Үй мысығы да жыртқышқа айналады

Үй мысығы да жыртқышқа айналады

30 қараша – Дүниежүзілік үй жануарлары күні. Идея 1931 жылы Флоренцияда (Италия) өткен табиғатты қорғау қозғалысын жақтайтындардың Халықаралық конгресінде алғаш рет айтылды. Көптеген экологиялық ұйымдар, табиғатты қорғау қоғамдары хайуанаттарды, соның ішінде үй жануарларын аялауға шақыратын жаппай шара ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

Жалғыз өмір сүретін, я болмаса жаны мейірімге зәру жандар үй жануарын асырауға құмар келеді. Өзіндегі жылулықты соған төгіп, сол арқылы өзін көркемдікке тәрбиелеуге ұмтылады, әрі кейбірінің ермегі де сол. Ал кейбір кісілер баласы немесе қызы жақсы көргені үшін үйге бағуға мәжбүр болып жатады. Мәселенің бәрі осы жерде туындаса керек. Мысалы, бұған дейін жан-жануарларға зорлық-зомбылық көрсеткен, әлеуметтік желіні шулатқан оқиғалар аз кездескен жоқ. Психологиялық ауытқуы бар, сондай-ақ, бала кездегі жан жарасы ішінде қалып кеткен жандардың барлық негативін шығаратын бейкүнә үй жануарлары болды. Егер алдын алу шарасы жүргізілмесе бола да берер ме еді, кім біледі?! Әңгімені арыға созбай, біз бұл фоторепортажымызды адамдар ең көп асырайтын үй жануары мысық жайлы, оның күтімі, сондай-ақ қараусыз қалғанда көмек қолын созатын шағын волонтерлік ұйымдар мен арнайы "қонақ үйлеріне" арнаймыз. 

Жалпы Қазақстанда мысықтарды асырайтын біршама ұйым, үй бар. Алматы қаласынан да біразын кездестіресіз. Бірақ олар немен айналысады, оларды кім қаржыландырады, оған олардан қандай пайда бар немесе оларды бағып сата ма деген сынды көптеген сұрақтар туындайтыны заңдылық. Біз де осы сұрақтың айналасында жауап алу үшін "Котопес" орталығына барып репортаж жүргізіп қайттық.

Мысықтарды бағатын орталық көпшіліктің көмегімен жұмыс істеп келеді екен. Десе де бұл орталықтың өзіндік тарихы бар. Алғаш бұл үйді жалға алып, еріктілер жұмыс жүргізуді бастаған. Көлік басып кеткен, иелері зәбір көрсеткен ауыр халдегі мысықтарды арнайы клиникаларға алып барып емдетіп, кейін өз қамқорлықтарына алыпты. Кейін үйдің иесі аяқ-асты үйін сатылымға қоятын болып, орталыққа ертерек босатып беруін сұраған. Ең қызығы осы аралықта не істерлерін білмей сасып қалған орталыққа аты-жөнін белгісіз қалдыруды ұсынған азамат қолдау көрсетіп, үйді сатып алып беріп, «Котопеске» сыйға тартқан. Содан бері үздіксіз жұмыс жүргізіп жүрген бұл орталықта дәл қазір 70-ке жуық мысық бар.

Айжан Сәкежанова, "Котопес" орталығының қызметкері

Жұмысымнан шығып қалғандықтан, басында жай жүргенше өзіме ұнайтын дүниемен айналысқым келді. Содан мысықтарға көмектесу үшін еріктілер қатарына қосылдым. Біраз уақыт үздіксіз жұмыс атқарғанымның арқасында осы орталықтың бір мүшесіне айналып кеттім. Бір күні телефоныма қоңырау келіп түсті. Қарасам орталық басшылығынан екен. Бізге таңнан кешке дейін мысықтардың жанында болып, жағдайларын бақылап, дәрі-дәрмектерін беретін қызметші керек. Көптен бері өзіңнің тегін жұмыс істегеніңді білеміз. Бірақ бұл жолы көп болмаса да ақылы деп түсіндірді. Әрине мен қуана келістім. Содан бері осы жердемін.

3 қыз кезектесіп жұмыс істейміз. Осы орталықтан өзіме ұнаған екі мысықты үйге бағып алдым. Сондай-ақ осы жердегі барлық мысықтың аты мен қандай жағдаймен келгендерін жатқа білемін. Барлығына бірдей көңіл бөлуге тырысамын.

 

Далада қалып, табылғанын жеп, болмаса өзі аулап алып жыртқышқа айналып кеткен мысықтар үй жағдайына тез бейімделеді. Алайда адамдар секілді бұларда да ауру түрлері көп. Мысалы, онкологиялық, тері аурулары т.б. 

Сол себепті ауыр жағдайда келген мысықтар бірінші клиникада емдеп, екпе салдырып, сол жерде ат қойылып, арнайы құжат жасалады екен.

