«Керуен-сарай»: Ертегіге айналған Түркістан

«Керуен-сарай»: Ертегіге айналған Түркістан

10 сәуірде Түркістан қаласында "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өтті. Құрылысы 2019 жылы желтоқсанда басталған кешен әлі де жұмысына толық кіріскен жоқ. Дегенмен қазіргі күннің өзінде жекелеген нысандары қонақтарды күтуге әзір.

Біз Түркістанға барып, "Керуен-сарайдың" бүгінгі жағдайымен танысып қайттық. Сол сапардан дайындалған фоторепортажымызды назарыңызға ұсынамыз.

"Керуен-сарай" кешені "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағындағы 20,5 га аумақта, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы орналасқан.

Кешенді араламас бұрын, бірінші кезекте Түркістан қаласының визит-орталығына кіруді жөн санадық. Бұл жерде қаланың тарихымен танысып, болашақта істелетін жұмыстардың жоспарын білуге болады.

Мұнда қолөнер шеберлерінің туындылары мен көне жәдігерлер қойылған көрме де бар.

Ал Түркістанның кішірейтілген макетінен қаланың мәдени, тарихи нысандарын көре аласыз. Көп ғимараттың арасынан үлкен аумақты алып жатқан "Керуен-сарай" бірден көзге түседі. Кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын басты орталыққа айналуы тиіс. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Кішірейтілген нұсқасының өзі ауқымды. "Керуен-сарай" расымен үлкен бе?

Осы сұрақтың жауабын анықтау үшін визит-орталықта көп кідірмей, көшеге шықтық. 300 метрден кейін "Керуен-сарай" да көрінді. Байқасаңыз, құрылыс жұмысы әлі де аяқталмаған. Соңғы детальдар түзелсе, бұл жер де құлпырып кеткелі тұр.

Кешенге кіргенде алдымыздан бірінші болып алтын жұмыртқа салынған үлкен ұя шықты. Бұл қазақ мифологиясындағы қыран тәрізді алып құс – Самұрықтың ұясы.

Ғимарат "Алтын Самұрық" деп аталады. Ішінде ұшатын театр бар. Еліміздің өткені, бүгіні және келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі.

"Алтын Самұрықтың" жанында "Сиқырлы керуен" атты балаларға арналған ойын-сауық орталығы орналасқан. Бұл расымен сиқырлы ғимарат. Сырты бір қарағанда басқа нысандардан ерекшеленбеуі мүмкін. Бірақ ішіне кірсеңіз, шығыс ертегісіне түскендей күй кешесіз. 

Ескі мұнаралар, қала орталығындағы базар, қабырғаға ілінген шамдар сізді Аладдин мен Әли Бабаның әлеміне елітіп әкетеді.

Мұнда түрлі әткеншек қойылған. Балалар айналатын кесе мен тез жүретін пойызға отырамын, атқа мініп шабандоз боламын десе де өз еркі. Таңдау көп. Жоба авторларының айтуынша, сауда және ойын-сауық орталықтарында келушілер уақыттарын пайдалы әрі қызықты етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл кешен жылына 300 мың қонақты күтуге қауқарлы.

Айта кетерлігі, "Керуен-сарайдағы" барлық нысандар су арнасы арқылы байланыстырылған. Осыған қарап түркістандықтар мен қала қонақтары бұл жерге "Қазақстанның Венециясы" деген қосалқы атау беріп те үлгерді.

Расымен, алғашында арнаны, ары-бері өткен қайықтарды көргенде Түркістан емес, өзге бір қалаға түскендей күй кешесіз.

Су кешеннің қақ ортасын кесіп өтетіндіктен, 50-60 метр сайын екі жағаны қосатын көпір салынған. Ол көпірлер әдемі фото түсіру үшін ойластырылғандай.

Арнаны жағалай жүре берсеңіз, "Керуен-сарайдың" негізгі нысаны саналатын қауызға жетесіз.

Қауыздың ортасына қираған кеме кейпіндегі субұрқақ орналастырылған. Мұнда кейінірек ораламыз.

Әзірге, мына ғимаратқа назар салыңыз. Бұл — амфитеатр.

Біз кіргенде ішінде "Қыз қуу" деген қойылым болып жатты. Кейінірек білдік, бұл арнайы үйретілген жылқылардың шоуы екен.

Сюжет бойынша, қарапайым жігіт пен байдың қызы бір-біріне ғашық болып қалады. Бірақ олардың қосылуына қатыгез хан кедергі келтіріп, жігітті зынданға тастап, бойжеткенді қинап өзіне жар етуге тырысады. Қыздың әкесі ханның қаһарынан қорқып, мәселені қантөгіссіз шешудің амалын қарастырады.

Арада біраз уақыт өтіп, зынданнан қашып шыққан жігіт байдың ауылына келіп, ханды жекпе-жекке шақырады. Осылайша екеуі шын мықтыны сайыс алаңында анықтайды.

Қойылым барысында шабандоздар аттарына мініп, түрлі трюктер көрсетті. Бірде аттың бауырына жармасып, екі аяғын көкке тік көтеріп шауып өтеді, бірде шауып бара жатқан атпен қатарласып жүгіріп, секіріп мініп алады. Осының бәрі оқиға желісімен әдемі үйлесім тапқан. Жылқыларды шоуға дайындаған Франциядан келген атақты атбегі Марио Лураши.

"Қыз қуудан" кейін қауызда сиқырлы қайықтардың ғажайып шеруі басталды. Мұнда да махаббат хикаясы баяндалады.

Қойылым қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан — "Қыз Жібек" жырының негізінде жасалған. Әр қайық әр түрлі кейіпкерді бейнелейді және келушілерді қиялға толы әлемге әкетеді.

Төлеген.

Қыз Жібек.

Қойылымды көруге жиналған жұрттың қарасы көп болды. Олар әртістердің әр қимылын бағып, қошемет көрсетіп отырды. Ортада тұрған субұрқақ та бірде от атқылап, бірде су шашып, шоудың әсерлі шығуына өз үлесін қосты.

Қойылым аяқталғаннан кейін жұрт әп-сәтте тарап кетті. Айнала тып-тыныш күйге енді. Әуезді ән қосылып, түн ортасы ауғанша сөнбеген шамдар "Керуен-сарайға" ерекше атмосфера сыйлап тұрды.