсе келе сурет мамандығын таңдадым. Орал Таңсықбаев атындағы колледжде оқыдым. Кейіннен білімімді Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында жалғадым. 2020 жылдан бастап өзім тәлім алған колледжде 2 жыл сабақ бердім. Ал, ұсталықты кішкентай кезімнен әкемнен үйрендім. Әкем де осы колледжде оқыған. Біздің ұсталық өнеріміз атадан балаға мұра болып келе жатыр. Атам Кеген ауданына Қытайдан келіп шеберлікпен айналыса бастапты. Кейін балалар білім алсын деп қалаға көшкен екен. Қалада білім бар, болашақ бар және сапа бар. 1977 жылдары осы үйді сатып алған. Мына жерден ұстахананы ашқан екен. Көптеген тарихи фильмдерге қару жасаған.

Әкем үш ағайынды. Үшеуі де ұсталар. Әкемді айтып өттім. Үлкен атам домбыра, ағаш шебері. Кіші әкем Айтберген қаржы жағын ұйымдастырған. Өзі музейлерде жұмыс істеген. Адамдармен сөйлесу, қарым-қатынас ұстау қабілеті өте жақсы болатын. Бірақ ауқымды тапсырыс алғанда үшеуі бірігіп жұмыс істеген. Әрқайсысы өз жұмысын білген. Айтберген ағам қайтыс болды. Үлкен атам Тұрсынжан жүрегінен ота жасатып, қазір жұмыс істемейді. Әкем де жақында жүрек тамырынан ота жасатты. Қазір денсаулығына байланысты үйде отыр.

Темір өнерін әкемнен 10 жасымнан бастап үйрендім

Суретшілер деген негізі жабық халық қой. Шеберханасында сурет салып отыра береді. Адамдармен сөйлескенді ұнатпайды. Мен енді ашылып, адамдермен қарым-қатынас жасап жүрмін. Әкелерім соққан қару-жарақты сайт ашып, соған салдым. Былтыр темір мен суретті біріктіріп көрме өткіздім. Сурет пен темірді біріктіріп туынды жасау оңай емес. Бұл жерде шеберлік керек. Сол кезде колледжде алған сурет білімі мен әкем 10 жасымнан бері үйреткен теміршілік өнерім көмегін берді. Қазір қызығушылығым бойынша жүрмін. Табыс тауып жатқан жоқпын.

Әкелерім қару жасаудың көне әдісін сақтап келе жатыр

Ақша табу үшін мысалы, бір қылыштың мың данасын шығарайық десек оның сапасы төмендеп кетеді. Мүмкін одан шебер байып кетер, бірақ заттың сапасы төмендегеннен халықтың алдында оның құндылығы жоғалады. Әкелерімнің ерекшелігі әлі күнге дейін музейлер мен жеке адамдар хабарласып тапсырыс алады. Себебі олар таза қолөнерімен айналысты. Олар көне технологияны сақтап қалған.  Соны меңгеру үшін ежелгі археологиялық қазбалардан табылған қаруларды қараған. Батырлар қандай қару ұстағанын білген. Егер ұста бұларды ойша, жобалап жасайтын болса, өзін де халықты да алдаған болар еді. Әкелерім мұндай жолға бармаған.

Ұста – халықтың рухы

Ресей империясының басқыншылығы алдымен темір ұсталардың көзін жоюдан басталған. Себебі ұста – халықтың рухы. Рух беретін қару-жарақты соғатын адам. Ұсталар жойылған соң ол жердегі мәдениет те қаржы да құриды. Ол ауыл дамымайды. Себебі ұсталық – қазіргі зауыт сияқты, соның міндетін атқарған. Мысалы, өткен күзде бізге сахалар келді. Олар: "ХІХ ғасырда біздің ұсталар соққан құрал-саймандарды жойып жіберген, біз сосын тәуелді болып қалдық" дейді. Оның үстіне қазақтың ескі сөздері темір соғумен бірге сақталып қалады.

Әкем Бөгенбай батыр айбалтасының көшірмесін жасаған

Егде жастағы ақсақал әкелеріме арнайы келіп, Бөгенбай батыр айбалтасының түпнұсқасын көрсеткен, содан кейін оның көшірмесін жасады. Қателеспесем бір музей сатып алған. Өте жоғары бағаланған болатын.

Қазір шетелден тапсырыс болмай жатыр. 1993-2007 жылдары аралығында өте көп тапсырыс түскен екен. Әкем жазушы, этнограф Таласбек Әсемқұловпен жақын араласқан. Сол кездері бір қылыштың бағасы бір үйдің бағасымен тең болған. Шамамен 5 мың доллар. Көбіне америкалықтар тапсырыс берген екен. Олардың көпшілігі өнерге жақын адамдар, фотографтар.

