Бүгінде ел арасында әскери-техникалық мектеп жайлы айтылып жүрген әңгіме көп.40 күндік әскер деген атаумен танылып кеткен бұл мекемені әркім өздігінше қабылдайды. Кезінде сарбаз өмірінің түрлі қиындықтарын бастан кешкен үлкен буын: Еее, біздің кездегі әскер қазір жоқ қой десе, жақында ғана әскерден келген жас жігіттер: Осыны да әскер дей ме? деп, мұрындарын шүйіреді, жақтырмайды. Дегенмен, бұл жүйені құп көріп, қолдайтындар да бар. Ол, әдетте, Отан алдындағы парызын өтеуге асық, алайда, отбасы мен жұмысына, денсаулығында бар аз-кем ақауына байланысты бір жылдық әскерге бара алмайтын жандар.40 күндік әскер дәл соларға арналған. Мектеп деген сөзі болмаса, бұл мекеме де жігітке өмір мен тәртіпті үйрететін әскер секілді. Бірақ оның кәдуілгі әскерден айырмашылығы 1 жыл емес, 40 күнге созылатындығында. Уақыты қысқа болғандықтан, мұндағы әр сағат тыңғылықты жоспарланған. Осы 40 күнде сарбаз алғашқы әскери дайындықтан өтіп, атқыш мамандығын меңгеріп шығуы тиіс. 40 күндік әскертәрбиеленушілерінің күні қалай өтетінін білу мақсатында Массагет тілшілеріҚазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласында орналасқан әскери-техникалық мектебіне барып, арнайы репортаж дайындап қайтты. Назар салыңыздар. Таң енді атып келе жатқан шақта, сағат 6:00 болды дегенде түнімен ұйықтамай, ғимаратты күзеткен кезекші кезекті күннің басталғанын хабарлап, ротаны ұйқыдан оятады. Кезекшінің дауысы естіле сала казармалардағы сарбаздар орындарынан атып тұрып, көрпе-жастығын жинамастан киіне бастайды. Ондағы мақсат тезірек далаға шығып, таңертеңгілік сапқа тұру.Заң қатал.Кешіккендер кешірілмейді. Сарбаздардың асығу себебі де содан. Бірақ асығыстық танытамын деп ұқыптылықты да ұмытпаған жөн екенін олар жақсы біледі. Соны ескеріп, жүгіріп бара жатып бірі белдігін түзеп, бірі бас киімін жөндеп әлек. Сарбаздар түгелімен сыртқа шыққан сәтте сапқа тұрады. Олармен қатар белгіленген уақытта командир де даладан табылады. Сәлемдескеннен кейін таңғы жаттығу басталады. Алып шаһар ұйқыдан енді оянып жатқан шақта сарбаздар жаттығуларын аяқтап та үлгереді. Одан кейін аздаған үзіліс жарияланып, жігіттерге өздері мен жатын орындарын қалыпқа келтіру мүмкіндігі беріледі. Сарбаздар әскердің айнасы іспеттес. Сол себепті қай кезде де оларға аса ұқыпты болу шарт. Ұқыптылықты күнара взвод командирі тексеріп тұрады. Айта кетерлігі, командир тәрбиеленушілердің өз ішінен таңдалады. Аздаған үзілістен кейін таңғы асқа да кезек беріледі. Жігіттер өздеріне берілген он минуттатойып тұрып тамақтануға тырысады. Өйткені, ас адамның арқауы. Түске дейін жасайтын жаттығу көп. Оның бәріне күш-қуат қажет. Таңғы астан кейін сап қайта түзеліп, ел байрағы көкке көтеріліп, мемлекеттік әнұран шырқалады. Осыдан кейін тәрбиеленушілер арасынан төрт жігіт кезекшілікке жіберіледі. Ал өткен тәулікте кезекші болғандар қайта қатарға қосылып, көпшілікпен бірге әскери машықтарын жетілдіруге кіріседі. Мұнда: Сен кеше кезекші болдың ғой, барып демалып кел, - деп, ешкім басыңнан сипамайды. Кезекшілер ауысқаннан кейін сарбаздар саппен жүріп, ән салады. Мұндағы