"Соғыстан көрмеген қиындығын кинодан көрген". Қыз Жібек фильмінің режиссеріне кімдер кедергі болған

"Соғыстан көрмеген қиындығын кинодан көрген". Қыз Жібек фильмінің режиссеріне кімдер кедергі болған

Биыл Қыз Жібек фильмімен тарихта қалған режиссер, суретші, өнер қайраткері Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 толды. Осы атаулы мерейтойға орай  Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Сұлтан Қожықовтың "Алтынның сынығы, асылдың тұяғы" атты Қожықовтар династиясы көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Сұлтан Қожықовтың аталмыш көрмесіне режиссердің шәкірттері, журналистер, режиссерлер, актерлер т.б келді. Жиналған қауым ол туралы естеліктермен бөлісіп, немере қарындасы Сәуле Қожықоваға естелік сыйлықтар табыс етті.

Massaget.kz порталының тілшісі көрмеге арнайы барып, Сұлтан Қожықовтың немере қарындасы Сәуле Қожықовамен тілдесті. 

Суретте оң жақта Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуле Қожықова

Қожықовтар әулеті туралы не белгілі?

Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуле Қожықова отбасы туралы айтып берді.

"Біздің әулет шығармашылықтың ортасы еді. Атамыз Қоңырқожа Қожықов пен жұбайы Ләтипа Қожықовадан 4 ұрпақ өрбіді. Атамыз білікті ұстаз, Алаш қозғалысының көнекті өкілі болса, әжеміз Ләтипа сән әлемінің шебері, КСРО суретшілер Одағының мүшесі болған. Балаларының тұңғышы – Қожахмет Қожықов Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салушы, Құлахмет Қожықов кино суретшісі, атақты Қыз жібек фильмінің эскиздерін салған, Нұрахмет Қожықов – елге белгілі мүсінші, сүт кенжесі Сұлтан Қожықов режеиссер әрі суретші болған", - дейді ол.

Қожықовтар әулетін сталиндік қуғын-сүрген айналып өтпеген. Алдымен үйдің отағасы – Қоңырқожа Қожықов ұсталып, атылса, тұңғышы 28 жасында абақтыға қамалған екен.

"Атамыз Қоңырқожаны "Алашордашы" деп айыптап, 1938 жылы ату жазасына кеседі. Артында қалған жары балаларын жақсы білім алуы үшін бар күшін салған. Тұңғыш ұлдары Мәскеудегі мемлекеттік жоғары көркемөнер техникалық шеберханасында оқыған. КСРО суретшілер одағының мүшесі еді. Қазақстанда алғаш рет көркемсурет галерясының ашылуына мұрындық болған адам. Бірақ репрессияға ол да ілігіп, абақтыға қамалды. 1944 жылы ғана денсаулығына байланысты азат етілген. Кейін Қазақфильмнің декораторы болып жұмыс істеген", - дейді Сәуле Қожықова.

Құлахмет Қожықовтың сурет. Бай-бағландар жайлауда

Қожықовтар әулетінен үш ұл Ұлы Отан соғысына қатысқан.

"Менің әкем Құлахмет Қожықов та халық жауы атанды. Біз сол уақыттарда өте қиын жағдайда өмір сүрдік. Қазір осы залда суреттері мен кино үшін салған эскиздері бар. Інісі Сұлтан екеуі Қыз Жібек фильмінің эскиздерін сызған. Әкем қазақ киносының алғашқы суретшісі саналады. Атамыздың үлкен ұлынан басқа үш ұлы Ұлы Отан соғысының қатысушылары. Сұлтан Қожықов Панфиловтар дивизиясында майданға барып келген", - дейді ол.

Қыз Жібек фильмін түсіру барысы

Сәуле Қожықова әкесінің Сұлтанға қамқорлық жасап, бар білгенін үйретіп, режиссерлік мамандықта оқуға кеңес бергенін айтады. Соның арқасында Сұлтан Қожықов Мәскеуде оқыған.