Шетелдіктер қолөнердің бағасын біледі

Мысалы, Уайн Истед деген фотограф бар. Әкемнің жұмыстарын жариялаған. Әкем соққан томағаптың екеуін сатып алған. Әрине, шетелдіктер саудаласпайды.  Базар қылмайды. Қандай баға, соған алады. Олар заттың құндылығын біледі. Негізі ол инвестиция. Мысалы, біз музейлерімізге осындай қызықты дүниелерді қойсақ, адамдар келіп көреді. Әр келген адамнан ақша түседі.

Біздің әкімдікке арзан дүние керек

"Джоконда" картинасын алайық. Оны көруге әлемнің түкпір-түкпірінен жыл сайын миллиондаған адам келіп тамашалайды. Бір жылда 3 миллиард доллар пайда түседі екен. Ал картинаның құны 1 миллиард доллар. Сонда есептесеңіз, Луврға бір картина өзінің құнынан 3 есе артық ақша түсіреді. Оны келіп көретін туристер тек музейге төлемейді, қонақ үй мен тамаққа және басқа нәрселерге ақша жұмсайды. Сонда бір картинаның өзі мемлекетке қаншама қаржы түсіріп жатыр.

Ал бізде заттың бағасын білмейді. Әкімдіктен тапсырыс береді. Бірақ арзан бағаға. Тек "осы жерде көрнекілік үшін тұрсын" дейді. Арзан нәрсені, макетін алғысы келеді. Оларға жылтырап көрініп тұрса болды.

Ертеде темірді қанмен суарған

Темірді түріне қарай бағалайды. Дамасктың қарала жүз деген темірі өте қатты бағаланады. Оны 150-350 рет таптап, соғып дайындайды. Ұзаққа шыдайды, жүзі де өткір болады. Мысалы, біз болат темірден қару дайындаймыз. 700-800 градуста қыздырып, суарамыз. Оның өз техникасы бар. Біздің техниканы нақты айта алмаймын. Өйткені ол құпия саналады. Кейде оған тұз сепкен, ертеде қанмен суарған екен. Оған жылы қан керек болған. Мұндай қылыштар асыл, жүзі қайтпайды.

Темірді соққанда оның да өз әдісі болады. Езіп жібермеу керек. Себебі, езіп жіберсең кейін сынғыш келеді. Көпке шыдамайды.

 Әр ұста темір соғу әдісін құпия ұстайды

Әр ұстаның өз темір соғу әдісі болады. Олар бір-біріне оны айтпайды және ұстаханаларына кіргізбейді. Себебі бір ұста екіншісінің ұстаханасына кірсе, мейлі ол жұмыс істеп жатқан жоқ болса да темір қалдықтарына қарап, оның әдісін біліп қояды екен. Әр әулет құпиясын ұрпаққа аманаттап қана келген. Себебі ұстаның наны да сол.

Қылыштың бағасы 300 мың теңге

Қазір мен қылыштың бағасын 300 мыңнан қойдым. Бұл ең төменгі баға. Ол темірге де байланысты. Қарапайым металдан да жасап береміз. 300 мыңның қылышы болаттан соғылған, сапалы қару. Оны бір адам – әкем не мен жасаймын. Ешқандай құрылғы қолданылмайды. Бізге "неге бағасы қымбат, Ресейден 80-100 мыңға тапсырыспен алдырып жатыр?" деп айтатындар бар. Ресейде қылышты лазермен кесіп жасайды. Дайын бағдарлама. Зауыттағыдай жүздеп шығара беруге болады. Ал біздің жұмысымыз таза қолөнер. Бұдан бөлек құпия тәсілді қолданамыз.

Күрзі биліктің символы болған

Бізде шеттен келген қонаққа, атақты адамға шапан жауып жатады. Иә, дұрыс. Бірақ шапаннан да бөлек нәрселер бар ғой. Мысалы, неге қылыш сыйламаймыз? Күрзі билік пен мансаптың символы. Оны түркілерден басқа халықтар ұрлап алған. Фильмнен де көрген шығарсыздар. Таққа отырып жатқан ханның қолында төңкерліп тұрған күрзі болады. Қазақ мистикалық халық қой. Бізде көптеген ырым дәстүрімізге сіңіп кеткен. Мысалы, сол бойынша сіз қылыш сатып алсаңыз тек қарудың өзін ғана алып қоймайсыз, онымен бірге қорғаныш та аласыз. Себебі қазақта әр қарудың символы болған. 

Мына жерде үйсіндердің тәтісі қолданылған. Әкем жасаған, қазір антиквар затқа айналып кетті. Бұл жерде адамның бар ғұмыры бейнеленген

Әкемнің 5 мың кітабы болған. Соны бәрін оқыған. Қазір мына жерде сол кітаптардың бір бөлігі сақталып қалған. Бір бөлігін адамдарға сыйладық

Сүгірді жаудың алғы шебін бұзатын батырлар киген

Мынау менің салған суретім. Мұнда Сүгір бейнеленген. Томағап киіп тұрған батыр. Оның түрі көрінбегендіктен жауға психологиялық тұрғыдан соққы береді. "Сүгір" дегеніміз жауды алғы шебін бұзатын батыр. Оны "Алғадай" деп те атаған. Хандар Сүгір етіп ең үздік батырын таңдайтын болған екен. Қысқаша айтқанда Сүгір болу мәртебе.

