Хабар телеарнасы көрермендеріне Тасөткел деп аталатын тарихи драма дайындап жатқанын бұған дейін жазған едік. Өкінішке орай туындының көрсетілімі желтоқсан айынан қаңтар айына ауыстырылды. Сондықтан асыға күткен көрерменге телехикаяның түсірілім алаңынан фоторепортаж ұсынбақпыз. Осы орайда Хабар телеарнасынан шығатын фильмді өткізіп алмаудың басты себептерін де айта кеткіміз келеді. Біріншіден, бұл тарихи шындыққа негізделіп түсірілген картина. Кеңес үкіметі тұсында қуғын көрген қандастарымыздың бастан өткерген қилы тағдыры сөз болады. Оқиға желісі бойынша Қасым деген кішкентай бала Ауғаныстанды паналап, сонда ұстаның қолында ер жетеді. Өнерлі жігіт ауған генералының көзіне түсіп, қызмет істеп жүреді. Алайда ол жақтағы саяси тұрақсыздық кезінде генерал көз жұмып, Қасым Түркия асып кетеді. Сонда өмірлік жарын кезіктіріп, тұрақтап қалады. Алайда өзінің кім екендігі, қайда шыққанын білген соң, туған жері Қазақстанға оралуды армандайды. Екіншіден, туындының тарихи мәні, ұрпаққа айтар ой көп. Мысырды билеген бабамыз Сұлтан Бейбарыс өзінің Ұлы даласын сағынып кіндік қаны тамған даласына оралмай ма? Міне, біздің кейіпкер де дәл сондай еліміз егемендік алғанда атажұртына сағынып жетеді. Ұрпағына отаннан артық жәннат жоқ екенін ұғындырады. Сондықтан біз қалың көрерменге Отаннан артық жұмақ жоқ екенін тағыда еске салсақ деген ізгі ниетте болдық, дейді картинаның продюсері Мұрат Бидосов. Үшіншіден, актерлер құрамы. Телехикаяда Бауыржан Қаптағай, Арнұр Құдиярбек, Марат Абай-Ділдә, Дархан Сүлейменов, Ғазиз Сұрапбаев, Ергенбай Әбуов сияқты актерлар, Наргиз Алтайбай есімді жас актриса басты рөлдерді сомдайды. Төртіншіден, түсірілім тобы өз істерінің маманы, нағыз сайыпқырандар. Фильмнің бас продюсері Мұрат Бидосов, бұған дейін Хабар арнасынан шыққан Ақылдың кілті. Өмірдастан тарихи шығармасын түсірген еді. Қоюшы режиссері Бақыттас Санитас, ал сценарийін Сержан Закерұлы жазған. Бесіншіден, декорация. Туынды елімізбен қатар Түркияның Ыстанбұл шаһарында түсірілген. Фильм шынайы шығу үшін қаланың ескі тарапы, сонымен қатар дархан даламыздың таулы аймақтары алынған. Оқиға желісі бойынша Түркия жерінде кейіпкеріміздің адал еңбекпен биік дәрежеге көтерілуі және оның махаббат хикаясы сынды біраз эпизодтар Ыстамбұл қаласында түсірілді. Ол жақта ескі Ыстамбұл шаһары, Мәрмар теңізінің жағалауында түсірілім жұмыстары өтті. Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Керісінше Түркия елі құптап, тиісті мекемелер жақсы көмек берді. Оларға көптен көп рахмет айтамыз, дейді Мұрат Бидосов. Олай болса қаңтар айынан бастап Отан дейтін қасиетті ұғымды өз жанынан биік қойған тағдырлы жандардың өмірі туралы телехикаяны көріңіздер.