Өзбекстанға көлікпен саяхат: Ташкент, Бұхара, Хиуа, Самарқан

Массагет порталының фототілшісі, режиссер Ернар Алмабек жары – журналист Жазира Байдалымен бірге Өзбекстанның бірнеше қаласына саяхаттады. Алматыдан өз автокөлігімен шыққан жұп сегіз күнде Алматы - Ташкент - Бұхара - Хиуа - Самарқан – Алматы маршрутымен 3800 км жол жүріп, төрт қаланы аралап, мыңнан астам фото және видео түсірген. Сапарға 500 доллар (213.257 теңге) жұмсаған.

"Өзбекстанға саяхаттап, халқымен тілдесіп, мәдениетімен танысып, асынан дәм тату бұрыннан ойда жүрген. Сол ойды осы жазда жүзеге асырдық. Бұл елдің көне қалалары туристер арасында танымал. Ташкенттен бөлек, меймандар Самарқан, Бұхара, Хиуа шаһарларын да тамашалағысы келеді. Біз де көпшіліктің талғамынан аспай, осы бағытты таңдадық", - дейді Ернар Алмабек.

Жолда қандай қызықтар болды, осындай саяхатқа шығамын деушілер нені ескеруі керек, Өзбекстанда көлікпен жүру қиын ба деген сауалдардың жауабын Массагет порталы ұсынған фоторепортаждан таба аласыздар.

Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласы

"Жолға шықпас бұрын, бірінші кезекте Өзбекстанда карантин жағдайы қалай деген сұраққа жауап іздедік. Ақпараттық порталдарды ақтарып, жолжазбаларды оқығаннан басқа, әлеуметтік желілердегі парақшаларды да қарадық. Ең бастысы, көрші елге ПТР тест арқылы кіруге болады деген мәлімет табылды. Соны негізге алып Алматыдан тест тапсырып, жолға шықтық.

Шекараға жеткенде жағдай мүлде басқаша екенін білдік. Өзбекстанға кіру үшін Қазақстанның ПТР тесті жарамайтын болып шықты. Жаңа қаулы бойынша туристер ПТР тестін шекарада тапсырады екен. Сонымен, 100 шақты адаммен кезекке тұрып, 100 мың сумға (4 мың теңге) тест тапсырдық. Нәтижесі 15 минутта шықты", - дейді Ернар.

Көлікпен шекарадан өтуге 4 сағат уақыт кеткен. Ерлі-зайыптыларда коронавирус жоқ боп шыққаннан кейін саяхатын Ташкент шаһарынан бастаған. 

"Сапарымыздың бірінші нүктесі. Толық танысып үлгермедік. Бірақ біз күтпеген эмоцияларды сыйлаған шаһар ретінде есте қалады. Бір күнде түрлі ситуацияға тап болдық. Қарбаласқа қалай кіріп кеткенімізді байқамай қалдық. Ташкент мұңайтты, қуантты, ашуландырып, балаша мәз қылды", - дейді Ернар Алмабек. 

Ташкент-Бұхара тас жолы

Ернар мен Жазира Ташкенттен шығып, ескі жәдігерлері, көне кесенелері арқылы туристтерді бірден баурап алатын Бұхара қаласына жол тартқан.

"Ташкенттен Бұхараға апаратын 568 шақырымды 8 сағаттай жүрдік. Жолда Жизахтың самсасын жедік. Самарқанды сырт айналып, жанармай құятын бекет іздедік. Бұхараға келгенде адасып кеттік. Хостеліміз көне шаһарда еді. Жақсы адамдар жол сілтеп, тауып берді", - дейді фотожурналист. 

Бұхара көшесі

"Бұхара — көне қала және жаңа қала болып екіге бөлінеді. Көне қалада көлікке арналған жол аз, көшелері тар. Сол себепті мұндағы жұрт көбіне жаяу жүреді. Бейне бір орта ғасырдағы өмірге келіп қалғандай әсер сыйлайды. Бір байқағаным, көне қалада велосипед тебетіндер өте көп", - дейді Жазира Байдалы.

