"250 мың теңге табамын". Мектеп оқушылары жазда қандай жұмыс істеп жүр?

Үш ай жаз барлық оқушы үшін демалыс мезгілі болмайды. Бірі ата-анасына көмектесу мақсатында, енді бірі қалаған затын алу үшін әр түрлі жұмыс істейді. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы тұрғындарға түрлі қызмет көрсетіп жүрген оқушылармен сұхбаттасты.

Жұмыс іздеп жүрген оқушылармен әңгімелесу үшін қаладағы орталық демалыс саябағына бардық. Саябақтың кіре берісінен суретке түсіріп жүрген фотограф оқушыларды көзіміз шалды. Бірден жанына барып, әңгімеге тарттық. 

"Жұмыс берушімен ауызша келістік"

Әңгімелесе бастағанымызда бірі ұялды, екіншісі тығылып кетіп қалды. Тек Дәулет жауап беруден қашпады. Биыл 8-сыныпқа көшкен ол бұл жерде екі жылдан бері жұмыс істейді екен.

"Жасым 14-те. Ағам осында жұмыс істейтін еді. Сол арқылы осы жерге келдім. Күніне 5-6 мың теңге табамын. Ол енді клиенттің сұранысына байланысты болады. Мәселен, бір суретті өлшеміне қарай әртүрлі етіп шығарып беремін. Егер кішкентай өлшемде болса - 2500 теңгеден, үлкен өлшемде болса - 4000 теңгеден болады. Кейде 2-3 данадан шығартып жатады. Негізінен жазда қыдырып келушілер көп болғандықтан сұраныс та көп. Әсіресе таңертең және кешке қарай өте көп клиент келеді. Ата-анам мұнда жұмыс істейтінімді біледі. Еш қарсылығы жоқ. Оларға көмектесу мақсатында жұмыс істеп жүргендіктен бұл әрекетіме қуанды. Өзімнен кейін екі қарындасым бар. Олар әлі кішкентай, жұмыс істемейді. Соларға да көмектесуім керек қой", - деді ол.

Ата-анасы, отбасына көмектескісі келген оның бұл әрекетіне біз де қуандық. Дегенмен кеш қарая қайтатын жұмысынан кейінгі қауіпсіздігін де ойладық. 

"Жұмыстан соң автобуспен немесе балалармен бірге көлік жалдап бірге қайтамыз. Тым кеш қайтатын күндер де болады. Ондай кезде достарымның үйіне қона саламын. Жұмысқа тұрған кезде ешқандай келісім-шартқа қол қоймадық. Ауызша келістік, сол бойынша ақымызды алып отырамыз. Ал полициядан ешкім мазаламады. Олар көбінесе қайыр сұрап жүргендерді осы аумақтан қуып жүретінін байқадым",- деді ол.

"Жұмыс оңай, бірақ белім ауырады"

Орталық саябақта келушілер қаншалық көп болса, саудагерлердің де соншалықты саудасы өтіп тұрғанын байқауға болады. Әсіресе, балаларымен келген қонақтарға аю боп киініп алып, көңілін көтеріп жүрген Айбектің еңбегі зор. 9-сыныпқа енді көшкен оның жасы 15-те.

"Маусымнан бастап осында жұмыс істеймін. Былтыр ағам жұмыс істеген. Содан естіп, биыл өзім келдім. Күнде осылай аюдың киімін киіп, билеймін, келген тұрғындармен суретке түсемін. Жұмыс таңғы 10-нан кешкі 9-ға дейін, ал сенбі-жексенбі таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін болады. Табысымыз адамның келуіне, кассаның жиналуына байланысты ғой. Ең кемі 5 мың, көп дегенде 9 мыңға дейін табамын. Негізі жұмыс қиын емес, бірақ күні бойы тұрғандықтан белім ауырады. Киімімді тек дәретханаға барар кезде шешемін. Былай қарасаңыз, бұл ауыр. Негізінен осы киімнің ішінде тұрамын. Анда-санда spider man боламын, секіремін, трюктар көрсетемін. Үстімізге киетін киімдерді бастығымыз береді. Бұған ақша төлемейміз",- деді ол.

Айбек бұл жұмысқа телефон алуға ақша жинау үшін кірген.

"Сенбі-жексенбі, мереке күндері келушілер көп болады. Бұл жерде 30 тамызға дейін жұмыс істеймін, сосын ауылыма қайтамын. Оқу құралдарын, киім-кешек алу керек. Негізі бұл жұмысқа "телефон алуға ақша табамын" деп кіргенмін. Бірақ оған қызығушылығым кетіп қалды. Жинаған ақшама киініп, артылғанын үйдегілерге беретін шығармын. Осы уақытқа дейін екі айда 250 мың теңге ақша жинадым. Келесі жылы 9-сынып бітіріп, колледжге түссем, бұл жұмысқа келе алмайтын шығармын. Ал мектепті жалғастырсам келемін деп ойлаймын. Маған ұнады", - деді ол.

