"Шөген" Аргентинадан келген жоқ
Байырғы заманда Орта Азия көшпенділері сүйіп ойнаған Шөген – бүгінде Аргентинаның ұлттық ойыны. Байыбына барып, көзі жеткендер санаулы шығар. Бүкіл әлем "Шөгенді аргентиналықтар ойлап тапты, солардың төл спорты" деп таниды. Олардың кәсібилігіне қайран қалып, мойындайды. Бірақ, бұл пікірдің ақиқаты басқа. Шөген – көшпенді бабамыздың сүйіп ойнаған ойыны. Солай болса, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұхиттың арғы жағындағы елге шөген қалай жетті?
Бабыр сұлтанның заманында жетісулық моғолдар Үндістанның бір бөлігін жаулап алды. Осылайша, Үнді жерінде ойнала басталған шөген ойыны Үндістанды бодан қылған ағылшындардың назарына ілікті. Англия бұл спортты көп дәріптеді. Ең алғаш елде осы спорт түрінен клуб ашылып, өзара турнирлер ұйымдастырыла бастады. Уақыт өте қатарға көршілес Ирландия шөгеншілері қосылды. Екі елдің атсалысуымен Аргентинада 1875 жылы бұл спорт түрінен чемпионат өтті. Осы кезеңде шөгенді ойнауға құмартқан аргентиналықтар бірден осы ойынды ойнауға қызығушылық танытып, ойынның қыр-сырын бірден меңгеріп кетті. Уақыт өте шөген шеберлеріне айналған олар ат спортының жаңа түрі ретінде шөгенді "Поло" деп өзгертіп өздеріне патенттеп алды. Міне, Орталық Азиядан бастауын алған спорт түрінің Аргентинаның ұлттық ойыны болу тізбегі осындай.
Назарларыңызға кезекті шөген турниріндегі жарқын сәттерді ұсына отыра, осы спорт түрінің ережелері мен ерекшеліктерін көрсетпекпіз.
Бүгінде Шөген ойынын дамытуға мемлекет көңіл бөліп, төл спортты жаңғыртуға күш салып жатыр. Елімізде 2012 жылы құрылған Поло федерациясы бүгінгі күнге дейін бірнеше турнир ұйымдастырып та үлгерді.
Федерация ұйымдастыратын турнирлердің көбісі Алматы облысы, Талғар ауданы, "Ақ бұлақ" ат спорты кешенінде өтеді.
Төрт-төрт адамнан құралған екі команда ойыншыларының негізгі мақсаты - осы бір допты қақпаға кіргізу. Ұлы миссия жолында алаңға шыққан спортшылардың ойынымен жақынырақ танысайық.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған турнирде бақ сынау бақытына ие болған шөгеншілер бір қатарға тізіліп тұр. Күтіп тұрғандары бір ғана адам. Ол кім болуы мүмкін?
Әрине, ойынға қазылық ететін – бас төреші. Поло ережесі бойынша ойынды жолақ жейделі екі рефери басқаруы керек. Алаңда ойын барысында дау шықса, шешімді бас төреші шығарады.
Төреші алаңға келгеннен кейін, сақадай сай тұрған сайдың тасындай іріктелген жігіттер рәсім бойынша Мемлекеттік Әнұран орындады.
Гимн орындалғаннан кейін ойыншылар шөген ережесі бойынша жеке-жеке таныстырылып, гандикап көрсеткіші бойынша аттары аталады. Гандикап – ойыншының шеберлігін айқындайтын, 2-ден 10 ға дейінгі голдық көрсеткішпен бағаланатын жүйе.
Ысқырық шалынды, доп ойынға қосылды. Екі команда арасындағы теке-тірес енді басталды.
Жанталаса ойынға кіріскен шөгеншілер допқа таласуды бастап кетті. Шақыр-шұқыр дыбыстар сырттан бақылап тұрған көрермендерге де естіліп жатқан сияқты.