мақсат: жігіттерді ұйымдасуға, бірін бірі жақсы түсінуге үйрету. Саппен жүріп болғаннан кейін тәрбиеленушілер казармаға кіріп, сырт киімдерін шешеді. Ендігі дәрістер ғимарат ішінде өтпек. Сарбаздар арнайы кабинеттерге рота-рота бойынша бөлініп, түрлі пәндерден сабақ алады. Мұнда кәдімгі мектеп немесе универсеттегідей дәріс тыңдаушылардың кітап-дәптері болады. Тек басты ерекшелік өтетін пәндерінде. Оның бәрі әскерге қатысты. Сарбаздарға қару-жарақ түрлері, олардың ерекшеліктері таныстырылып, соғыс жағдайында қалай әрекет ету керектігі түсіндіріледі. Одан бөлек, әскери топография, әскери медицина сынды сарбазға аса қажет дүниелер де үйретіледі. Ғимарат ішіндегі сабақтар түскі асқа дейін жалғасады. Одан кейін дәріс барысында көрсетілген қаруды қолға алып, сарбаздарға далада жаттығуға мүмкіндік беріледі. Автоматты тәрбиеленушілерге тапсырар кезде бәрі арнайы құжатқа тіркеледі. Артынша, қару осы тізім бойынша қайта өткізіледі. Автомат қолға тигеннен кейін сарбаздар далаға шығып, әскери машықтарын жетілдіруге кіріседі. Мұнда қаруды дұрыс ұстау, оны шашып-жинау сынды дәрістер өткізіледі. Қарусыз қалған жағдайда қалай әрекет ету керек?, Қарсыластың оғынан қалай қашып құтылуға болады? деген секілді сұрақтардың жауабын да осы арадан табуға болады. Командир тәрбиленушілерге қарудың әскердегі маңызын қатал түрде түсіндіруде. Әскери қаттылыққа сарбаздардың еті осылай үйренеді. Даладағы жаттығудан кейін сарбаздар өздеріне тиесілі қаруды тазалап, оны қайтадан қоймаға өткізеді. Айта кетерлігі, бұл жерде қару оқталмайды, оны оқтап ату үшін арнайы алаң керек. Ол алаңға сарбаздар осы 40 күн ішінде 2 рет барады. Ату-жаттығу жұмыстары сол арада өтеді. Оған дейін жігіттерөздерінің көздеу икемдерінлазерлі автомат арқылы тексереді. Бұл қауіпсіз әрі уақыт жағынан тиімді. Арнайы бөлмеде орналасқан компьютер түрлі деңгейдегі тапсырмалар беріп, сарбаздардың машығын арттыруға көмегін тигізеді. Қаруға берілген уақыт осылайша аяқталады. Кешке жақын тәрбиеленушілерге аздаған үзіліс беріледі. Бұл үзілісті әркім әрқалай пайдаланады. Біреулер шахмат ойнайды, біреулер мекеме кітапханасына кіріп, кітап оқиды. Үшіншілер арнайы залда денелерін шынықтырады. Бой сергітіп, теннис ойнаймын деушілер болса, мархабат! Киім-кешегін үтіктеп, жағаларын ретке келтіремін дейтіндерге де шектеу жоқ. Бастысы үзілісті мейлінше пайдалы өткізіп, кешкі сапқа тұру уақытына кешікпеу. Алайда, көпшілік бар жерде тәртіп бұзылу ықтималдығы да жоғары болады. Сол тәртіптің бұзылуы осы күнге түскен екен. Сарбаздар уақытында сапқа тұрып үлгермей, бүкіл взвод сөгіс алды. Айыбы суретте көрсетілген. Тәрбиеленушілер айыбын өтегеннен кейін қайта сапқа тұрды. Осыдан кейін күнделікті дағды бойыншаотбасылы жандар үйлеріне жіберіледі. Ал қалған сарбаздар кешкі ас ішіп, казармаларға кіреді. Жатар алдында үзілісте аяқталмай қалған шахмат партиясы жалғасын тауып, өнері барлар ән айтып, күй шертеді. Аздаған уақыттан соң кезекші ұйықтайтын уақыт келгенін хабарлап, жігіттер өздеріне тиесілі орындарына жайғасады. 40 күндік әскер сарбаздарының бір күні осылай өтеді.