The Spirit of Tengri 2018

The Spirit of Tengri 2018

Алматыда жыл сайын өтетін The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі биыл алтыншы рет ұйымдастырылды. Әр минуты бойға ерекше қуат беретін, бірегей атмосфераға толы фестивальді суреттер сөйлетсін. 

Халықаралық фестиваль деген атқа ие The Spirit of Tengri биыл да жоғары деңгейде өтті. 

Тұрақты тыңдармандары мен көрермендері қалыптасқан фестивальге халық ерте жиналды. 

Тамылжыған кеште өмірлік серігімен жан тыныштығын тапқандар аз емес, сірә. 

Сымбаты мен болмысы келіскен жұптар да біршама. 

Бұл қария – фестивальдің тұрақты қатысушысы. 

Концерт те басталды, сахнаға Нигер Республикасы, Алжир мен Франция музыканттарынан құралған "EZZA" тобы шықты. 

Африкалық ырғақты блюз-рок тіліне салған бұл топ туарег тайпаларының этно-мәдениетін паш етті. 

Бір-бірін танымайтын жұртшылықты тек музыканың тылсым күші біріктіре алады. 

Фестивальге 2017 жылы қатысқан буряттық "Shono" тобы биыл да көпшілік көзайымы болды. 

Топ солисі Александр Архинчеев морин-хуур ішекті аспабының қоңыр әуезін сызылта тербеп, көмеймен ән салудың озық үлгісін көрсетті. 

Күн ұясына батып бара жатты, ал фестиваль болса енді қызып келеді. 

Жұрт қарасы еш саябырситын емес. 

Себебі, жан-тәнімен берілген музыканттардың құлаққа таңсық туындылары жаңа әсерге жетелей түседі. Суретте фестивальге екінші рет қатысып жатқан Мозамбик музыканты Чилдо Томас. 

Этно музыка фестивалінен кейін бұл балақайдың музыкалық талғам көкжиегі кеңейе түскен шығар. 

Израильдік "Q2A" тобы тыңдарман қолдауына дән риза. 

Фестивальдің екінші күнінде жауын жауып кетті. Соған қарамастан қолшатыр ұстаған жұрт концерт алдына жинала бастады. 

Қазақстандық "Aldaspan" этно-рок тобы биыл да ерекше дайындықпен келген. 

Жаңбыр тоқтап, фестиваль берекесі кіре бастады. 

Фестивальдің онлайн-трансляция режиссері Юрий Съедин қызу жұмыс үстінде. 

Армениялық "Gata Band" тобы тілшілерімізге сұқбат беріп, бүкіл ұйымдастырушыларға алғыс айтты. 

"YELE" тобы африкалық блюздің ерекше үлгісін көрсетті. 

"Yele" сөзі батысафрикалық диалектіден аударғанда "Түс" деген мағына береді екен. Ұйымдастырушылар топтың аты мен музыкасына сай сахнаны түрлі түске бояп жіберді. 

Биылғы фестивальге 14 мемлекеттен 90-нан астам музыкант қатысыпты. Солардың бірі – Еуразия елдерінің музыканттарынан құралған "Steppe Scape". 

Фестиваль аяқталып, көрермен қауым перфоманс пен жанды дауыстан алған әсерін жасыра алмай, қимай тарасты.