Ең қызығы адамдар көшеде қаңғып жүрген мысық көрсе болды хабарласуға ұмтылып, тіпті келіп алып кетіңдер деп жатады. Бірақ бір нәрсені басты назарға ұсынайын. Мысықтың далада жүргендерін аулада тұрғындар арнайы тамақтандырады. Яғни олардың жағдайы басқалардан дұрыс деген сөз. Біз тек ауыр халдегі мысықтардың өмір сүріп, қатарға қосылып кетуіне көмектесеміз. Мысалы, осы орталыққа бір мысықтың бір аяғы үгітіліп кеткен, біреуі тіпті адам көрсе қорқып қашатын жағдайда келген болатын. Өзіңіз ойлаңызшы даладағы мысықтардың барлығын жинап алатын болсақ оны қайда сыйдырамыз?! Оны кім тамақтандырады?! Сол үшін адамдар хабарласпас бұрын мысықтың жай-күйіне қарап барып бізді іздесе деген ниет, - дейді Айжан.

Үй жануарларын қорғау, оларды аялап ұстауға бағытталған орталықтың әлеуметтік желіде парақшалары бар. Сол жерде бір жануарды емдеуге, тамақтандыруға қор жиналып отырады екен. Одан бөлек өзін жасырын қалдырғысы келетін демеушілер де баршылық. Әрине олардың көбі ірі компаниялар екен. Біреуі мысықтардың тамақтарымен, біреуі ойыншықтармен деген сияқты. Әрине, сіз де қолыңыздан келгенше қамқоршы болуға еш кедергі жоқ.

Үйде ұстайтын мысықтарды далаға шығарып жібермеңіз. Сонымен қатар барлығын залалсыздандырып отыру міндетті. Біріншіден ол көбеюдің алдын алады, екіншіден жыныстық аурулар мен онкологиялық аурулар болмайды, - дейді Айжан.

Бір бөлме дені сау, жазылып шыққан, еш қорқынышсыз ортаға жіберуге болатын мысықтардың ойын алаңы болса, бір бөлме карантин бөлмесі. Ол жерде клиникадан енді шыққан, жарақаты ауыр, көп қозғалуға болмайтын әлсіз мысықтар орналастырылады.

Оларды да ортаға жібере салуға болар еді, бірақ олардың имундық жүйесі де, физикалық тұрғыдан да әлсіз. Толық жазылып шыққанша қамқорлықта болады. Сондай-ақ сырттан келген мысық міндетті түрде клиникада тексеріліп келеді. Олай етпеген жағдайда сап-сау мысықтарға ауру жұқтырса екі есе шығынға ұшыратады. Шығын демекші зооклиникаларда еріктілер мен қамқоршы орталықтарға 50 пайыз жеңілдік беріледі екен.

Осы орталыққа күніне мысық асырап алғысы келетін бірнеше адам хабарласады. Дегенмен оларды әбден зерттеп, зерделеп алған соң барып мысықты иелікке береді. Иелікке алған адамдар 1-3 ай көлемінде телефон, сурет арқылы есеп беріп отырады. Мысық әбден сіңісіп болғанда ғана орталық қызметкерлері мазаламайды. Тіпті кейде өздері де қазір тамақ ішіп жатыр, еркелеп жатыр, ойнап болды деген сынды суреттер жіберіп отырады екен.

Біз қазір үйсіз мысықтар туралы әңгіме қозғадық, ендігі әңгіме үйі де, күйі де бар мысықтар туралы болады. Бұған дейін мысықтардың арнайы қонақ үйлері бар екенін біліп пе едіңіз? Және ол мысыққа ғана емес жалпы үй жануарларына арналған. Бірақ біз мысыққа ғана тоқталамыз.

Иә, мысықтарда да "қонақ үй" бар. Эконом мен бизнес және VIP болып бөлінетін бөлмелері де қарастырылған, қымбат тамақтары бар, кезекпен ойнатып тұратын қызметшілері бар кәдімгі қонақ үй. Осыған байланысты бағалары да әртүрлі. Күніне 2000-4000 тг аралығында. Бөлме дегенде адамдар тұратын толық бір бөлме емес, кәдімгі арнайы жасалған торлар (клетка).

Ішінде су, тамақ ішетін ыдыстары және дәретхана құмы орналасқан. Мысалы, эконом 1 этаждан тұратын бір мысыққа ғана арналған орын. Бизнес екі этаж, тамақтанатын және демалатын, ойын ойнайтын бөлмеден тұратын, 2 мысық сиятын орын. Ал VIP аты айтып тұрғандай-ақ, балконына дейін бар бөлме.

Бір үйдің 3-4 мысығы болса солардың барлығы бір торда болады. Ол мысықтарды көбінесе иелері іссапарға кеткен, шетелге ұшып кеткен немесе үйлерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан адамдар белгілі бір уақытқа ақшаларын төлеп өткізіп кетеді.

Бұл жердегі мысықтарды ешқашан бірге ойнатпайды. Әрқайсысының өз уақыты бар, сол бойынша ойын алаңдарында сергітіп отырады. Олай жасамаса бір-бірімен жарасып, тіпті ертең кішкентай марғаулар пайда болуы мүмкін.

Бұл жердегі мысықтардың көбі қымбат асыл тұқымды десе де болады. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Көбінесе иелері тамақ, ыдыстарын өздерімен бірге әкеліп тастайды. Олай болмаған жағдайда қонақ үй қамтамасыз етеді, бірақ ол да ақылы.

Мынау бір үйдің 3 мысығы. Екеуі – еркек, біреуі – ұрғашы. Ұрғашысы ұрысқақ, еркегінің қайсысын қолға алсаң да қызғанышын білдіріп, қашан жібергенше мияулай береді.

Ал мына мысық ұрғашы мысық, ылғи да ойнатуға шығарсаң осы торға келіп еркек мысыққа «Мен сені жек көрем» деген сияқты өзімен өзі тиісіп кетеді екен. 

Немесе еркек мысық ойынға шықса "сен кет, жолама маған деп тордың ішінде айқайлап тұрады" - дейді Настья.

Қонақ үйге келетін мысықтар негізінен залалсыздандырылған. Денсаулықтары тексерілген, екпелері уақытылы алынған. Сол үшін де еш қорқыныш жоқ.

Настья Боднар, "К-9" қонақ үй қызметшісі

Бұл мысықтың басқа мысықтардан өзгешелігі – өте қу. Иелері үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандықтан бізге келгеніне 2 ай болды. Өздеріңіз байқағандай, өзге мысықтардың торында кілт сұғулы тұрады. Ал бұл мысықтан кілтті бөлек алып қоямыз. Себебі 2 ай уақыттың ішінде адам сияқты кілтті бұрап ашып, мына жердегі тамақтарды шашып, ойына келгенін істейтін болған.

Мысық сынды үй жануарларының арнайы салондары да бар. Бұл жерде үй жануарларын жуындырып, жүндерін қырқып, әдемілейді. Ол "грумминг" деп аталады. 

Таңғаларлығы үй мысығына қарағанда далада қаңғыбасқа айналған мысық өте ақылды болады. Олар адам психологиясын меңгерген, тез бейімделгіш, тіл алғыш келеді. Ал үй мысықтары ерке, өз дегенін істетпесе қоймайтын бірбеткейлеу болады екен.

Мысық жайлы қызықты ақпаратпен де бөлісіп қояйық.

Мысықтар жер бетінде пайда болған ең алғашқы жануарлардың бірі. Олай дейтініміз ең алғаш ежелгі Мысырда мысыққа табына бастаған.

Мысықтың мұрнында ғана 19 миллион жүйке талшығы бар. Ал адамда бар болғаны – 5 млн. Мысықтың мұрны адамның саусақ ізі немесе зебра денесіндегі жолақтар сияқты бір-біріне ұқсамайтын ерекшелікке ие.

Мысықтардың есту қабілеті өте жақсы дамыған. Олар 64 кГц жиіліктегі дыбыстарды ести алады. Адамдар ең көбі 20 кГц дыбысты ести аламыз.

Мысықтың иттен айырмашылығы, олар тәтті дәм сезбейді, сондықтан да құмартпайды. Ғалымдардың пікірінше, бұл негізгі дәмдік рецепторлардың біріндегі мутацияға байланысты.

Олар орташа есеппен алғанда тәулігіне 16 сағат ұйықтайды. Марғаулардың көп ұйықтайтынының себебі – олардың өсу гормоны адамдікі секілді тек ұйқы кезінде бөлінеді.

Мысық өз бойынан 5 есе жоғары биіктікке секіре алады.

Мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар, ол – мысық.

Әлемнің әр елінде мысыққа байланысты сан алуан салттарды өмірлеріне енгізген: орыс халқы жаңа үйге, пәтерге қоныстанар алдында сол баспанасына әуелі мысықты кіргізеді. Мұндағы: мысық үйді тылсым күштерден тазартады деген наным-сенім. Көп халық «қара мысық алдыңды кесіп өтсе, жолың болмайды», - дегенге сенеді, ал британдықтар пен австралиялықтар үшін, керісінше, қара мысық – сәттіліктің белгісі. Бірқатар елдердің халық емшілерінің айтуынша, мысық иесінің қай жері ауырса, сол жерге барып жататын көрінеді.

Егер мысық кіреберісте немесе терезе алдында тазалана бастаса, демек үйге қонақ шақырып жатыр деп есептеген. Ал есік алдынан кетпей отырып алса, тылсым күштер немесе лас энергияны үйге кіргізбей ұстап отыр деген белгі.

Көп халықта мынандай сенім бар:

  • қара түсті мысық үйді жаман энергиядан қорғайды;
  • жирен мысық отбасындағы берекені көбейтеді;
  • ақ түстісі махаббат пен достықты сақтайды;
  • сұр мысықтың емдейтін қасиеті бар;
  • үш түсті мысық қаржылық жағынан сәтілікке бастайды.

Мысығы бар адамдардың инфаркт немене инсульт болудың қауіпі 30%-ға азаяды.

Сондықтан мысық баққыңыз келсе қорықпаңыз, ол сізге, сіз оған үйренісіп кететініңізге дау жоқ. 

Жануарларды қорғай білейік, қорғай жүрейік!