Ернардың айтуынша, ол Бұхараға 2018 жылы келген. Сол жолы бұл жерді тағы көргісі келетін қалалар тізіміне енгізген. Міне, араға үш жыл салып қайта келіп тұр. "Қателеспеппін. Бұхараның атмосферасы бұл жолы да майдай жақты. Миым тынышталып, жаным рахаттанды. Тарихымен танысып білімімді де арттырдым. Маған, әсіресе, шаһардың мейманға құшағы ашық халқы ұнады. Тар көшелерінің бірінде келе жатып кезіккен қарт әже "Балалар, қазақсыңдар ма?" деп жанымызға келіп батасын бергенде жүрегіміз жылып, ерекше риза болдық", - дейді фототілші.

Бұқара әмірлігіндегі Арк

Арк – Бұхарадағы көне қорған.  Бекініс 4 гектар аумақты алып жатыр. Қорған - Бұхараның ең көне сәулет-археологиялық ескерткіші саналады. Кезінде Регистан алаңында биік тұрған Арк күш пен ұлылықтың символы болды. Арк қабырғаларының бірінде бір кездері Бұхара әмірлігіндегі биліктің символы болған үлкен былғары қамшы ілініп тұрған.

Ернар мен Жазира Бұхарадағы атақты жерлердің бірі – Чор Бәкір (Чор Бакр) деп аталатын қасиетті аймақты да аралаған.

Чор Бәкір қорымындағы ескі заманнан қалған құдық. Мұнда келушілер әлі де құдықтан су алып іше алады.

Чор Бәкір қорымы Бұхарадан батысқа қарай 6 км жерде орналасқан және бұл жердің ежелгі атауы – "Сумитан" болған.

Х ғасырда Сумитан ауылына Бұхарадан Ходшарун деп аталатын қақпа арқылы барған.

XV-XVI ғасырларда Ходшарун қақпасы "Талипоч" деп аталды, бұл "Хан төбесі" дегенді білдіреді. Төрт ұлы әулие - Әбу Бәкір Саад Ямани, Әзірет Әбу Бәкір Хамид, Әзірет Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Фазл, Әбу Бәкір Тархан хазіреттің құрметіне бұл аймаққа Чор Бакр (төрт Бәкір) деген атау берілді.

Бұхарадағы Чашма Аюб кесенесі

Чашма-Аюб кесенесі  ХІІ ғасырға салынған. Аңыз бойынша, Киелі кітаптағы пайғамбарлардың бірі - Аюб (Әйүп) Бұхараның осы сусыз бөлігінен өтіп бара жатып, таяғымен жерді ұрған. Нәтижесінде таза, шипалы су бұлағы пайда болған. XIV ғасырда Әмір Темір әкелген хорезм шеберлері бұлақ пен құдыққа ғимарат салды.

Пой Калян

Пой Калян – Калян мұнарасының етегінде орналасқан архитектуралық ансамбль. Кешен XII-XVI ғасырларда салынған үш құрылымнан тұрады: Калян мұнарасы, Калян мешіті және Мири Араб медресесі.

Саманидтер кесенесі

Саманидтер әулеті кесенесі — Бұхараның тарихи орталығында ІХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басында Исмаил Самани (892-907) кезінде салынған.

Кесене — Орталық Азиядағы көне ескерткіштердің бірі және әлемдік маңызы бар архитектуралық ескерткіш. 1993 жылы "Бұхараның тарихи орталығы" құрамында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген және содан бері қаланың басты туристік орындарының бірі болып саналады.

Бұхара қаласының кеші

Бұхара қаласын аралағаннан кейін Ернар мен Жазира Хиуа қаласына аттанған. Олар Хорезм жеріндегі көне қалаға жетуі оңай болмаған. Қазір автобан салынып жатқандықтан, 80 шақырымдай жолсызбен, одан кейін 30 шақырым өте нашар жолмен жүруіне тура келген. 

