31 желтоқсан «Хабар» арнасы қосулы болсын!

31 желтоқсан «Хабар» арнасы қосулы болсын!

«Хабар» арнасы жылдағыдай Жаңа жылдық кеште көрерменіне көптеген тосын сый әзірлеуде.  Бұл күні әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған бишілеріміз бен сан алуан бағдарламалар эфирдің ажарын аша түседі.  

Дәл осы күндері жұлдыздар жауған күндер болғалы тұр. Себебі барлық бағдарламаларда өнер иелері мен қоғам қайраткерлері, жүргізушілер мен спортшылар қонақ болады.

«Ана мен бала» бағдарламасы нағыз мерекелік алаңға айналады. Балалар табиғи дауыста әндетіп, Астана Циркінен келген клоун мен ит ерекше өнер көрсетпек. 

«Жаңа жыл - негізінен, балалар мерекесі. Сондықтан «Ана мен бала» бағдарламасы балаларға ерекше тосынсый әзірледі. «Ормандағы жаңа жыл» деп аталатын ертегілік қойылым аңдар әлеміне саяxат жасауға мүмкіндік берсе, Аяз ата мен Ақшақар жаңа жылды көңіл күй сыйлайды», дейді жоба продюсері Әсел Тұрсынғазина.

Сонымен қатар «Кто возьмет миллион» жобасының мерекелік шығарылымдарына да өнер саласының мамандары мен «Хабар» Агенттігінің жүргізушілері қатысады.

Кез келген түсірілімге дайындық «гримеркадан» басталады. Бүгін бұл бөлменің астаң-кестеңі шығып, әрлеуші қыздар әбден әбігерге түсті. Бірақ, жұмыстың нәтижесін көрген кезде шаршағаныңды да ұмытасың.  

Санжар Мадиев пен Нұртас Адамбай, Дильназ Ахмадиева мен Нұрлан Абдуллин, Лаура Жақыпова мен Иван Тулинов сынды танымал тұлғаларымыз Серік Акишовтың сан сұрағына жауап беруге тырысады.

Қалай ойлайсыз миллион кімге бұйырады? Біздің өнерпаздарымыз бен жүргізушілеріміздің қалталары қомақты қаржымен толығар ма екен? Жауабын білгіңіз келсе «Кто возьмет миллион» жобасының мерекелік сандарын өткізіп алмаңыздар.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «Ұлттық музыкалық жүлде» байқауы да «Хабар» арнасының көрерменін қуантары сөзсіз. Биылғы жылы іріктеуден өткен 70 әртістің 20-сы жүлдегер атанды. Алматыда өткен музыкалық  марапаттау кешінде әншілер хит әндерін орындап, қалың көпшілікке керемет әсер сыйлаған еді.

Сонымен қатар 31 желтоқсан күні кешкі 22.00-ден бастап «Берекелі жаңа жыл» шоуы басталады.

Шараны Серік Акишев, Майя Бекбаева, Нұрсұлтан Құрман, Нұрсұлтан Есжан, Серік Шәріп, Марат Оралғазин, Ерке Есмахан жүргізеді.

«Биыл жаңа жылда әрбір қазақстандықтың көңіл-күйін көтеру үшін, әдемі әзіл, жақсы ән дайындап жатырмыз. «Хабар» арнасының көрермендерін қазақ  эстрадасының барлық әншілері құттықтап, ең танымал әндерін орындайды» дейді жоба жетекшісі Гүлнұр Мамасарипова.

Бұл бағдарламаның «Берекелі жаңа жыл» деп аталуының басты себебі келесі жылы біздің елімізде көптеген айтулы оқиғалар болады. Мәселен, Астана қаласының 20 жылдығы.  Сол себепті мемлекетімізде береке, бірлік, табыс болсын деген ниет болды дейді арна басшылығы.

Сонымен қатар арнайы осы бағдарлама үшін бірнеше дуэт жазылған. Мәскеу қаласынан қонақтар шақырылыпты. Сондай-ақ өнер иелерінің біразы бұрын еш жерде орындамаған жаңа әндерін осы сахнада орындайды.

Тағы Жаңа жылдық демалыс күндері ең үздік кинолар мен балаларға арналған мультфильмдер де болады. Олай болса Жаңа 2018 жылды «Хабар» арнасымен қарсы алыңыздар!