Ауылды аңсағанда сағынышыңды басатын 15 сурет

Ауылды аңсағанда сағынышыңды басатын 15 сурет

Қалалық не далалық, бай-бағлан, мейлі құрылысшы, кім болсақ та, қаланың бір саябырсымайтын у-шуынан, суынан, көліктің көптігінен ластанған ауасынан, кептелісінен мезі болғанда көңіл мен құлаққа тыныштық іздеп ауылға аттанамыз. Massaget.kz редакциясында кеше он адам отыр едік, бүгін тоғызбыз. Өз кәсібінің сауыт-сайманын, бес қаруын асынып фотограф Ернар Алмабек еңбек демалысына шыққан. Бүгін Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылынан қанық түсті пейзаждар электрондық поштамызға келіп түсті. Демалысқа шығысымен Алматыда бір күн де тұрақтамай massaget.kz фотожурналисі туған өлкесіне аттанған екен. Назарларыңызға ауылдың қас қараярда қыз-қыз қайнайтын қарбаласынан 15 сурет ұсынамыз және бұдан арғы әңгімені сурет авторы Ернар Алмабек өзі жалғайды.

Күн шығатын кезде және Күн батар шақта түсірілген суреттер әдемі шығады. Себебі, осы уақыттарда жарық мың құбылып, айналаны ерекше түстерге бояйды. Бірақ ол ғажап сәт ұзаққа созылмайды. Айналасы бір сағат. Сол уақытты дұрыс пайдалана білген фотограф, әдемі суреттерсіз қалмайды. Бастысы, фотоаппараттың баптауларын жағдайға байланысты жылдам ауыстырып үлгеріп тұрса болғаны.

Біздің ауыл осы. Тоғызбұлақ. Ауыл қонақтарын тұмса табиғатымен таңқалдыратын Күнгей Алатауының етегінде жатқан көрікті мекен. Мені фотография саласына алып келген де Тоғызбұлақтың көз тартар сұлу табиғаты. Бұл сурет Күн тау тасасына тығылардан 2 сағат бұрын түсірілді.

Ауылда Күн батар шақта өрістен қой қайтады. Біздің ауылдың адамдары қойды кезекпен бағады. Бір адамның кезегі, шамамен, аптасына бір рет келеді.

Қалың қой ауылға қарай бет алғанда көкжиектен биікке көтерілген шаң көріне бастайды. Өз қойын бөліп алу үшін біреуі ауылға тақағанда, біреуі ертерек шығып қой айдасады.

Әкесі қой кезекке кеткен күннің кешінде баласы елден бұрын оның алдынан шығып, атына мінгесіп алады. Кішірек кезімізде біз де сөйтетін едік. Мына суретте сондай сәттердің бірі бейнеленген. Қой кезектен қайтып келе жатқан жігіт ағасы алдына баласын отырғызып алыпты. Қандай әдемі сәт.

Бұл суретте де алдыңғы фотодағы кейіпкерлер. Тек мына сурет сәл алыстан түсірілген. Артқы фонда қызара батып бара жатқан Күн ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Әркім өз қойын бөліп алу үшін осы уақытта арнайы белгіленген жерге барады. Сол жерден қой тарайды. Адамдар қойларын басқа үйге кетіп қалмауын бақылап тұрады. Жаңбырдан кейін түсірілген мына сурет ауылдың күнделікті кешін бейнелейді.

Бұл балақайдың есімі – Нұржігіт. Өте қызыққұмар, бір орында тұрмайтын ойын баласы. Мына сурет қой өрістен келетін уақытта түсірілген. Жаңбыр жауып тұрса да Күн ашылып келе жатқан еді. Алыстан кемпірқосақ көрінді. Нұржігіт сол сәтте қашаны секіріп өтпек болып, артынан келе жатқан қарындасына "Сен қал" дегендей ишарат білдіріп жатқан. Суретке түсіріп үлгердім.

Күн ұясына кірерде ауыл тіршілігі қайнай түседі. Енді 15 күннен соң шөп шабу науқаны да басталады. Шөп түсіретін орынды реттеуге кіріскен ауыл тұрғыны кешкі салқынмен біраз жұмысын бітіріп алмақ.

Балалықтың қанына ойын азық. Ал бұл уақытта ауылдың ұл-қыздары ойын қамына кіріскен.

Күн батар шақта адамдардың сұлбасын түсірсе, әдемі шығады. Мына сурет солардың бірі. Күн қызарып ұясына батқаннан кейін әлі де жарық кетпей тұрғанда түсірілген.

Бұл сурет те алдыңғы суреттің техникасымен түсірілген. Бірақ бұл сәтте Күн әлі батпаған еді. Сол себепті түстер де өзгеше, сарылау болып тұр.

Жұлдызды аспанды жақсы түсіретіндердің қатарынан емеспін. Бірақ, мына түннің ғажап болғаны соншалық, естелік үшін фотоаппаратыма бір сәтті кадр түсіріп қалғым келді. Алдыңғы фонда Алмабек бабамның үйі. Артында жарқырап тұрған жұлдыздар, Құс жолы. Әдемі, ә?)