"3 млн теңге қарыз, некесіз бала". Алматыдағы "Ана үйінен" репортаж
"Ана үйі" жобасы 2013 жылы өз сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында құрылған болатын. Мұнда жас аналарға, жалғызбасты қыз-келіншектерге материалдық көмек, психологиялық, құқықтық кеңес беріледі. Орталықтың жұмысымен танысу үшін Massaget.kz тілшісі Алматыдағы №1 "Ана үйіне" барды.
Әуелгіде "Ана үйі" деп аталғандықтан емхана секілді мекемені көз алдымызға елестеткенбіз. Алматының шағын көшелері орналасқан аудандағы екіқабатты үйге кірген бойда таңғалып қалдық. Ауласынан-ақ балалы үй екені көрініп тұр. Тізіліп тұрған балалар арбасы бірден көзге түседі.
Жаны жаралыларды жабырқатып алмайық деп есікті абайлап аштық. Кіре берген кезде үйден қамқорлық пен жылулықтың лебін сездік. Оған қоса бауырсақ пен ыстық тамақтың иісі туған үйімізді еске түсірді.
Үйдегі аналар өз шаруасымен айналысып жатыр екен. Бірі бөлмесін реттестірсе, екіншісі ас үй қамымен жүр.
Есіктің алдынан бізді жүзі күлімдеген, көңілді қалыпта филиал координаторы Майра апай қарсы алды. Ол бізге осы шаңырақтың берекесіндей көрінді. Мұны сұхбат барысында әр қыз-келіншекке перзентіндей қарайтын көзқарасынан байқадық.
Алматыда үш "Ана үйі" бар. Ашылғанына 10 жылдан асқан жобаның алғашқы үйіне ат басын тіредік. Координатордың айтуынша, бұл мекен-жайға көшіп келгеніне үш жыл болған.
"Осында жұмыс істегеніме 10 жыл болды. Қазір 18 қалада бар. Бір қуантарлығы, жылдан жылға бұл жерге келушілер саны азайып келе жатыр. Біздің негізгі міндетіміз - қоғамдағы жетім балалардың көбеюінің алдын алу. Мұнда түрлі тағдыр бар. Оларға "неге?" деген сұрақ қою арқылы өздерінен жауабын сұраймыз. "Ана үйінен" шыққан қыздардың 70 пайызы өз орнын тауып, қоғамда пайдалы іспен айналысуда. Бірі кәсіпкер, бірі қорғаушы, тіпті прокурор қыздарымыз да бар. Біз олармен мақтанамыз", - деді ол.
Орталық 30 жасқа дейінгі аналарды 1,5 жасқа дейінгі баламен қабылдайды. Сондай-ақ, мұнда жүктіліктің соңғы айларындағы аналар да келе алады. Аналар орталықта 3-6 айға дейін ғана тұра алады. Бірақ адами факторларға, кейбір жағдайларға қарап, басшылықпен сөйлесу арқылы кейде уақытын созуға болады.
"Егер әйел 2-3 баласымен жылап, түнде келіп тұрса қабылдаймыз. 1-2 аптада жағдайын реттеп, мәселесін шешуге тырысамыз. Мұнда орналасқаннан кейін аналардың жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Олар жұмыс таңдамайды. Себебі баласын бағып, асырауы керек. Жалпы мамандығы бойынша жұмысқа тұрғызуға тырысамыз. Жұмысқа орналасқан аналар балаларын іштегі басқа аналарға тастап кетеді. Уақытын реттеп, соған сай ақысын төлейді. Сонда іштегі ана да, сырттағы жұмыс істеген ана да ақша таба алады. Біз көбінесе жарты күндік жұмыс алыңдар деп ұсынамыз. Болмаса жұмысқа тұрған жерлерінде бастықтарымен өзіміз сөйлесеміз. Жұмысқа шыққанда өзімізге жақын жерден табуға тырысамыз", - деді координатор Майра.
Орталыққа келген әрбір қыз-келіншектен қолхат алынып, келісім-шарт жасалады. Олардың рұқсатынсыз басшылық туыстарына, отбасына хабарласа алмайды. Сондай-ақ, мекен-жайды кез келген адамға айтуға тыйым салынады.
"Көбіне мұнда келгендер жағдайын туыстарынан, отбасынан жасырып келеді. Келген бойда "анау не, мынау не" деп жағадан жармаспаймыз. 1,5-2 апта қадағалағаннан кейін ғана сөйлесіп, "қалай болды, не үшін, туыстарың біле ме?" деген секілді сұрақтар қоямыз. Алимент, жәрдемақы керек пе, бәрін анықтап, сол бойынша жұмыстанамыз. Әйелдің рұқсатымен ғана туыстарына хабарласамыз. Ал кәмелетке толмаған қыздар келсе, алып келген адам қолхат жазады. Кәмелетке толмай жүкті болу қылмыстық іс болғандықтан "сот барысы жүріп жатыр" деген қағаз алдыртамыз", - деді ол.
Орталық аналарды жатын орнын, тамағын, балалардың жөргектері, қажетті барлық заттармен тегін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қыз-келіншектер қоғамдағы "Ана үйінде" қажет мамандықтарды меңгеріп, арнайы курстан оқып шығады. Атап айтқанда, тігінші, шаштараз, тырнақ күтімінің мастері, массажист, сондай-ақ, әр түрлі тілдерді үйреніп шығады. Мамандықтар әр ананың икемі мен қызығушылығына байланысты таңдалады.
"Ана үйінің" төменгі қабатында асүй мен балалардың ойнайтын бөлмесі орналасқан. Мұнда аналар балаларын ойнатып жүріп, ас дайындайды.
Бірінші қабатта координатордың кабинеті және қонақ бөлмесі орналасқан.
Бұл бөлмеде қыздар әр сала мамандарымен жеке жұмыс істеп, тренингке қатысады.
Екінші қабатта ана мен бала бөлмесі орналасқан.
"Орталықта түрлі жағдай кездеседі. С. есімді келіншек баласын дүниеге әкелгеннен кейін одан бас тартатынын айтты. Баланы перзентханаға беріп, құжаттарын рәсімдеп жатқан кезде бәріміз солқылдап жыладық. Бірақ әйелді жазғырмадық. Себебі "үйдегілерге айта алмаймын, апай" деді. Өзі беделді отбасының қызы екен. "Анам қабылдамайды, ал әкем білсе анам екеумізді өлтіреді" деді. Құжаттардың бәрін рәсімдеп болғаннан кейін оған мұнда тұра алмайтынын, басқа үйге көшкені дұрыс екенін айттым. Өйткені оның бұл ісі басқа аналарға үлгі болмауы керек. Бір күн өтті, ертесіне кешкісін шай ішіп отыр едім. Үйімнің мекен-жайын тауып алып, жаңағы келіншек аңырап жылап келді. "Апай, менің баламды алып беріңіз, өтініш. Ұйықтай алмадым. Кім не десе о десін, баламды аламын" деді. Сөйтіп, түн уақыты болса да кезекші дәрігерге хабарласып, баланы алып кеттік. Бір аптаға жетпей ата-анасына хабарласып айттық. Бастапқыда ұрысып, айқайлады. Кейін бізге келіп, "бір емес, екі баламды бағып отырғаныңыз үшін алғыс" деп, қызы мен жиенін алып кетті", - деді координатор.
Аналар орталықта үйдегідей өз асын дайындап, бөлмесін жинайды. Барлығы тәртіппен жүзеге асады. Кезекшілік қойылып, арнайы мәзір құрастырылған. Сол бойынша таңғы асты 9:00-ге дейін ішіп алады.
Одан кейін жеке шаруаларымен айналысады. Курсқа қатысады немесе балаларына екпе салдыртуға кетеді. Түсте тамақтанған соң демалады.
Түстен соң психологтармен не басқа да мамандардан консультация алып, түсіндірме жұмыстарына қатысады. Кешкі ас ішіп болған соң бөлмелерінде демалады. Негізгі ереже - қыздар 18:00-ге дейін үйде болуы керек. Қай жаққа шықса да үнемі бақылауда болады.
Орталықта координатор, медбике және психолог жұмыс істейді. Бізде дабыл түймесі орнатылған. Жақын жерде полиция қызметкерлері болғандықтан, тез келеді. Біз көңілді өзімізге аудартқымыз келмейді. Тіпті көршілеріміз біздің "Ана үйі" екенімізді білмейді. Тек пәтер жалдайтындар деп ойлайды.
"3 млн теңге қарыз, некесіз бала"
24 жастағы Мадина бізге өз оқиғасын бөлісті. Ол өзі жасаған қателікті әпке-сіңлілері қайталамағанын қалайды.
