Шашты күн сайын жууға бола ма? Стилист мифтерді жоққа шығарды

Шашты күн сайын жууға бола ма? Стилист мифтерді жоққа шығарды

Стилист мамандығының қашан пайда болғаны нақты белгісіз, бірақ көне өркениеттердің билеушілері сәннің негізін қалаушылары деген пікір бар. Эстетика ұғымының пайда болуымен сұлулық туралы ілім – сән және стиль өнері дүниеге келді. Алғашқы трендтерді ежелгі Грекия ханшайымдары жасады. Олар шаш үлгісін жиі өзгертетін, ал халық олардың сырт келбетіне еліктеді.

Бірақ бұл саланың нағыз гүлденуі ХІХ ғасырда басталды. Дәл осы кезеңде сән индустриясы, жоғары сән, маусымдық трендтер және бүгінге дейін бар сән үйлері пайда болды.

Ұзақ уақыт бойы стиль өздігінен дамып, "стилист" мамандығы кино дәуірінде ғана нарыққа қадам басты. Атақты адамдар киім, макияж және шашты дұрыс үйлестіруге көмектесетін жеке көмекшілер ала бастады. Біраз уақыттан кейін мұндай көмекшілер "стилист" деп аталды.

Бүгінде стилист мамандығы өте танымал. Алматыдағы сондай стилистердің бірі – Қанат Құдайберген.

Оның шаш сәніне деген қызығушылығы 6 жасынан басталған. Отбасындағылардың шашын сол кезден бастап сәндей бастаған. Өсе келе "бұл салаға маған баруға болмайды. Қыздардың жұмысы" деп ойлап, басқа мамандық таңдаған.

"Полицияда бір жыл қызмет атқардым. Тағдыр бәрібір стилистикаға алып келді. Ары қарай осы кәсіпті жалғастырып, оқыдым. Шетелдерге барып тәжірибе жинақтадым. Ыстамбұлда білімім жетілдірдім. Алматыға Италия, Германия, Франциядан келген мамандардан сабақ алдым. Кейін осы орталықты аштым", - дейді ол.

Қанат Құдайберген Алматыда шеберлік дәрісін өткізіп тұрады.

"Маған келген шәкірттер 1,5 ай ішінде бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жатыр", - дейді ол.

Маман шаш күтіміне қатысты ең жаңа трендтік процедураларға сенуге болмайтынын, кейбірі құр маркетинг екенін айтады.

"Шашты күйдіретін бояулар немесе шашқа қатысты басқа да нәрселер - негізінен маркетинг өнімдері. Мысалы, фармацевтиканы алайық. Ол нағыз маркетинг. Сол сияқты шашқа қатысты химиялық бояулар алдымен адамның денсаулығын емес, өз қалтасын ойлайды. Себебі, нарық заманы соны талап етеді", - дейді маман.

Қанат Құдайбергеннің айтуынша, адам шашына қалай күтім жасаса, өзі де сырт көзге солай көрінеді.

"Шашты күнде жууға болмайды" деп айтып жатады. Бұл пікірмен келіспеймін. Күнде жууға болады. Адам өзіне ұнайтын, шашына қолайлы сусабын, бальзам табуы керек. Қазіргі таңда адамдар жұмысқа барса да, кездесуге барса да өзіне күтім жасауы қажет. Өзіне қарамайтын, шашы майланып жүретін адамдарды ұнатпаймын", - дейді ол.

Ол шаш күтіміне үйде пайдаланылатын сусабыннан бастап майларға дейінгінің бәрі бір брендтен болғаны жөн дейді.

"Сусабын мен бальзам бір брендтен болғаны дұрыс. Олар әртүрлі болса кейде сәйкес келмей қалуы мүмкін", - дейді маман.

Қанаттың айтуынша, шаш күтімі алдымен адамның ішкі саулығынан басталады.

"Шаш - тірі, ол өседі. Адамды сұлу етіп көрсетеді. Оған қалай күтім жасасаң, өзің де солай болып жүресің. Дұрыс күтім деген тазалық. Ең алдымен түсініп алатын жағдай мынау: шаш сау болсын десең ішкі жан-дүниең, ағзаң сау болуы керек. Әйтпесе, сусабын, бальзам және басқа да дәрілік заттар көмектеспейді. Егер ішкі-құрылыста проблема болса, шаш та сау емес деген сөз", - дейді маман.  

"Жақсы стилист алдымен жақсы психолог болуы керек секілді. Алдына имиджін өзгерткелі келген адам бейсаналы түрде жаңа өмірге, амбицияларға ұмтылатындай көрінеді. Осындайда белгілі бір қағидаларға жүгіне отырып, клиенттің қалауын табуың керек. Стилист - алдымен эстет, өйткені бұл саланың маманы бәрін сұлулықпен қабылдайды. Сіз адаммен жұмыс істегенде, оның белгілі бір киіміне немесе басқа бет-бейнесіне мән бермейсіз. Сіз оны тұтас, ешкім мән бермейтін ұсақ-түйек бөлшектеріне дейін көре білуіңіз керек. Сонда сіз бәріне ұнайтын стильді қалыптырасыз", - дейді ол.

Суреттерді түсірген Өмірбек Сансызбай