Кішкентай ауылдан басталған үлкен кәсіп. Қазақстан бойынша тапсырыс алатын шеберхана тарихы

Кішкентай ауылдан басталған үлкен кәсіп. Қазақстан бойынша тапсырыс алатын шеберхана тарихы

Ұлттық статистика деректері бойынша, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 43,3%-ды құрайды. Олардың көпшілігі – осы саладағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес. Бүгінде елімізде әйелдердің кәсібін қолдайтын 17 орталық жұмыс істейді. Шалғай ауылда отырып-ақ, өз кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған әйелдер бар. Соның бірі  – Жалаңаш аулындағы Оспанова Сандуғаш.

Оспанова Сандуғаш 1987 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. 2008 жылы Кеген ауданына келін боп түскен.

Тігін шеберханасы кәсібі қалай басталды?

Ауылға келін боп түскеннен кейін отбасында бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналыса жүріп осы кәсібімді бастап кеттім. 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы ауылда өзіміздің шағын тігін шеберханамызды аштық. Қазіргі күнде еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар алып, қыз жасауын дайындап береміз.

Қазір жастар, жалпы адамдар ауылда тұрып, кәсіп бастау мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ ол ойға түбегейлі қарсымын. Ауылда отырып-ақ, кәсіп ашып, оны дөңгелетіп, қаншама қыз-келіншектерге жұмыс тауып беріп, қазақтың қолөнерін дамытуға болады. Жалпы, кәсібіңді алғаш ауылдан бастаған жақсы.

Кәсіпті бастаған себебім, қаржылай еркін болғым келді. Сол жолда тынбай еңбек еттім. Алдымен бала шағаға көңіл бөлу үшін, үй шаруасына үлгеру үшін кәсібімді үйде бастадым. Тігін өнері әйел адамға үйде отырып табыс табудың үлкен көзі деп білемін. Басында біраз қиыншылықтар болды. Қаланың бағасы мен ауылдың бағасы сәйкес келмейді. Кейбірі қымбат екенін айтса, кейбірі қуанып кетеді. Бірақ бүгінгі таңда оның бәрін жеңдік. Қолөнермен айналысу баға жетпес байлық.

Ең алдымен кәсібімізді ауыл адамдарына қызмет етуден бастадық. Жалаңаш аулынының шамамен 4 мыңдай тұрғыны бар. Шағын ауыл. Кейбір адамдар "осындай кішкентай ауылда отырып немен айналысуға болады?" деп ойлауы мүмкін. Қазір IТ заманы. Ондай проблемалар туындамайды. Іnstagram, whatsapp, telegram каналдары арқылы өзіміз жасап отырған қыз жасауын Қазақстанның кез келген жеріне жіберіп жатырмыз. Атыраудан, Қарағандыдан, Түркістан облысынан көптеген тапсырыс аламыз. Мысалы, мына тігіп жатқана жасауды Астана қаласынан алдық. 2-3 күнде бітіріп, елордаға салып жібереміз.

Бүгінде Сандуғаш 12 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр

Кішкентай ауылда отырып, үлкен кәсіп бастауға болады. Бізге жұмысшы жетпей жатыр. Қазір тігін шеберханасында 12 қызметкер бар. Оларды тегін оқытып, бір-бірімізді қолдап бүгінде осындай деңгейге жетіп отырмыз.

Ауылды дамыту үшін жеке кәсіп орындары көбеюі керек деп ойлаймын. Зауыт-фабрикалар ашылса, қаншама адам жұмыспен қамтылатын еді. Қазір бізде тек мал шаруашылығы ғана бар. Мысалы, біздің шеберханаға табиғи өнім – жүн қажет. Сол жүнді өңдейтін кәсіпорын болса деймін. Біраз адам жұмысқа тұрып, дәл мынадай заманда қиналмайтын еді.

Ауылдың артықшылығы мен кемшілігі

Қалада жұмысқа барып-келу үшін кептелісте тұрасың. Көп уақытың жолда өтеді. Ауылда ондай мәселе жоқ. Табиғи өнімдер, таза ауа, жолға уақыт жұмсамайсың. Оның үстіне ауыл адамдары қаладан өзге. Оларда мейрімділік, жанашырлық бар. 

Кемшілігін кәсібіме байланыстырып айтайын. Осы тігін шеберханасын дамыту үшін бәрібір қалаға барасың. Кез келген зат қалада бар. Ауылда да солар қолжетімді болса деп ойлаймын. Ауыл да қаладай дамыса, өзімізге қажетті заттарды ала алсақ деймін.

Ауылда неге тұрамын?

Жас келін боп түскенде жастығым шығар, ауылда мүлде тұра алмаймын деп ойладым. Қалада тұрмысқа шықпай тұрып белгілі фирмада модельер-конструктор болып жұмыс істедім. Ауылға келгенде менің мамандығымда жұмыс жоқ. Қалай нәпақа тауып, тығырықтан шығамыз деген сияқты ойлар болды. Сосын басқа жұмыстар қарай бастадым. Кез келген қыз тігін, кесте деген нәрсені біледі ғой. Сондықтан ақырындап тапсырыс алып, үйден істей бастадым. Ал қазір ауылдан мүлдем көшкім келмейді. Тұңғыш қызым жақында мектеп бітіреді. "Үлкен мегаполисте сол жалғыз болмасын, дұрыс білім алсын"  деген ой келгенде ғана көшкім келеді, ал ауылдағы кәсібім мен тіршілігімді ойласам мүлдем ауылдан кеткім келмейді. Өйткені маған осы жерде ыңғайлы. Сондықтан қалаға көшетін дәл қазір жоспарым жоқ.

Өзіміздің бизнесті құру үшін 10 жылдан аса уақыт кетті. Қалаға бару үшін тұрақты жұмысың мен үйің болуы қажет. Ол үшін тағы да бірнеше жыл жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда қолжетімді баспана жоқ. Оны тек несиеге немесе ипотекаға ғана аласың. Ал елімізде оның пайызы өте жоғары. Сондықтан қаладан үй алсаң қолма-қол алған дұрыс деп ойлаймын. Енді қалада осы кәсіпті жалғастыратын болсаң бәрін басынан бастайсың, оған бірнеше жыл кетеді.

Сандуғаш бізге сосын екінші бөлмесін көрсетті. Бұл жерде келген клиентті қабылдап, киім өлшейді екен. Келген қонақтар күтіп қалған жағдайда іш пыспауы үшін оларға түрлі жағдай қарастырылған

Сандуғаш тек тігін шеберханасымен ғана шектеліп қана қоймай, оны жүргізу үшін SМM, таргет мамандықтарын үйренген. Ол үшін арнайы курс оқыпты. Қазір соның арқасында онлайн тапсырыс қабылдап отыр

Өзінің жұмысын көрсету үшін осы аралықта бірнеше республикалық байқауларға қатысқан. Бірнеше жүлделі орындарға ие болған. Мысалы, былтыр Талдықорған қаласында құрақшы көрпелер арасындағы байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталған

Сандуғаш сонымен бірге ауылдағы колледжде тігін шеберлігі бойынша студенттерге дәріс өтеді. Бұл еңбегі де елеусіз қалмай білім министрі атынан алғыс хатпен марапатталыпты

Ол студенттерге дәріс өте жүріп өзі де біліктілігін арттыру үшін тәжірибеле мамандардан оқиды екен.

"Соның бірі Гүлістан Жандосқызы деген Қазақстанға белгілі құрақшы шебер ханым бар. Сол кісіден сабақ алдым", - дейді Сандуғаш.

Жастарға ұсыныс

Қазір дамыған заман. Жастар соған сай жан-жақты болса деймін. Бірнәрсемен тоқтап қалмауы керек. Адам дамуы үшін білім артық болмайды. Тоқтаусыз даму үшін бәріміз ізденеміз. Мысалы, кейбір кісілер мамандығымен өзіне шектеу қойып тастайды. 

Мысалы, мен тігіншімін. "Кәсіпкерлікті дамыту үшін SMM, таргет не үшін керек?" деп өзіме шектеу қойсам, қазір осы дәрежеге жетпейтін едім. Сол себепті жастарымыз дамып отырса, елімізде гүлденер еді.

Ауылда тұрып та дамуға болады

Қазір заманның дамығаны сонша кез келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге болады. Мысалы, ауылдағы мұғалімдер ауылда отырып-ақ басқа қаладағы балаларға онлайн сабақ беріп жүр. Ауылда отырып дамуға болмайды дегенгі түбегейлі қарсымын.

Кәсіп бастауға туыстарыңның көмегі зор

Кәсіп бастауға жақындарыңыз, айналаңыз тіпті бүкіл танысыңыздың сенемі үлкен рөл ойнайды. Жаңа айтып өткендей оған менде 10 жыл уақыт кетті. Оның 8 жылын балалармен отырып, тапсырыс қабылдадым. Осы Жалаңаш аймағының өзінде 9 ауыл – Саты, Кіші Жалаңаш,  Үлкен Жалаңаш, Жіңіщке, Алғабас, Тоғызбұлақ т.б бар. Бұл жерлерде 6 мыңға жуық халық тұрады. Басында әр мектептегі мұғалімдердің біркелкі формаларын тігіп бастадық. Үйде тапсырыс қабылдадым. Баламен отырып жұмыс істедім деп айтып өттім ғой. Бірақ маған үлкен қолдау жолдасым тарапынан болды. Ата-енем бала тәрбиесімен үй шаруасына қолғабыс етті. Қазақта: "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас" деп айтады ғой. Дәл осы дәрежеге жалғыз өзім жеттім деп айта алмаймын. Отбасымның қолдауымен тігін шеберханасын ашып, осынша адамды қызметпен қамтып отырмын. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей барлығымыз бірігіп, осы кәсіпті дамыттық.

Кәсіп бастаймын десеңіз

"Дәл осы кәсіпті бастасам бола ма, жүріп кете ме?!" деп жүрегіне күдік ұялап жүрген жастарға айтарым, әлбетте жүреді. Себебі, адам күнделікті ішетін тамақ пен киімге өте мұқтаж. Сол себепті киімдер түрлі стандарттарға бөлінеді. Олар адам бойына бірден қона қалмайды. Тігін шеберханасы тоқтамай дами беретін сала деп ойлаймын. Кәсіп бастаймын десеңіз тәуекел! Қазақта "тәуекел түбі жел қайық, өтесіңде кетесің" деп бекер айтпаған. Ал қателікті тәжірибе деп қабылдау керек.