"Негізі ата-әжемнің қолында өстім. Қаржылық пирамида ұйымына құрбым арқылы тіркеліп, ақша салдым. Кейін ақшам ақталмады. Соған кеткен ақшаны жабамын деп түрлі ұйымдардан несие ала бердім. Сөйтсем, 3 млн теңге қарызға кіріп кетіппін. Сол уақытта жігітімнен екіқабат болып қалдым. Оның баланы мойнына алмайтынын білдім. Бала туралы мүлдем айтқым келмеді. Себебі қатты жақсы көретінмін, тастап кете ме деп қорықтым. Жағдай мүлде қиын болып кетті. Өзім ешкім білмесін деп күнде пәтер жалдап тұрдым. Тамақ ішпеген кездерім болды. Сосын нағашы әпкем біліп, үйіне алып кетті. Бірақ оның бала-шағасы бар ғой, ыңғайсыздандым. Кейін осы мекен-жайды берді. Бірден хабарласып, осында келдім. Майра апай екеуміз баламның әкесіне хабарласып, жағдайды айтқанда "алдырып таста" деді. Бірақ "алдыртпаймын" деп шешім қабылдадым. Жалпы мұнда келгенде "баламнан бас тартамын" деген оймен келген едім. Кейін апаймен сөйлесе келе бұл ойымнан айныдым", - деді ол.
Мадина "Ана үйінде" алты ай болған. Қазір өзі бөлек шығып, пәтер жалдап тұрады.
"Негізі бұл жақтан кету ойымда болмаған. 6 айдан соң үйіме барып, анама жағдайымды айттым. Әкем естіді де, 2-3 күн сөйлеспей жүрді. Бірақ үйден кетіп бара жатқанда "ешқайда бармайсыңдар, осында қалыңдар" деп екеуі де кешірді. Қазір балам бір жасқа толды. Баламды ата-анам бағады. Өзім осы жақта жұмыстамын. Жұмысқа да осы Майра апай орналастырды. Енді есімізді жиып жатырмыз. Жұмыс істеймін, мұнда анда-санда келіп тұрамын. Қазір бөлек шықтым, пәтер жалдап тұрамын. Баланың әкесімен мүлде сөйлеспеймін. Мұнда келгенде басында қорықтым. Бірақ шынымды айтайын, жылайын десең, соған мүмкіндік бермейді ғой. Әрдайым қасымызда, жылулық көрсетіп, мейірім көрсетіп отырады. Түсінгенім - жігітке сене бермеу керек. Қыздар өзінің сауатын ашып, жігітке алданбауы керек. Қандай жағдай болса да баладан бас тартпау керек", - деді ол.
"Ата-анама айтуға дайын емеспін"
25 жастағы Айнұр бұрын тұрмысқа шыққан, екі баласы бар. Ажырасқаннан кейін жүрген жігітіне алданып, үшінші баласын көтерген.
"Баламды 35 аптасында дүниеге әкелдім. Ауруханаға мүлде тіркелмегенмін, қаралмағанмын. Жүйкем тозып, жүктілік кезеңім ауыр өтті. Перзентханадан шыққан бойда осында келдім. Орталықты әлеуметтік желі арқылы таптым. Сосын бірден хабарласып, келдім. Әлі күнге дейін ата-анам білмейді. Айтуға әлі дайын емеспін. Балам 25 күннен бері реанимацияда жатыр. Екіжақты пневомания деген диагноз қойылды. Өмір сүруге талпынып жатыр. Жазылып кетсе екен...", - деді ол.
Айнұр перзентін дүниеге әкелген соң бірден жұмысқа шығып кеткен. Оның себебі - жас ана туған баласын қабылдай алмаған.
"Перзентханадан шыққаннан соң осы жаққа келдім де, 1-2 күн жаттым. Жағдайымды түсіндірдім де, үшінші күні жұмысқа шығып кеттім. Себебі баланы қабылдамағаным сонша, оның бетіне қарай алмадым. Осы бала үшін бұрынғы жігітіммен ұрсысып қалдық, ата-анама бара алмай қалдым, үлкен екі баламды көре алмай қалдым. Соның барлығына баламды кінәлайтын едім. Қазір баламның бұл нәрсеге еш кінәсі жоқ екенін түсіндім. Солай істегеніме өкінемін. Керісінше маған жаңа үміт сыйлап, екінші тынысымды ашты. Бұйырса балам жазылып келген соң ата-анама айтамын деп отырмын. Содан кейін бір ауыз батасын алып, әрі қарай өмірді жалғастырамыз. Баланың әкесі біледі. Бірақ хабарласқан жоқ. Өмірде қандай қиындық болса да баладан бас тартпаңыздар. Мұндай қателік жасамаңыздар. Баланың еш кінәсі жоқ. Бала - өмірдің мәні. Осы уақытқа дейін қателігімнен соны түсіндім", - деді ол.
