Қарлы Алматы. Сүңгі мұздар мен көктайғақ жолдарға кім жауапты?

Қарлы Алматы. Сүңгі мұздар мен көктайғақ жолдарға кім жауапты?

Шатырдағы мұздар адамдарға қауіп төндіреді, өйткені кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Егер ол адам басына түссе, салдары ауыр болады. Сүңгі мұз тек адамдарға емес, ғимараттардың маңында тұрған көліктерге де қауіпті.

Биыл Алматыда қыс ерекше суық. Соның кесірінен шатырда жиналып, еріген қар мұз болып қатып жатыр. Ғимарат пен үйлердің қасына өткенде ұзын мұз сүңгілерінің төбеден төніп тұрғанының куәсі боласыз.

Осыдан бірнеше күн бұрын қала тұрғындарына құлаған мұздан абай болу керек екені туралы ескерту берілді.

Алматы қаласы Алмалы ауданында мұндай үйлерді көп кездестіресіз.

Бұл мәселе бойынша Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Айтқановқа хабарластық.

"Оны енді жергілікті МИБ басшылары шешеді. Бұл істі шешу сол қызметкерлердің міндеті. Себебі, тұрғын үй иелелері шығын үшін ақшасын төлейді. Сол қаражатпен МИБ қызметкерлері мұзды алып тастау жұмыстарын жүргізуі керек", - деді Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.

"Бұл үйлердің нақты мекенжайымен маған жіберіңіз. Мен МИБ басшыларына тапсырамын. Шара қолданады", - деді Руслан Айтқанов.

Адамға сүңгі мұз бөлігінің құлауы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттарға алып келеді.  Мұның бәрі ұшу биігі мен мұз көлеміне байланысты. Мұз сүңгісі ғимараттың астынан өтіп бара жатқандарды өлтірген жағдайлар да кездеседі.

Мысалы, сүңгі мұздың кесірінен 2018 жылы Алматыда 60 жастағы әйел қаза тапты. Дәл сол жылы Оралда да бір ер адам қаза болды.

Жыл сайын жоғарыдан құлаған мұздан бірнеше адам зардап шегеді. Тіпті мұз құлауы кесірінен балалар да қайтыс болады. Ақтөбе облысында 6 жастағы бала сүңгі мұздың кесірінен қаза тапқаны барлығының есінде шығар.

Бір қарағанда мұз шатырға нық жабысып тұрған сияқты көрінеді. Бірақ кез келген жағдай, тіпті әлсіз желдің өзі оның жоғарыдан құлап кетуіне себеп болады. Мұздың құлауынан абай болу керек, ғимараттардың қабырғаларына, балкондардың астына жақындамауға тырысыңыз. Шатырдан мұздар немесе қар қабаттары құлап кетуі мүмкін жерлерден аулақ болған жөн.

Аматыда көктайғақтан құлап, жарақат алғандардың саны 200-ден асты

Қыстың көзі қырауда Алматыдағы тағы бір мәселе жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың дұрыс тазаланбауы. Соның кесірінен көктайғақта құлап, жарақат алып жатқандар саны артып жатыр.

Алматыда көктайғақтан құлап ауруханаға түскендер саны 200-ден асты, 11 адам үсіп қалған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері мәлім етті.

"10 қаңтардан бері 216 адам ақ халаттылардың көмегіне жүгінді. Олардың басым бөлігі түрлі дене жарақатын алған", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

Темірханов Еламан есімді азаматтың көлігі жол шетінде сырғанап тұрып қалған. Көлігінің жолға шығуына оған екі жігіт көмектесіп жіберді.

"Қазір жол тайғақ. Үлкен көшелер қардан тазаланған. Мынадай кішкентай жолдарда әлі қар жатыр. Көлікпен сондай көшелерге кіргенде тайғанақтап тұрып қаламыз. Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, мен жолға шыға алмай сырғанап біраз тұрдым" - дейді ол.

Мassaget.kz порталының тілшісі көшедегі адамдардың да пікірін білді. Олардың кейбірі тазаланбаған жаяу жүргіншілердің жолына шағым айтса, басқалары қалың қардың салдарынан бұған жауапты қызметкерлердің үлгермей жатқанын айтады. Солардың бірі –- алматылық Аида.

"Биыл Алматыға қар қалың жауды. Олар жолды тазалап жатыр. Бірақ үлгермейді. Тазаланбаған тротуарларға құм, тұз себілгенін көрдім. Жалпы өзімнің оларға ешқандай шағымым жоқ. Иә, кей тротуарлар тазаланбаған. Жүргенде қиналамыз. Бірақ енді не істейсің? Барлығы идеал болуы мүмкін емес қой", - дейді ол.

Суреттерді түсірген Ернар Алмабек