Мұнда күніне мыңға жуық адам өртеледі. Неге әрбір үнді Варанасиде өлуді армандайды?

Мұнда күніне мыңға жуық адам өртеледі. Неге әрбір үнді Варанасиде өлуді армандайды?

Үндістандағы Варанасиде, Ганг өзенінің жағасында күн сайын мыңға жуық мәйіт өртеледі – үнділер қасиетті деп санайтын қалада өртенген адам тікелей нирванаға барады деп есептейді. Варанасидегі Ганг өзенінің жағалауында ол үшін көптеген гхаттар салынған. "Гхат" дегеніміз мүрде өртейтін орын. Солардың ең үлкені Маникарника. Massaget.kz порталының фотографы Ернар Алмабек осы танымал орынға барып, фоторепортаж жасады.

Католиктерде Ватикан немесе мұсылмандарда Мекке қандай қасиетті орын болса, үнділер үшін де Варанаси сондай мәнге ие. Қала 3 мың жыл бұрын салынған. Бірақ жергілікті тұрғындар оның тарихын 5 мың жылдан бастайды.

Варанаси – үнділердің басты қажылық орны. Олардың ілімі бойынша бұл қала Жердің орталығы саналады. Діни қызмет Ганг өзенінің бойындағы жағалауда орындалады. Мұнда үнділер ең танымал рәсім – тазарудан өтеді. Күн сайын сол үшін қалаға ондаған мың адам келеді.

Сонымен бірге, әрбір үнді Варанасиде өмірін аяқтауды немесе кем дегенде оның денесі осында өртелуді, ал күлінің қасиетті Ганг өзеніне шашылуын армандайды.

Салт жергілікті стандарттар бойынша жүзеге асырылады және арзан емес. Сондықтан бұл рәсімді бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді.

Өйткені индуизм діні реинкарнацияны құптайды, бұл олар үшін өте маңызды рәсім. 

Адамдар "Варанисиде, қасиетті Ганг өзенінде қайтыс болсақ, көп сауап жинап, жоғары кастада, бай-бақуатты отбасында қайта өмірге келеміз" деп сенеді.

Сондықтан,олар өмір бойы ақша жинайды, қандай да бір инвестиция құяды.

Бірақ Варанасиде барлық адамды кремацияламайды. Бұл жерде балалар, жүкті әйелдер, эпидемиядан қайтқан адамдарды және садхуларды (дінге берілген адамдар) Ганг өзеніне апарып, денесіне тас байлап, суға батырып жібереді.

Ол үшін қайықтар гхат жағалауында тұрады

"Варанасиде адам өртейтін гхат көп. Шамамен 80-нен асады. Маникарника соның бірі ғана. Мұнда күніне 800-1000 адамның мүрдесі өртеледі. Сырттай қарасаң, мүрделер бірінен кейін бірі келіп жатады. Үсті матамен оралып, гүлмен көмкерілген. Табыт сияқты ағашқа жатқызылады екен. Төрт не бес адам көтеріп, Ганг өзеніне шомылдырады. Сосын қайта алып шығып, өртеуге апарады. Бір уақытта бірнеше жерде мәйіттер өртеліп жатады. Оған қарап тұратын адам көп", - дейді Ернар Алмабек.

Қарт адамдар өлу үшін Варанасиге келеді

"Иә, сондай деректі естідім. Бірақ өз көзіммен көрмедім. Үнділер үшін Ганг өзені қасиетті саналады. Варанаси - сол өзеннің бойында орналасқан шаһар. Бұл қалада қайтыс болу олар үшін арман", - дейді Ернар Алмабек.

Бұл жерде адамдардың қайтыс болуы үшін арнайы қонақүй сияқты орындар бар. Олардың кейбірі жүздеген жыл бойы келушілерге қызмет етіп тұр.

Бөлмелерді ауру, ажалым жақын дегендер жалға алады. Бағасы 100 мың рупи (563 мың тг). Егер адам 15 күн ішінде фәниден бақиға аттанбаса бөлмені босатады.

"Үндістанның төрт қаласында болдым. Дәл осы Варанасиде қарттарды көп көрдім. Бұл енді жоғарыдағы жағдайға қатысы бар ма, жоқ па, білмедім. Варанаси қасиетті шаһар болғандықтан да мұнда қарттар көп келетін шығар деп ойлаймын. Бір жағдайды айтайын. Адамдар қайтыс болған туыстарын өртеу үшін Варанасиге, Гангтың жағасына Үндістанның түкпір-түкпірінен келеді екен. Мысалы, біздің бір танысымыз Делиде жүргенде әжесі ауырып жатқанын айтты. Бір аптадан кейін "Әжеміз қайтыс болды. Қазір Делиден Варанасиге жолға шығып барамыз" деп хабарласты. Түсінгенім бойынша, мәйітті сонда апарып, өз дәстүріне сай өртеген", - дейді фотограф.

Варанасиде кремация қанша тұрады?

Варанасиде мүрденің өртелуі арзан емес. Интернеттегі ашық дереккөздерге сенсек, оған 300-400 кг сапалы отын кетеді. Айтпақшы, бұл жерде электронды пештер де бар. Оның бағасы 500 мың рупи (28 мың тг). Бірақ кедейлер үшін бұл да қомақты қаржы. Ал дәстүрлі өртеу 20 мың рупиден (112 мың) басталып марқұм туыстарының немесе өзінің қалтасына қарай шексіздікке жалғасады.

"Көп отын кетеді. Белгілі бір салты бар. Оны сырттай бақыладық тек. Жақындауға ұялдық. Өйткені қанша дегенмен адамдарда қайғы болып жатыр. Артық сұрақ қою ыңғайсыз. Мысалы, бізде бейіт басына туристер келіп, "Сонда жерді қалай қазасыңдар? Адамды қандай матаға орайсыңдар?" деп сұрап жатса, мынау жынды ма дейсің ғой. Өзіміз туралы солай ойламас үшін, ондай сұрақты көп қоймадық", - дейді Ернар Алмабек.

Жергілікті жұрт не дейді, Ганг өзенінде қайтыс болу оларға неге маңызды?

"Гангтың аңызы ұзақ. Үнділер соны айтқанды жақсы көреді. Бұл өзен олар үшін өте қасиетті. Қанша лас деп жатса да олар бұл өзенге шомылудан, оның суын ішуден бас тартпайды. Тіпті мәйітін шомылдырып жатқан жерде де адамдар аузын шайып тұра береді. Жиіркенбейді. Ганг әлемдегі ең үлкен өзендердің бірі. Ежелден осы өңірді сумен қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті де үнділер бұл өзенді қастерлеп, түрлі аңыз ойлап тапқан шығар. Айтпақшы, Варанасиді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған осы Ганг қой. Өзен жағасында үлкен су тазалайтын фильтр тұр. Сол жерден ауыз су қалаға тарайды", - дейді фотограф.

XV - XVІІ ғасырларда Варанасиде өте көп храм мен гхат салынған екен. Кейін олардың көбі су астында қалған немесе су шайып кеткен. Бірақ қазір де Маникарника сияқты гхаттар 365 күн, 24 сағат бойы адамдарға қызмет етіп тұр.

Варанасиге қалай баруға болады?

Үндістанға саяхаттау үшін виза қажет. Оны алу үшін мына құжаттарды жинайсыз:

1Кемінде 6 айға жарамды төлқұжат;
2. Өлшемі 5 х 5 см + фотосуреттің 2 данасы және электронды нұсқасы;
3. Шотта қаражаттың болуы туралы банктен анықтама - 1500 доллар - ағылшын тілінде
4. Кәсіпорынның түбіртегінде лауазымы, жалақысы және жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама - ағылшын тілінде;
5. Әуе билеттерінің көшірмелері;
6. Қонақүйді брондау.

Алматыдан Делиге ұшақпен жеттік. Одан кейін Варанасиге бару үшін автобусқа міндік. Екі орта 800 шақырым екен. Сол себепті жатып баратын автобусқа билет алдық. Түнімен жүріп, таңда түстік. Қонақ үйді өзеннің жағасынан алдық. Өте әдемі. Терезеден қарасаң айналаға керемет көрініс ашылады. Мұнда турист көп келетіндіктен, барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ жергілікті асханадан бөлек, шетелдік асхананың тағамдарын да оңай табуға болады. Көне Варанасидің көшелері тар. Тіпті кейбіріне көлік сыймайды. Сол себепті ол жақта бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келетін кездер болды. Өте әдемі қала. Бізге қатты ұнады", - дейді Ернар Алмабек.