Мынаны әкем соққан Сүгір киімі. Киіп тексеріп көргенбіз. Бәрі шынайы. Соққы бір жерге емес, жан-жаққа таралып тиеді екен. Көріп тұрғандарыңыздай күрзінің білінер-білінбес іздері ғана қалған.

Мынау томағап. Екі мүйізі батырдың шенді екенін білдіреді. Төбесіндегі қарқарасы "өмір ағашы" деп аталады. Ол көкпен байланысты білдіреді. Беті біріңғай. Жаңа айтып өткенімдей бұл жауға қорқынышты болып көрінеді. Мұны алғаш рет шамандар бетіне бетперде жасау үшін ойлап тапқан екен. Ұсталар негізінен шамандар. Бірақ шаманнан дәрежесі жоғары келеді. Оларды "дархан ұсталар" деп те атаған. Себебі ұстаның қолынан іс келеді және отпен жұмыс істеген. Қолының магиясы бар. Батырлар кейде жекпе жекке шыққанда өзін танытпау үшін томағап киіп шыққан екен.

Мына қалқанның екі түрі. Бірі кішкентай ат үстінде ұстау ыңғайлы. Екіншісі жеңіл. Мұны әкем ежелгі әдісті үйреніп, шайыр құйып, сыртын терімен қаптап жасаған. Болаттан жасалған қалқанда соққы тисе қолыңыз ауырып қалуы мүмкін және жебе қадалып қалады. Ал шайырдан жасалған қалқанға оқ пен соққы дарымайды, кері серпіліп кетеді.

Бабыр өрнектелген жебені атуға қимаған

Мына дулығаның ішіндегі киім "қырпу" деп аталады. Осы нәрсеге байланысты қызық бір тарихты айтып берейін. Бабырдың күйеу баласы қолөнерші болған екен. Ол Бабырға ою-өрнекпен әдемілеп жебе жасап сыйлаған. Бабыр бір соғыста қорамсақтан оқ алғанда күйеубаласы сыйлаған жебе қолына ілінген. Бірақ онымен атуға қимай, қорамсаққа қайта салып, басқа жебені алам дегенше басына қылыш тиіп, дулығасын кесіп өтіп, қырпуына келіп тоқтаған. Мұны неге айтып отырмын. Себебі бұл Бабырдың қолөнерге деген құрметі. Алдында қанша жауы, өміріне қауіп төніп тұрса да өрнектелген жебені атуға қимаған.

 

Ұсталар жұмыс істемеген кезде қорғаныш ретінде ұстаханаға оттың суретін қояды екен. Бұл табиғатпен үйлесілімдік, табиғатты қорғау. Әр нәрсенің киесі болған. Мысалы, бұрын аталарымыз суға барса рұхсат сұрап су алған, орманға кірерде де рұхсат сұраған. Себебі оларды қорғап тұратын кие бар деп сенген

Батырларымыздың бәрі алып болмаған

Мыналар күрзінің түрлері. Ұстап көрсеңіздер жеп-жеңіл. Егер сыртын темірмен қаптамаса ол "шоқпар" деп талады. Қазақта батырларды алып деп суреттеп жатады. Меніңше, батырдың бәрі алып болмаған. Біз денесі ірі халық емеспіз. Мысалы, Абылайдың бойы қысқа деп жатады. Темірланның бойы 174 см. Сол бойы қысқа аталарымыз атқа жеңіл, ыңғайлы отырған. Соғыста да шапшаң қозғалған. Соның арқасында жауын жеңіп кеткен. 

Махмұт ұстаның көрігі

Қоштасарда біз Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романындағы Ахметжан ұстаны есімізге алдық. Ол да қарала жүз темірден соққан қылышымен қалыңдығы 2-3 елі темір белдеуді 6 рет шапқанда кесіп түсіргенін, қылышының жүзі қайтпағанын тамсана отырып айттық. 

"Осының бәрін халық түсінсін, бұрынғыны жаңғыртайық деп ата кәсібін жалғап келе жатырмын. Себебі бұл мәдениетіміздің бір бөлшегі. Мысалы, бұрын әр ер адамның бәкісі болған. Бәкісі жоқ адамды дастарханға отырғызбаған. Осының бәрін жаңа заманға сай енгізсек дейміз. Өнердің киесі бар. Оны жалғау керек, әйтпесе, киесі ұрады. Мен осы өнерді ары қарай жалғастырмасам да сақтау парызым", - дейді Бейбарыс.

P.S. Қазақта Ахметжандай ұсталардың жоғалып бара жатқаны қандай өкінішті...