Негізгі / Фоторепортаждар / Еліміздің үздік файтерлері бір тудың астына бірікті
Еліміздің үздік файтерлері бір тудың астына бірікті

Бүгін Алматы қаласында еліміздегі бірегей жоба Arlan MMA Pro Team командасының спортшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. 

Қазіргі таңдағы Қазақстан аралас жекпе-жегінің үздіктері, атап айтқанда FN Global тұжырымының чемпионы Жалғас Жұмағұлов, M-1 Global тұжырымының чемпионы Сергей Морозов, ONE FС ұйымының бұрынғы чемпионы Қайрат Ахметов және әлемнің үздік промоушендерінің бірі ACA-де жұдырықтасатын Арман Оспанов енді бір тудың астында өнер көрсетеді. Сондай-ақ командаға Ресейде туып-өскен, UFC-те тұңғыш жеңіске жеткен қазақ файтері Дамир Исмағұлов та қосылған. Спорт жанашырларының бастамасымен құрылған Arlan MMA Pro Team командасымен үздік файтерлерден бөлек осы салада еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар Игорь Фунтиков пен Диас Қабдуов келісімшартқа отырған.

Команданың басты мақсаты - әр түрлі ұйымдарда жүрген қазақстандық аралас жекпе-жек майталмандарын бір жерге жинап, еш уайымсыз дайындалуға, жеекпе-жекке шығуға және осы арқылы Қазақстан ММА спортының дамыту.

- Таиландта Дамир Исмағұловпен бірге дайындалып жүргенде Arlan MMA Pro Team командасынан ұсыныс түсті. Таи елінде біз спарринг жасап жүрген спортшылардың басым бөлігі ТМД елдерінен, одан бөлек Қазақстаннан болатын. Сол кезде неге еліміздің мықты спортшыларының басын қосатындай ұйым құрмасқа деп ойландым. Сөйтсем, Қазақстанда бұл бастаманы қолға алған адамдар бар екен. Осылайша Диас Қабдуов екеуміз Қазақстанның туын биікте көтере алатын спортшылардың тізімін жасап, оларға байланысқа шықтық. Қазір бізде мықты спортшылар, білікті жаттықтырушылар мен барлық жағдайы жасалған спорттық базамыз бар, - дейді жаттықтырушы Игорь Фунтиков. 

Жақында M-1 Global тұжырымының чемпиондық белбеуін сәтті қорғаған Сергей Морозов әлемнің үздік промоушені UFC-мен келісімшартқа отыруды мақсат етіп отыр:

- Біз ақырындап мақсатымызға жаөындап келеміз. Жетістікке жеткіміз келеді. Жалғас екеуміз UFC-ге өткіміз келетіні жасырын емес. Бұл - біздің мақсатымыз. Бәрі сәтті өтіп, жақын уақытта әлемнің басты промоушенінде еліміздің көк туын желбіретеміз деп үміттенемін.

Баспасөз мәслихатына жиналған журналистер қауымы FN Global тұжырымының чемпионы Жалғас Жұмағұловтан соңғы жекпе-жегі туралы сұрақтарды қарша боратты. Дегенмен батырымыз жауабын қысқа қайырды:

- Бәріңізге қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Көргендеріңіздей қарсыласымызды таптап өттік. Еліміз үшін тамаша күн болды. Дайындығымыз керемет өтті. Әсіресе жаттығу лагерін атап өткім келеді. Жаттықтырушыларға да рақметімді айтамын. Алға жылжып келеміз. Өсіп келеміз. Қазақтар - мықты күш. Барлық жерде үздік боламыз. Ең бастысы - UFC-ге өтіп алсақ болды. Ол жерді де шулатамыз. Біздің уақытымыз келді. Тек жұлдыз ауруына шалдықпай, еңбектену қажет. 

- Arlan MMA Pro Team командасында елімізге танымал қазақ батырларынан бөлек жас спортшылар да бар. Қазірдің өзінде UFC-дің деңгейіне жеткен спортшыларымыз бар. Олар: Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов және Қайрат Ахметов. Олардан да басқа спортшыларымыз жетерлік. Жыл соңына дейін қазақстандық спортшыларды UFC-ден көріп қалармыз. Нұр-Сұлтан мен Сочиде өткен турнирлер біздің спортшылардың деңгейін айқындап берді. Жалғас пен Сергейді жеңістерімен құттықтаймын. 19 қазан күні Қазақстан ММА-ның тарихына енетіні анық, - дейді Арман Оспанов

ONE FС ұйымының бұрынғы чемпионы Қайрат Ахметов UFC-дың 12 дүркін чемпионы Деметруис Джонсонмен жекпе-жек өткізуге ниетті:

- Қазір менің салмағымда чемпион Адриано Мораеш, ал Деметруис Джонсон Гран-придің жеңімпазы. Олар келесі жылдың басында екі белбеуді сарапқа салатын болады. Оған дейін мен де жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетуім қажет. Осылайша Мораеш - Джонсон жұбының жеңімпазымен жекпе-жек өткізуге үміткер атанғым келеді. 

Дайындаған: Айбар Рысдәулет
Қосылған күні: 27 қазан, 09:29
Тегтер: спорт, MMA, аралас жекпе-жек, Arlan MMA Pro Team