Экопикник ұраны: Табиғатты аялайық!

Экопикник ұраны: Табиғатты аялайық!

Табиғат тіршіліктің құт-берекесі. Ырыздық пен ырыстың, мол қазынаның қайнар көзі. Ал Адам - табиғаттың  ажырамас  бөлігі. Табиғат пен адам қатар ұғым. Адамсыз табиғат, табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Адам табиғатты қасиет тұтуы керек. Табиғатты аялау – адамзат алдындағы бір парыз. Осыны ұран еткен "Алматы Тоастмаcтерс" (Almaty Toastsmasters Club), "Тұран Тоастмастерс" (Turan Toastmasters Club) және "Ротаракт Алматы" (Rotaract Almaty Club) клубтары бірлесіп биыл да экопикник ұйымдастырды.

Былтыр табиғатты аса қадір тұтатын жастарымыз Алматы қаласындағы Алмарасан шатқалын тазалап көңілді уақыт өткізсе, биыл Есік көлі маңайындағы тау-қыраттарды тазартуды жөн санапты. Алматылық белсенді жастардың жұртқа үлгі болар игі ісін ерекше атап өтуге болады. Бір рет емес, осымен үшінші рет осындай бастаманың басы-қасынан табылып отыр.

Күз келе жапырақтар сарғаяды, ал табиғат ана алтын түске боялып, көз шырымын алмастай өзгереді. Осындай  сәттің бірінде у-шуға толы қаладан безіп, тысқары кеткің келеді. Елден бөлектеніп,  тау-қыраттармен сырласқың келіп тұратының тағы бар. Мұндайда экопикникке бару – нағыз пайдалы іс. Оған топ болып та, бірлі-жарым болып барып та еңбектенсең болады. Себебі қоршаған орта – өміріміздің бір бөлшегі. Игі іс – жан-дүниеңді рахатқа бөлеп, шаршауыңды басады. Табиғатты аялау, қорғау мен қамқорлық жасау – әрбіріміздің қолымыздан келеді. Тек талпынсақ болғаны.

Уақытты қызықты әрі қоғамға пайдалы етіп өткізуге болады деген қағиданы ұстанған бір топ азаматтарымыз сенбі күнін тауда экопикникте өткізді. Таң ата олар Абай мен Байтұрсынов көшесі қиылысындағы автобустар тұрағына жиналып, жолға шықты.

Есік көлі қаладан 40 минут жерде орналасқан. Бұл уақыт ішінде еріктілер бірі-бірімен жақын араласып, таныса отырды. Ауа-райы бастапқыда барлығын қобалжытты, себебі күн бұлттанып, жаңбыр жауатындай көрінді. Бірақ күннің беті бері қарап, түс ауа ауа-райы жылынды. Кейбіреулер жаңбырдың боларын білгендей алдын ала қамданып өздерімен бірге қажетті заттарын да ала шығыпты.

Еріктілердің барлығы жиналу нүктесіне келген соң ұйымдастырушылар сақталуы тиіс кейбір қауіпсіздік ережелерімен таныстырып бәріне қолғап пен қоқыс жинайтын қаптарды таратты. Мұнда ұйымдастырушылардың экологиялық таза қапшықты қолдануға тырысқандығын айта кету керек.

Бірер уақыттан кейін бәрі тиісті нұсқауларын алып жан жаққа тарқасты. Экопикникке жыл сайын қатысуды әдетке айналдырған Дана бәрінен бұрын қолғабы мен қабын сақадай-сай дайындап, айналасын нұрландыруға әзір екенін байқатты.

"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" демекші, өзімен бірге балаларын ала барған кей ата-аналарымыз білген-көргендерін кішкентайларына үйретіп, нағыз үлгі болуға тырысып бақты. Балақайлар әке-шешелерімен бірге көңілді әрі пайдалы уақыт өткізгендеріне өздері мәз-мейрам.

Қыздар қоқыс тазалап жүріп те суретке қалай әдемі түсу керек екенін жақсы біледі. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, еріктілер үш-төрттен бөлініп, аумақты тазалауға білек сыбана кірісіп кетті.

"Алматы Тоастмастер" клубының негізін қалаушы Том мырза осы бір таңырқау күйімен бүкіл адамзатқа үн тастап тұрған сияқты. Шынымен де біреу біліп, біреу білмей қоқыс тастайды. Біреулер табиғаттың осылай ластанып жатқанын аңғарса, біреулер аңғара бермейді. Тап осылай көзбен көргеннен соң ғана көп нәрсені сөзсіз түсіне бастайсың.

Табиғат аясында демалғандар немесе серуенге шыққандар ең көп тастайтын қоқыс түрлеріне бөтелке, пластик және целлофан пакеттер көптеп кездеседі. Ал бұл заттар оңайлықпен шіри қоймайды. Айналаны сұрықсыз кейіпке айналдырып қана қоймай, экологияға да зиянын тигізуде.

Қос қолдап бірнеше қапты алып жүрген Жания көріп тұрғаныңыздай шыны, қағаз, пластик секілділерді бөліп, сұрып-cұрыппен жинап жүр. Қазіргі таңда елімізде бірлі-жарым қоқысты қайта өңдеу орындары пайда болуда. Сондай орындардың біріне жиналған қоқыстар арнайы көлікпен жеткізіп тапсырылады.

Екі сағат өтпей жатып алпыс адам бір жүк көлігін қоқысқа толтырды. Келгендердің барлығы жылдам-жылдам қимылдап, бір сәтте жүк көлігіне қаптардың барлығын тиеді.

Мұнымен іс-шара аяқталмады, керісінше көрігі қыза түсті. Таңертеңмен тынбай еңбек еткен еріктілер аспаз қолынан әзірлеген дәмді палаудан дәм татты. "Еңбектің наны тәтті" деген осы болар.

Тамақтанып алған соң Шпагат мектебі мен Kozmoфитнес орталығының жаттықтырушылары дене қыздырып арнайы эстафеталық ойын ұйымдастырды. Онда қатысушылар бес-бестен топқа бөліп, нағыз командалық ойын көрсетті.

Уақыт айырмашылығы бойынша үш топ үздік шықты. Роастерс командасы - бірінші орын, Отличники - екінші, ал Пума үшінші орынға қол жеткізді. Жеңімпаздар спорт мектебі мен фитнес орталығы әзірлеген арнайы сыйлық сертификаттарымен марапатталды.

Серуен мен саяхат үшін емес, табиғатты қоқыстан тазартуға келген жастар аз уақыт ішінде етене араласып кетті. Қайтар жолда естелік суреттерге түсіп, қайта жүздескенше деп жылы қоштасты.

Табиғатты аялау, қорғау мен қамқорлық жасау -  әрбір жанның қолынан келетін іс. Алматылық белсенді ерікті жастардың осы бір жолғы экопикнигі үлгі болардай-ақ. Өйткені, олар өз қалталарынан тиісті қаржыларын шығарып, қоршаған ортама сәл де болса пайдам тисінші деп ниеттеніп, сұранып барғаны қуантады.

Жолдаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Фото: Ержан Құрманбай