Бұл сызық - алаңның шекарасы. Тамашалап тұрған көрермендер ойын кезінде сызықтан аттап басса, ат тұяғына тапталуы мүмкін. Сол себепті де, қауіпсіздік ережесі қатаң сақталуы үшін, арнайы қызыл бояумен боялған.
Қызылға боялған тек алаңның сызығы емес. Қыздың көзі қызылда дегендей, үстіне қызыл күртеше киіп, қызыл допты ұстаған көрермен қызыл формалы командаға жанкүйерлік танытып тұр.
Дәл бұл мезетте алаңдағы ойында қызып жатыр. Жануарды қара сорпаға түсіріп, терлігін еріткен ер жігіттер гол салса, ерлейін деп тұр.
Ойын жалғасып жатыр. Алаң жиегінде бітімі бөлек, шабысы жылдам – "Көксарай" атты арғымақ.
Ойын басталғалы қосалқы құрамда тұрған Көксарайдың алаңға шығар сәті келді. Шөген ережесі бойынша, әрбір ойыншыда 3-4 аттан болу керек. Осы ережеге сәйкес, ойыншы астындағы атын ауыстырып үлгергісі келеді.
Бірінші орынды қанжығалаймын деп келген бірінші нөмірлі қатысушы қарсыластарын сырттан қадағалап тұр. Шөгенде ойыншылардың формасындағы нөмірлердің де өзіндік мағынасы бар. Мысалы, 1 және 2-нөмірлі форманы тек шабуылшылар киеді. Ал, 3-нөмірлі киімді жартылай қорғаушы, 4-ті қақпа қорғаушы киеді.
Сонымен қатар, шөгеншінің шалбары міндетті түрде - ақ, етігі - қоңыр, қара түсті болуы тиіс.
Жылқыны алаңға ұзын жалмен шығаруға болмайды. Сол себепті, оны қысқа қылып өреді немесе қияды.
Шөгенді тек ат үстінде ойнау керек деген қағида жоқ. Мысалы, Үндістанда полоны пілмен, араб елдерінде түйемен ойнайды. Ал, 2000 жылы Моңғолияда шөген ең алғаш рет қодастармен ойналды.
Егер доп аттың тұяғына тиіп қақпаға кірсе, ол ұпай - "пони гол" деп аталады.
Қара терге малшынған жануардың жанарында қаһар бар сияқты. Бірақ, мінген атының арқасында қаһарман атанған қаһарлы жануардың иесі де астындағы аттың қадірін біліп тұр.
3 чакерге созылған ойында бірнеше гол соққан шөгеншілер енді тек бір ысқырықты күтетін сияқты. Футболда матч 2 таймға, ал, шөгенде 3 чакерге бөлінеді.
Бірақ, төрешінің ысқырығы әлі шалынбады. Демек, шаршаған ойыншылар әлі бірер минут алаңда жүрері анық.
Алаңда жүрген ойыншының ойға шомып кеткеніне қарағанда, ішінде бір өкініші бар сияқты. "Барымызды салып, жан алысып, жан берісіп жатырмыз. Осы еңбегімізге тәнті болып тұрған біреу бар ма екен өзі?" деп жанкүйерлер орындықтарына көз тігіп тұр.
Өкінішті, әрине.
Дегенмен, мүлде жоқ емес екен. Турнирді тамашалауға келген отбасы төменгі орындыққа жайғасыпты.
Ойын мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Ендігі кезек – марапаттау рәсімінде. Барлық қатысушылар мен көрермендер бүгінгі кештің нүктесін қоятын сәтті асыға күтіп тұр.
Қомақты қаржымен марапатталған қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Алаңда бір-біріне қарсылық танытқан тақымы берік жігіттер ойын соңында арқа-жарқа болып суретке түсіп жатыр. Бұл спорт түрі біздің елде қайтадан қолға алынып, қанаттанып жатыр. Ол ешқашан өшпек емес. Себебі, бұл жігіттердің артында інілері бар.
Қазірден ат құлағында ойнап жүрген інілердің ертеңі жарқын болары анық. Еліміздің даңқын асқақтатып, шөгеннің хас шебері атанатын болашақ батырлар – осылар.