"Бұл - жақсы табыс көзі"

Жаздың аптап ыстығында қалың киімнің ішінде тұру оңай емес. Ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп жүргендердің ішінде қыздарды да байқап қалдық. Бастапқыда ұялғанымен, кейін аты-жөнін өзгертуімізді өтінді.

"Биыл 9-сыныпқа көштім. Жаз басталғалы бері жұмыс істеп келе жатырмын. Үш айда 200 мың таптым. Күнде мынадай табыс табамын деп айта алмаймын. Сұранысқа байланысты ғой. Клиент көп кезде 9-10 мың теңге табамын. Демалыс күндері адам көп келеді. Әр қаладан келушілер көп болғандықтан бізбен суретке түсуге сұраныс көп, адамдардың қызығушылығы жоғары. Бір суретке түсу 2500-4000 теңге аралығында. Біз сол ақшаның пайызын ғана аламыз", - деді Жәния (аты-жөні өзгертілген - еск.)

Жәния бұл жұмыс жақсы табыс көзі екенін айтып қалды.

"Ата-анама көмектесу мақсатында әрі өзіме жаңа телефон алу мақсатында жұмыс істеп жүрмін. Ақшам жетті, енді телефон аламын. Ата-анам жұмыс істеуіме өзі рұқсат берді. Былтыр да жұмыс істегенмін. Келесі жылы да шығу ойымда бар. Жақсы табыс көзі ғой", - деді ол.

"Інім екеуміз зат сатамыз"

Саябақта мұндай оқушылардың біразын жолықтырдық. Нағыз қайнаған сауданың ішінде жүр десек болады. Қаладағы "Алтын орда" базарына барып, көліктің бөлшектерін сататын Хамзамен жолықтық. Қасында анасы бар екен. Анасынан рұқсат сұрап, әңгімелестік.

"Бұл заттарды көтерме бағамен сататын базардан әкеммен бірге барып, сатып аламын. Інім екеуміз ата-анамызға сатуға көмектесеміз. Күнде түскі 3-те шығып, 10-ға дейін жұмыс істеймін. Сабақ кезінде де шығамын. Түске дейін сабаққа барып келемін. Негізі біз биыл Тараздан көшіп келдік. Ол жақта да осылай сауда-саттыққа шығып, қолғабыс еттім. Күніне 20-35 мың табыс түседі, оның бәрі пайда емес. Өзіме тек 10-15 мың болады. Бір айда 150-200 мың теңге табамын. Түскен ақшаны үйдегілерге беремін. Ата-анам жұмыс істеуіме қарсылығы жоқ, қайта қолғабыс еткеніме риза",- деді ол.

Қазақстанда жасөспірімдерге жұмыс істеуге бола ма?

Кәмелеттік жасқа толмағандардың жұмыс істеу құқығы туралы заңгер Альбина Бахтиярқызы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасындағы Еңбек Кодексіне сәйкес кәмелетке толмаған тұлғалар жұмыс істей алады. 

"Бізде бірнеше категориялар қарастырылған. 16 жасқа толған кез келген тұлға еңбек келісім-шартын жазбаша отырып, жұмыс істей алады. Кәмелеттік жасқа толған адамдар қандай жұмыс істесе де өздері біледі. Заң бойынша 14 пен 16 жастағы тұлғалар да Еңбек шартына отыра алады. Бірақ олардағы негізгі шарт - жұмыс уақытына байланысты болады. Яғни, аптасына 24 сағаттан жоғары болмауы керек.

Ал 14 жасқа дейінгі балалар Еңбек шартына отырғысы келсе, біріншіден, міндетті түрде заңды өкілдері жанында болуы әрі олардың келісімі керек. Олардың келісімі маңызды. Екіншіден, мұндай жастағылар киномотография, қандай да бір концерттік салаларда жұмыс істей алады. Бұл жерде де жұмыс істеу уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс. Яғни кәмелеттік жасқа толмағандар осы секілді жұмыстарды атқара алады. Еңбекақы тараптардың келісімі бойынша төленеді", - деді ол.

Ал егер кәмелетке толмағандарды заңсыз түрде жұмысқа тартатын болса, әкімшілік, тіпті қылмыстық та жауапқа тартуға болады.

"Кез келген кәмелетке толмаған тұлға жұмысқа тартылатын болса, бірінші оның сабағына әсер етпеуі керек. Денсаулығына зиян болмауы тиіс. Жұмыс сағаты ересектермен бірдей болмауы қажет. Өйткені олардың денсаулығына, жас шамасына, психологиясына сай ерекшеліктері болады. Бұл жөнінде Еңбек кодексінің 69-бабында жұмыс істейтін сағаттары жөнінде айтылған", - деді ол.

Қандай жұмыстарды істеуге тыйым салынған? 

18 жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 944 бұйрығымен бекітілген. Аталған тізімде денсаулыққа зиян және адам өмірі үшін аса қауіпті салалар мен жұмыстардың тізімі жазылған. Мысалы, жасөспірімдерге атом электр станциялары, коксхимия өндiрiсі, цемент өндiрiсi, электр энергетикасы салаларында және сүңгуір, газшы, жанар-жағармай құюшы, құтқарушы болып жұмыс істеуге болмайды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз



Бөлісу: