Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Осы айтулы датаға орай Массагет порталының тілшілері ақынның ауылы Қарасазға арнайы барып, ауыл өмірінен фоторепортаж дайындады. Құрметті оқырман, бізбен бірге Мұқағали ауылын аралап, ақынның музейіне саяхаттағыңыз келсе, төмендегі суреттерге көз салыңыз.
"Біздің музей 1991 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді. Жалпы, музей үш залдан тұрады. Кіреберіс "Орталық тұғыр" деп аталады. Бұл жерде "Тағзым" деген ақын атамызға арнап Шәміл Қожахановтың туындысы қойылған. Бірінші залда ақын атамыздың балалық шағы, ауылдың көрінісі бейнеленген. Сонымен бірге, ауылда мұғалім болған кездегі суреттері, ұстаздарының суреттері және ақынның "Мен туған лашық бір бөлме" өлеңі бойынша жасалған диорама осы залға қойылған", - дейді Мұқағали Мақатаев атындағы музейдің меңгерушісі Ахметов Елік Мұхамеджанұлы.
"Екінші зал ақын атамыздың жеке заттарымен, жеке кітаптары, аудармаларымен толықтырылған", - дейді музей меңгерушісі.
"Үшінші залдағы құнды экспанаттардың бірі ақынның жеке кабинетінде орналасқан жазу машинкасы, жұмыс үстелі, сым-костюмі, қолынан тастамай ұстап жүрген қоңыр портфелі, радиосы. Бұдан бөлек ақынға тиесілі 50-дей зат бар", - дейді Ахметов Елік Мұхамеджанұлы.
Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына орай алыс-жақыннан музейіне адамдар келіп жатыр. Солардың бірі Оңласын Жанашұлы. Ол музейге отбасымен бірге Тоғызбұлақ ауылынан келіпті.
"Ақынның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын. Мұқағали өлеңін сүйіп оқымаған қазақ жоқ шығар. Ол бәріміздің арқасүйер алып ақынымыз. Ол кісіге деген қызығушылық, мақтаныш итермелеп, 90 жылдық мерейтойына алып келді. Бір жағынан ақиық ақынның туған жерін, өскен елін, жасаған ортасын көру де арман еді. Сол арманым бүгін орындалды. Бұл менің үлкен ақынға деген құрметім, әруғына деген тағзымым", - дейді Тоғызбұлақ аулының тұрғыны.
"Бізде ақынның 90 жылдығына дайындық қызу жүріп жатыр. Аудан көлемінде 1 жылдық шара жасадық. Жазға қарай мерейтойды пандемия кедергі болмаса кең түрде атап өтсек деген ойымыз бар. Нарынқолға Мұқағалиға арнап ескерткіш орнатамыз. Оның жұмыстары басталып та кетті. Мектебімізде Мұқағали айлығы жүріп жатыр. Музеймен де тығыз байланыстымыз" - дейді мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Ринат Жаңабаев.
Жүретұғын құлпырып құла құнан
Көкпарға 300-дей ат келіпті, жалпы жүлде қоры 4 миллион теңге. Атың болмаса жанына жақындау қауіпті. Еті қызған аттар жаяу адамды елемейді, қиқулаған жігіттер де жердегі адамды көрмей қағып өтеді.
Артымызда Мұқағали жырлаған Елшенбүйрек тауы қалып бара жатты. Сазды жерге өскен шалғын – "өлеңшөп" деп аталады екен. Оны бізге Қарасаз тарихынан сыр шеткен ауыл тұрғындары айтты. Ақынның "Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім" дейтіні де сондықтан болар. Иә, мынадай табиғаты әсем, бұлағында қыста да қақ тұрмайтын ауылда өскен Мұқағали ақын болмағанда кім ақын болатын еді?