Орталықтың медбикесі Гүлнар Сағынғалиева қыздар мұнда ауруханаға тіркелместен, екпе алмай келетінін атап өтті. Оның айтуынша, келгендердің ішінде баласын қабылдамай, емізбейтін аналар да кездескен.
"Бізге келген бойда әрбір ана мен баланы бірден ауруханаға тіркеп, толық медициналық тексерістен өткіземіз. Екпесін салдырамыз. Өзім анамын әрі әжемін. Немерені баққандай барлық балаларға да жанашырлықпен қараймын. Әрбір аяғы ауыр әйелді, жаңа туған аналардың бәрін қадағалап отырамын. Бірақ баланың жауапкершілігін анаға жүктейміз. Бастапқыда баласын қабылдамайтын аналардың қасында қонып қаламын. Себебі ондай кезде қадағалау маңызды. Баланы қырқынан шығарғанша бәрі менің мойнымда. Кейбіреулер "қоспа сүт беремін, емізбеймін" деп келеді. Сондай кезде түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы емізуге тырысамыз. Бала уызға қанып өсуі керек", - деді медбике.
"Балаларымнан бас тартты"
Сәбира мұнда күйеуінің қысымына шыдамай келген. Үш рет кездесіп, алып қашқан күйеуі соңында туған екі баласынан да бас тартқан.
"2015 жылы тұрмысқа шықтым, екі балам бар. Күйеуіммен үш рет кездескенбіз. Келісім бермеген едім, мені 19 жасымда алып қашып кетті. Ол құмар ойын ойнайтын. Менің атымнан алынған 4 млн 300 мың теңге несие болды. Үйге айлап келмейтін. Балаларға, жалпы керек-жарақ алуға ақша бермейтін. "Менің қайда жүргенімді сұрама, сен әке-шешеме қарауың керексің" дейтін. Бір шешім шығарайық десем, мүлдем сөйлеспейтін. Үйдегілер "ажыраспа" деген соң шыдап жүрдім. 3 жастағы баламның балабақшаға бармағанын көріп, ойлана бастадым. Себебі жөргек, балаларға қажетті зат үшін ақшаны енемнен сұрап аламын. Сосын шілде айында қайынатам мен қайын інім шөп түсіріп жатты. Ешкіммен ұрсысқан жоқпын. Барлығына жағдайды түсіндіріп, "келісімдеріңізді беріңіздер,бұдан әрі шыдамаймын" деп кететінімді айттым. Көлік шақырып, кетіп қалдым. Қайын інім жолыма ақша салып жіберді. Осында келіп, бір ай құрбымның үйінде тұрдым. Сол кезде "Анашым, мені тастамашы" деген кино көретінмін. Киноның астында "Ана үйінің" әлеуметтік желідегі сілтемелері тұр екен. Сол арқылы хабарластым", - деді ол.
Сәбина балаларын әкесінен "Ана үйінің" көмегімен өзіне қайтарғанын айтты.
"Баламды күйеуім тартып алған еді. "Ана үйі" арқылы екі баламды да өзіме алдым. Әкесінен еш көмек жоқ, "Сен қаңғып жүргендердің арасында жүрсің" деп балаларынан бас тартты. Басында өзімді таппай жүрдім. Кейін жинақталып, жақсы болдым. Әр түрлі курстар оқып, бизнес жоспар жазуды үйрендім. Сосын мемлекеттен грант ұтып алдым. Жақында кәсібімді бастадым. Үй жиһаздарын сатумен айналысамын. Өзімнің цехым бар. Қазір балаларым ата-анамда. Өзім осы жаққа қонаққа келіп тұрамын. Бастапқы жағдайым мен қазіргі сәтімді салыстырсам мүлде бөлек. Мұның бәрі осы ортаның, апайлардың арқасы", - деді ол.
Қазіргі таңда Ана үйінде 7 ана мен 9 бала бар. Бір қызығы, мұнда келген қыз-келіншектер жарты жылдан астам уақытта жігіттерімен не күйеулерімен табысып, ата-аналарына жасырған сырын айтып, бір-бірімен қауышады екен. Бастапқыда өз перзентінен бас тартқан ата-ана да, баланың әкесі де жүректері жібіп, әкелік сезімдері оянады. Мұндай қуанышқа куәгер болудың өзі Ана үйінің миссиясының орындалғаны деп білеміз. Әр бала бақытты болуға лайықты. "Қасымда болсын анам, Болайын мен де аман...".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!