"Соғыстан келгесін Сұлтан ағамызды әкем Құлахмет ВГИК-ке режиссер мамандығын оқуға жіберген. Одан келгесін Сұлтан ағамыз соғыс тақырыбында фильм түсіргісі келген екен. Бірақ әкем Құлахмет оны Қыз Жібек филміне әкелген. Құлахмет Сұлтаннан 9 жас үлкен болғасын, оған әкесіндей болған. Олар әкесіз өсті ғой", - дейді Сәуле Қожықова.

Сұлтан Қожықовтың түрлі газеттерге салған карикатуралары

"Қожықовтардың ұрпақтары да сурет салады, мысалы, мен де суретке жақынмын, бірақ кәсіби түрде айналыспадым", - дейді ол.

Құлахмет Қожықовтың киноға салған эскиздері

"Атамыз жәдидшілдіктің үлкен өкілі болған. Жәдидшілдік Орта Азияда патша өкіметіне қарсы, халықты ағартуға байланысты туған қозғалыс. Атамыз жәдидшілдік бағытында Қызылордада мектеп ашқан. Бұл жаңа білім ордасы еді. Бұрын молда дінге негіздеп сабақ өтсе, жаңа мектепте одан бөлек география сияқты жаңа ғылымдар үйретілген", - дейді Сәуле Қожықова.

Қожықовтар әулетін қуғын сүргін, соғыс өмірден ерте алып кеткен.

"Атам 53 жасында атылып кетті. Тұңғышы Қожахмет денсаулығына байланысты 43 жасында, үшінші ұлы Нұрахмет те соғыстың салдарынан денсаулығынан айрылып өмірден ерте өтті", - дейді ол.

Құлахмет Қожықов. Қыз Жібек пен Төлеген

Сәле Қожықованың айтуынша Қыз Жібек фильмін түсіру кезінде әкесі мен Сұлтан Қожықов бірқатар кедергілерге тап болған.

"Әкем мен Сұлтан аға Қазақфильмде бірге жұмыс істеді. Оларға қарсы шығып, кедергі келтіргендер көп болды. Мысалы, алғашында әкем фильмнің суретшісі еді. Ғабит Мүсірепов Қыз Жібектің сценарий авторы ретінде жары Раиса Мұхамедиярованы бас рөлге  бекіткісі келген. Әкем кино эскиздерін салып отырғандықтан, оған қарсы шығып, жас қыздың образына оның келмейтінін айтқан. Рая рөлді сомдайтын кейіпкерден екі есе үлкен болған. Кейін кастинг арқылы жүздеген қыз арасынан таңдады ғой бас кейіпкерді", - дейді ол.

"Сұлтан ағамыз да фильмді түсіру барысында бірнеше инфаркт алды. Кино түсіруіне мүмкіндік бермеді, үнемі сынап отырған. Бұл "көркем фильм емес" дегендер де болған. Сұлтан ағамыз кедергілерге шыдамады, ауырып қала берген. Фильмді шығармай, ұстап отырған. Әкем осындай келіспеушіліктер болғандықтан киноның суретшісі болудан бас тартқан. Нағыз өнер бұйрыққа бағынбайды ғой. Ал бұл жерде бұйрық беріп соны орындатпақшы болды. Осындай қиындықтардың арқасында фильм жарыққа шықты", - дейді Сәуле Қожықова фильм туралы.

Грузиннің режиссері Тенгиз Абуладземен Сұлтан Қожықов байланыста болған. Тенгиз Абуладзе Сұлтан Қожықов Грузияға барғанда "Қыз Жібек фильмін жоғары бағалаған екен.

Аталмыш көрме Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі  қазақ өнерінің дамуына орасан үлесін қосқан Қожықовтар әулетінің шығармашлығын халық назарына паш ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Көрмеде музейдің алтын қорындағы суретші Қожа-Ахмет, Құлахмет Қожықовтардың және Латипа Мұңайтпасқызы (Ләпин) Қожықованың шығармашылық туындылары қойылған.

Сонымен қатар қазақ кино әлемінде есімі алтын әріппен жазылған, кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықовтың түсірген "Қыз-Жібек", "Біз Жетісуданбыз", "Ана мен бала", "Біздікілерді біл!", "Шыңдағы шынарда", "Егер біздің әрқайсымыз..." киноларынан фотосуреттер, 1940 жылдары газет-журналдарда жарияланған шарж шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсыналды.