Кинематографияға бет алғандардың "Бастауы" болған фестиваль

Кинематографияға бет алғандардың "Бастауы" болған фестиваль

Кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрында VІІІ Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік  фильмдер фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Театрға кірер тұста шараға асыққан көрерменді оркестр күтіп алды. Одан өзге ұлттық нақыштағы түрлі дүниелердің қалай жасалатынын көрсететін бірнеше арт-локация болды.

Саз балшықтан құмыра жасап, оны безендіру

Ағаштан түйін түйетін шеберлердің жұмысы

Зергерлік бұйымдардың жасалу жолы да көрсетілді

Текемет тоқу өнері

Арт локацияларды аралап шыққан көрермен осы кештің басты оқиғасы болатын үлкен залға бет алды. Олардың қатарында Өнер академиясы студенттерінің қарасы көп болды. Бірен-саран үлкен кісілер мен мектеп жасындағы балалар да шараның ашылу салтанатын тамашалауға жиыла бастады.

Зал толғаннан кейін VІІІ Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік  фильмдер фестивалінің шымылдығы ашылды.

Кеш басында «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов және ҚазҰӨА проректоры Сәкен Майғазиев келген қонақтарға алғыстарын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осымен сегізінші мәрте өтіп жатқан фестиваліміз өтпелі кезеңде ұйымдастырылып жатыр. Мұндай кезде біздің фестивальдай ауқымды шараны өткізу-оңай емес. Дегенмен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей қолдау білдіруімен бұл мәселе оң шешімін тапты.Сондай-ақ бізге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА басшылығы үлкен қолдау көрсетті.   Бұл қадам фестивалымыздың еліміздің мәдени өмірінде тұрақты түрде өтіп тұруы тиіс маңызды шара екендігін айғақтайды. Біздің фестиваль- жас киногерлердің шеберліктерін шыңдауға, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға жолдама беретін алаң, өздеріндей жастармен танысып, байланыс орнататын, кино майталмандарынан үйренетін шығармашылық кеңістік, - деді «Бастау» ХКФ директоры Сергей Әзімов. 

Салтанаттың ресми бағдарламасынан кейін көрермендерге әлемнің көптеген фестивальдерінде көрсетіліп үлгерген қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева түсірген «Мәриам» фильмі ұсынылды. Көрсетілімнің алдында фильмді таныстыруға шыққан режиссер картинаның түсірілу барысы туралы сөз айтып, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл фестиваль форматына өзгерістер енді. Байқауға алғаш рет толықметражды дебюттік фильмдер еніп отыр (барлығы 10 туынды). Ал қысқаметражды фильмдер байқауына биыл 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Фестивальдің іріктеу комиссиясы конкурсқа 43 туындыны таңдап алған. Айта кетсек, фестиваль барысында ҚазҰӨА студенттерге арналған шеберлік дәрістер мен фестиваль қонақтарының қатысуымен шығармашылық кездесулер өтеді. Фильмдер Bekmambetov Cinema (Абай даңғылы, 109 В,Globus СОО, 2—ші қабат) кинотеатрында көрсетіледі.