Хиуа көшесі

Хиуаның өзі кішкентай шаһар. Мұнда 100 мыңдай адам тұрады. Туристер көбіне орталықтағы Ичан-қаланы көруге келеді. Бұл 2500 жылдық тарихы бар қамал. Айналасы биік қабырғалармен қоршалған.

Ичан-қала ішінде әлі де халық тұрып жатыр. Сол себепті кешке мұнда кәдімгі ауылдағыдай атмосфера орнайды. Дарбазаның жанында таяғын сүйеніп отырған қариялар, доп ойнап, велосипед теуіп шулаған балалар.

Мың бір түн ертегісіндей – Ичан-қала

Ичан-Қала (өзбек. Ichan Qa'la) – дүниежүзілік мұра тізіміне енген Орталық Азиядағы бірінші қала,  Өзбекстандағы Хиуа қаласының ішкі бөлігі. Ғасырлар бойы салынған (ең көне сәулет ескерткіштері XIV ғасырға жатады), бекіністер мен сарайлар, мешіттер мен медреселер, кесенелер мен мұнаралар, керуен сарайлар мен моншалар Ичан-Қаланы бірегей қала-ескерткішке айналдырған. Ескі қала 1968 жылы қала қорығының ресми мәртебесін алды.⠀

Бұл қалада "Атаманның ақыры" фильмінің кейбір эпизодтары түсірілген.

Ичан-қаладағы Кальта Минар (Келте мұнара)

Хиуа хандығының ханы Мұхаммед Әмин Хан мұсылман әлеміндегі ең үлкен және ең биік мұнара салдырғысы келген. Оның жоспары бойынша мұнараның биіктігі 70-80 метр болуы керек еді. 

Құрылыс 1852 жылы басталып, 1855 жылы биіктігі 29 метрге жеткенде кенеттен тоқтады. Хиуалық тарихшы-жазушы Агахидің жазуынша, құрылыс 1855 жылы Серахс түбіндегі шайқаста қаза тапқан Мұхаммед Әмин ханның қайтыс болуына байланысты аяқталмаған. Келте мұнараның биіктігі – 29 метр, диаметрі – 14,2 метр.

Хиуа, Ислам Қожа мұнарасы

Кешен Исфандияр ханның премьер-министрі Ислам Қожаның құрметіне аталған. Ислам Қожа мұнарасы Хиуаның символы саналады.

Ислам-Қожа мұнарасы (өзбек. Islomxo'ja minorasi) –  Хиуадағы ең биік ғимарат, оның биіктігі 56,6 метр. Бұл мұнара Орталық Азиядағы екінші биік мұнара (үшінші орында – Бұхарадағы Калян мұнарасы, биіктігі 46,5 метр,  бірінші орында биіктігі 60 метрден жоғары Үргеніштегі Құтұлық-Темір мұнарасы) саналады.

Ислам-Қожа мұнарасы мен медресесінің құрылысы 1908 жылы Хиуа хандығының билеушісі Асфандияр ханның қайын атасы мен бас уәзірі Ислам Қожаның бастамасымен басталды. Мұнара мен медресе құрылысына атақты сәулетші Құдайберған Қажы, шебер наккаши (өрнектерді жасаушылар) Ешмұхаммед Құдайбердиев пен Болта Войсов қатысты. Екі нысанның құрылысы 1910 жылы аяқталды.

Хиуадағы ұста балалар

Бұл балалардың ұстазы бар. Соның тапсырмасымен қазір олар асатаяқ істеп жатыр. Оны сырттан келген туристерге және басқаларға сатады. Осы өнерді үйрену үшін балалар ұстазына ай сайын ақша төлейді.

"Бұл шаһарда бірнеше қызық оқиға бастан өтті. Соның бірін баяндап берейін. Хиуадан қайтамыз деп жолға дайындалып жатқанда ноутбугымыз бұзылып, шұғыл жөндету керек болды. Көмекті өзіміз қоныстанған хостел иесінен сұрадық. Біз қатарлы жігіт. Ол хостелдегі жұмысын әйеліне, хостел маңындағы дүкенін шешесіне тапсырды да жөндеу орталығына ертіп барды. Мастер бір заты күйіп кеткен, соны сатып алу керек деді. Дүкен 25 шақырым жердегі көрші қала Үргеніште екен. Сонда хостел иесі еш ойланбастан көлігіне мініп, көрші қалаға барып, әлгі қажет затты әкеп берді. Заттың ақшасын төледік. Ал енді осы 5-6 сағатта жанымызда жүріп, көмектескеніне қанша ақы алатынын сұрасақ, мұның бәрін шын көңілден істегенін айтты. Ноутбугымызды алып, жақсы көңіл-күймен Самарқанға аттандық", - дейді Ернар Алмабек.

Хиуа-Самарқан жолында

Саяхатшылар Хиуадан кеш шыққандықтан Самарқанға түнгі  сағат екіден кете жеткен. "Өзбекстанға келгелі дәл бұлай шаршамаған шығармыз. Жолда бірнеше рет ұйқы қысып тоқтауға мәжбүр болдық. Шаһарға кіре сала бірінші кезіккен адамға хостеліміздің адресін көрсеттік. Ол анық ештеңе айта алмады. Сол сәт жанымыздан өтіп бара жатқан такси турист екенімізді байқаса керек, тоқтап мән-жайды білді де, жолды өзі көрсететінін айтты. Хостеліміз тура Регистанның жанында екен. Қуыс көшелерді айналып жүріп жеттік. Сонша жерден жетектеп әкелгендей болған ақ шевроленің жүргізушісі терезесінен қолын шығарып, "Жеттіңіз, әка! Жақсы демалыс болсын!" деді де кете барды. Ақы алмайтынын түсіндік. Артынан айғайлап рақметімізді айттық та хостелге кірдік", - дейді олар.

Самарқан — тарихы бай үлкен қала. Бастысы, сол тарихын көрсететін жәдігерлер сақталған. Зәулім медресе, мешіт, кесенелері көздің жауын алады. Әмір Темірдің жорықтары, Жалаңтөс баһадүр салғызған ғимараттар, Ұлықбектің өмірі мен еңбектері адамды таңдандырмай қоймайды.

Самарқан көшелері

Самарқандағы Регистан

Регистан – Самарқанның орталығындағы алаң. Сонымен бірге, "Регистан" Орталық Азияның негізгі алаңы саналады. Самарқан алаңының орталығында "Ұлықбек" медресесі (1417-1420 жж), "Шердор" медресесі (1619-1636 жж) және "Тилла-Кари" медресесі (1646 - 1660) орналасқан. 2001 жылы алаң Самарқанның басқа ежелгі тарихи ғимараттарымен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Самарқан, Гур-Эмир

Гур-Эмир ("Әмір қабірі") – Әмір-Темір кесенесі. Бұл жерде Әмір-Темірден бөлек оның ұстазы Мир Сайид Барак пен бірнеше туысы (Тимуридтер әулеті) жерленген.

2014 жылы ТМД  мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясының шешімімен "Достық інжу-маржаны" тізіміне енгізілді.

Ұлықбек обсерваториясы 

Ұлықбек обсерваториясы — Өзбекстанның Самарқан қаласындағы обсерватория. 1420 жылдары Әмір Темірдің немересі — астроном Ұлықбек салғызған. Ол ислам әлеміндегі ең үздік обсерваториялардың бірі.

Ұлықбек обсерваториясының ішкі көрінісі

Ернар мен Жазира Самарқандағы Ұлықбек музейінде

Алдағы уақытта Масагет порталы, Өзбекстнның тарихи қалаларына жеке тоқталып, қосымша мақалалар дайындайды.



Бөлісу: