"Депутат режиссерлер өтеді, бізді неге өткізбейді". Ұлттық киноны қолдау орталығында дау шықты
Ұлттық киноны қолдау орталығынан дау шықты. 150-ден аса режиссер құжат қателігіне байланысты питчингке қатыса алмай қалған. Кино орталығының кеңсесіне бір топ режиссер мен продюсер мұның себебін түсіндіруге жиналды. Мassaget.kz порталының тілшілері де аталмыш орталыққа барып істің мән-жайын анықтауға тырысты.
Уалихан Исабаев, режиссер: "Бізді барынша шеттетіп жатыр"
Режиссер Уалихан Исабаев қырғыздар қолдаған сценариін қазақтар қолдамай жатқанын айтады.
"Неге өткізбей тұрғанының нақты себебін айтпай тұр. Менің кином нағыз ұлттық кино. Сценариімді 2020 жылы қырғыздарға апарғанымда олар: "Идеяңды толық қолдаймыз. Бірақ сіз басқа елдің азаматысыз. Сондықтан 100 пайыз қаржыландыра алмаймыз. Біз 51 пайыз ғана қаржы бөліп берейік, Қазақстан 49 пайызын төлесін. Бірігіп түсірейік" деді. Бұл жақ ешқандай көңіл бөлмей жатыр. Бір сөзбен айтқанда шеттетеді. Өткен жылы дәл осы құжаттармен қатысып өттік, бірақ питчингтен өте алмадық. Қазір питчингке жете алмай жатырмыз. "Не себепті өтпей жатыр?" десек "Арыз жазыңыз, 15 күн ішінде жауап береміз?" дейді. 15 күн ішінде питчинг аяқталып кетеді ғой", - дейді режиссер Уалихан Исабаев.
Ол қалай өтіп кетеді, депутат болғаны үшін бе?
Уалихан Исабаевтің айтуынша, қазір депутат болып жүрген режиссер, өзінен көшірген құжаттар арқылы питчинтен өтіп кеткен.
"Тағы бір қызықты айтайын. Осы питчинг басталарға 2 күн қалғанда бір режиссер танысым келіп, меннен қандай құжат тапсыру керегін сұрады. Бәрін көрсеттім. Менің құжаттарыма қарап отырып, ол да дайындады. Жеме-жемге келгенде өтіп кетті. Ол қалай өтіп кетеді, депутат болғаны үшін бе?".
Питчингтегі заң танымал режиссерлерге жүрмейді
"2022 жылы питчингке қатыстым. Қорғауға келдім. Бір режиссер қатты тиісті. Менің сценариім соғыс кезіндегі оқиғаларға құрылған болатын. Өзі де сол тарихи фильмдер бойынша қатысып жатыр екен. Оның қорғауына да қатыстым. Комиссия сұрақтар арасында, оның сценариі әлі жазылмаған екенін айтып қалды. Ол: "Менің фильмім өтсе, сценариін жаза саламын, 1 аптада дайын болады" дейді. 1 жетіде жазылған сценарийден қандай кино шығады? Танымал режиссер болатын. Оныкі өтті, қазір фильм түсіріп жатыр. Заң бойынша сценарий жазылмаса режиссер питчингке қатыса алмайды, танымал режиссерлерге келгенде заң жұмыс істемей қалады", - дейді ол.
Жансерік Шонаұлы, продюсер: "Бұл киноны қолдау емес қорлау орталығы"
Жансерік Шонаұлы құжат мәселесімен өтпей қалған 153 сценаридің кем дегенде 50-інен жақсы фильм шығу мүмкін екенін айтады.
"Бұл киноны қолдау емес қорлау орталығы болып тұр. Иә, құжаттарым қате шығар бірақ маңыздысы құжат емес, фильм ғой. Алдымен сценариді талдап, кейін олардан қате кеткен болса, ескертіп айту керек еді. Мысалы, мен бірінші рет қатысып отырмын. Менің құжатымда бір ғана қате бар. Маған ескертсе оны 2 сағатта түзеп беретін едім. Құжаттарымды мерзімнің бітуіне 10 күн қалғанда өткізгенмін. 2 сағат емес 10 күндік мүмкіндігім бар еді", - дейді ол.
Продюсер Жансерік Шонаұлы 17 жылдан бері кино саласында жұмыс істеп келеді. Биылғы питчингке "Шона" атты толықметражды көркем фильмін алып келген. Кинокартина Шона Смаханұлының өміріне арналған.
"Шона Смаханұлы – 1978-88 жылдар аралығында Алматыда қазақ тіліндегі мектептер ашумен айналысқан. Фильмде ақынның сол кездегі бастан кешкен қиындықтары, қазақ тілі үшін жүргізкен күресі суреттеледі. Келер жылы Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойы еді. Соған орай кинотуындыны ұсынбақ едік", - дейді продюсер.
Ертай Рахманбердиев, продюсер: "Бұл жер құжатты емес, сценариді іріктейтін орталық"
Ертай Рахманбердиев бқл жерге жиналған кино өкілдері питчингке жете алмай, босқа күйіп тұрғанын айтады.
"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" кеңсесіне келіп тұрмыз. Кинода питчинг деген бар. Кино сценарийлерімізді 25 сәуірде тапсырған едік. Кеше ресми сайттарында 250 сценарийден 150-ін ғана қалдырдық деген хабарлама шықты. Біз хабарласып: "Не себепті, бізді алып тастадыңдар, питчинг әлі басталған жоқ?" деп сұрадық. "Құжаттар дұрыс емес" дейді. "Қандай құжаттар?" десек айтпайды. "5-6-тармақ" деп қана қоя салады. 6-тармақ "договор намерения" деп аталады. Бұл кино түсірілер алдында жасалады. Жұмысшылармен келісім шартқа отырасың. Фильмің питчингке жетпесе, басқалармен қалай келісім жасайсың?", - дейді ол.
Продюсердің айтуынша, ұлттық киноны қолдау орталығы құжат емес, сценариді талқылауы қажет.
"Питчинг киноның сценариін іріктейді, құжатпен айналыспау керек. Бірдеңе дұрыс болмаса түзеп беретін едік. Бүгін қанымыз қайнап тұрғаны питчингке жете алмай тұрмыз. 2 жыл қатарынан өтті, биыл неге құжаттарымыз өтпей қалды? Тапсырар алдында құжатта қате кетсе түзеуге уақыт береміз деп ескерткен. Ал бұлар ескерткен жоқ. Түзеуге болатын қателер ғой. Сценарий өткізбей жатса түсінеміз, құжат қана ғой. Киноның өзегі сценарий емес пе? Бұл жер сценариді іріктейтін орталық емес пе?", - дейді атқарушы ол.
Әрі Би-Бек Өр Алтай, режиссер: "Қатысып жатқанымыз бірінші рет емес"
Режиссер Әрі Би-Бек 2015 жылдан бері кино саласында өнімді еңбектеніп келеді. "Қазақ хандығы – Алмас қылыш", "Балуан Шолақ", "Қазақ хандығы – Алтын тақ" , "Томирис" –"Адасқақ" "Абай жолы", "Боран" сынды фильмдерде түрлі қызметтер атқарған. 2022 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен "Centaurus Rustem Abdrashev production" кинокомпаниясында "ARQAU-OZOK" толықметражды деректі драмасын түсірген.
"2023 жылы питчинг әділетсіз өтіп жатыр. Себебі біз жазған сценариімізді қорғауға жете алмай тұрмыз. Құжаттағы әріп-сан қателеріне байланысты сценариді өткізбей тастауды қалай түсінуге болады? Алдын ала ескертсе түзеп беретін едік. Құжаттың тәртібін қайта-қайта өзгерте береді, сол үшін қаншама режиссер шатасып кетті. Былтыр дәл осы құжатпен өткенбіз. Қатысып жатқанымыз бірінші рет емес қой. Биыл құжат тапсыру тәртібі өзгергенін айтты. Біз сол бойынша тапсырдық. Енді қате шығып тұр. Қай жері екенін айтпайды. "Жабық байқау" деп қана қоя салады", - дейді режиссер Әрі Би-Бек Өр Алтай.
Жиналғандар жұмыстарының не үшін питчинке қатыса алмайтынын жеке-жеке түсіндіруді талап етті
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуішов топтың арызын тыңдады. Ол алдағы уақытта бұл фильмдерге қаржы бөлдіру жолдарын қарастыратыны айтты.
"Біріншіден, ұлттық киноны қолдау орталығының өз заңы бар. Қазіргі жұмысына қол сұға алмаймыз. Мен жоғары басшылықтан заң жүзінде істің-мән жайын біліп дұрыс-бұрыстығын анықтауға келіп отырмын. Заң жүзінде құжат дұрыс болмаса осы орталықтағылар жауап береді ғой. Сондықтан бұған да түсіністікпен қарау керек. Біз де әр сценаридің питчингке барғанын қалаймыз. Бірақ құжат деген бар ғой. Оның барлығы заң жүзінде қарау керек. Сіздер жоғарғы сотқа жүгінулеріңізге болады. Біз күзде мемлекеттік қордан осы фильмдерге тағы да ақша бөлуге мүмкіндік жасаймыз. Қолдау тапса береміз", - деді ол.
Айбек Құдабаев, режиссер: "Өнерді бағалау керек"
"Заң бойынша кино орталығының айтып жатқаны дұрыс. Киогерлер өздері қате жіберген. Бірақ өнерді алдымен бағалау керек. Заңның өзі қате. Біріншіден сценариді оқып, содан кейін іріктелген фильмдердің құжатын қарап, қате болса түзетіп, оларды питчингке жіберу қажет еді. Себебі, құжат емес сценарий маңызды", - дейді режиссер.
Ұлттық киноны қолдау орталығы тарапынан түсініктеме беретін ресми өкіл табылмады. Тек сұрақтарымызға аталмыш орталықтың баспасөз хатшысы Өмірәлиев Жангелді жауап берді.
Жангелді Өмірәлиев, Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз хатшысы: "Біз заңнан аттап кете алмаймыз"
"Кейбірінің құжаттары сәйкес келген жоқ. Сол үшін өтпеді. Өтпей қалғандарыдың жеке хабарлама жібердік. Не үшін өтпей қалғанын айттық. Бірақ түсінбей жатыр. Заңда құжаттар осындай болу керек деп жазылған. Біз заңнан аттап кете алмаймыз. Бізге дәл айтылғандай етіп құжат өткізбесе, қабылдай алмаймыз. Былтыр заң өзгеше еді. Мем.сатып алу бар еді. Биыл алып тастадық. Барлық мәлімет сайтта тұр. Сол жерден құжат тәртібімен танысуға болады", - дейді ол.
Айта кетейік, "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен құрылды. Содан бері питчинг арқылы сценарийлерді іріктеп алып, соларға фильм боп жарыққа шығу үшін қаржы бөледі.