Ал сіз Медеуге қашан барасыз?
Алып шаһар Алматының кез келген тұрғынына барып: "Қайда демалуға кеңес бересіз?" деп сұрасаңыз, көп нұсқаның ішінде міндетті түрде "Медеу мұз айдыны" деген жауаптың болатыны анық. Іле Алатауының баурайында, теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте тұрған айдын сонау 1972 жылы салынып, 2010 жылы қайта жөндеуден өткен және әлі күнге дейін еліміздегі маңызды спорттық нысандардың қатарына кіреді. Арихитекторлар Арыстан Қайнарбаев пен Владимир Кацевтің жетекшілігімен салынған стадионға бүгінде 8100 адам сияды. Ал, жалпы мұз алаңының көлемі 10 мың шаршы метрден асады. Бұл – кешенде конькимен жүгіру, шайбалы және допты хоккей, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай жарыстардың қатарына 2011 жылы болған қысқы Азия ойындарын, 2012 жылы өткен Бендиден Әлем чемпионатын, 2017 жылғы қысқы Универсиаданы жатқызуға болады.
Деректер бойынша, мұз айдынының атауы Жетісу өңірінде патшалық Ресей үстемдігінің орнауына қарсылық танытқан және қоқандықтарға қарсы күресте Сұраншы батырмен тізе қосқан Пұсырман батырдың ұлы Медеудің құрметіне қойылған. Медеу өз кезінде өте ауқатты және беделді тұлға болған. Билік өкілдерінен рұқсат ала отырып, ол осы Кіші Алматы аңғарына үй салып, малын баққан деседі. Қаланы көгалдандырып, ағарту ісімен айналысқан азамат өмірден озғаннан кейін, оның есімі осы маңдағы ел аузынан түспей, артынша мұз айдынына және плотинаға атау болып берілген.
Бүгінде алматылықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышы саналатын кешен – көпшіліктің сүйіп демалатын орны. Ел туризмін дамытуда бұл айдынның сіңірген әрі сіңіретін еңбегі оразан зор. Әсіресе, демалыс күндері мұз үстімен сырғанауды қалап келетіндер көп. Жақында Массагет порталы алмалы қала тұрғындары мен қонақтарының "Медеудегі" кезекті кешін суретке түсіріп, арнайы репортаж дайындаған еді. Соған назар салыңыздар.
120-дан астам әлемдік рекорд орнатылған "Медеу" жыл бойына жұмыс істейді. Алайда, оның тек бес айында ғана коньки тебу мүмкіндігі бар. Әдетте мұзда сырғанау маусымы қазанның ортасында ашылып, наурыздың ортасында жабылады. Ал, осы аралықта кешен аптасына алты күн – сейсенбі мен жексенбі аралығында жұмыс жасайды. Дүйсенбі – техникалық күн болып есептеледі.
Мұзда сырғанау әр күні екі ауысым бойынша жүзеге асады. Күндізгі ауысым сағат 10:00-де басталып, 16:00-ге дейін жалғасса, кешкі ауысым 18:00 мен 23:00 аралығында өтеді. 16:00 мен 18:00 ортасы – үзіліс. Бұл кезде мұз тазаланып, айдын қайта қалпына келтіріледі.
Елдің көбі кешкі ауысымға баруды қалайтындықтан, біздің шығармашылық ұжым да осы уақытты таңдады. Байқағандарыңыздай, касса алдында кезек көп. Қаладан "Медеуге" дейін қоғамдық көлік қатынайтындықтан, мұнда келем деушілер жол мәселесіне бас қатырмайды. Содан болар, кеш болғанына қарамастан, көпшілік арасында, тіпті, сынып болып келген оқушыларды да байқауға болады.
Билет құны екі ауысымға да бірдей. Кешенге өту үшін ересек адам 1800 теңге, 13 пен 23 жас аралығындағы жастар 800 теңге, 7 мен 12 жас аралығындағы балалар 400 теңге төлеуі тиіс. 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен зейнеткерлерге кіру – тегін. Ыңғайсыз жағдайда қалмау үшін, сыртқа бір шыққан адам ішке қайта кірем десе, жаңа билет сатып алу керектігін де біліп жүріңіз.
Ішке кезексіз немесе билетсіз өтіп кету деген атымен жоқ. Себебі, мұнда арнайы турникеттер қойылған. Олардың жанында бақылаушылар да тұр. Көпшілік спорт кешені орнатқан ережені қатаң сақтайды.
Айдынға ағылып жатқан халықтың ішке кіргендегі алғашқы ойы – кешенді тамашалау емес, аяқ киімді конькиге ауыстыру.
Оның себебі мына белгіде жазылған: "Мұзға сырғанақтарсыз шығуға тыйым салынады!".
Трибуна астында аяқ киім ауыстыратын арнайы орын бар. Іші жылы және киім-кешек қоятын гардероб пен дәретхана да осында. Кофе ішемін десеңіз, кафетерий де тұр.
Төменге түсіп, көпшілікпен қабаттасқыңыз келмесе, стадион орындықтарына отырып-ақ конькиіңізді киіп алсаңыз болады. Артық заттарыңызда да осында қалдыра аласыз. Сырғанап жүргенде анда-санда қадағалап қойсаңыз жеткілікті. Мұнда біреудің затына басқа біреу тиіспейді. Бұл – жазылмаған заң.
Коньки демекші, оны өзіңізбен әкелсеңіз, рұқсат немесе мұз айдынынан жалға ала аласыз. Бағасы 33-ші өлшемге дейін 2 сағаты – 500 теңге, 34-ші өлшемнен бастап 2 сағаты – 1000 теңгені құрайды.
Сырғанау кезінде аса маңызы бар бұл бұйымды таңдауға жауапкершілікпен келген жөн. Сатып аласыз ба, жалға аласыз ба – маңызды емес. Конькиді киіп көргенде аяғыңызға ыңғайлы болуын қадағалаңыз. Өйткені, мұзға шыққанда жайсыздық сезімі күшейе түседі. Ыңғайсыз болған коньки аяқты қажап қана қоймай, табаныңыздың сүйектерін ауыртып, сырғанаудан толық ләззат ала алмай қаласыз. Сонымен қатар, сәтсіз таңдалған конькимен сырғанау кезінде тобықты қайырып алу қаупі артады. Егер конькиді жалға алсаңыз, өзіңізбен бірге басы артық шұлық және таза бір үлкен әрі екі кішкентай целлофан ала келіңіз. Шұлықтың қызметі белгілі – тоңсаңыз, жылылық береді. Ал үлкен целлофанға өз аяқ киіміңізді саласыз, екі кішкентай целлофанды шұлықтан кейін аяғыңызға киіп алғаныңыз жөн.
Бұйымның сырт пішіні мен түсіне жайлылық мәселесін шешкеннен кейін ғана назар аударыңыз.
Кешенге кіргізуге рұқсат етілген заттардың қатарында тағам да бар. Бірақ, үйден тамақ пісіріп әкелуге ерінсеңіз немесе жолай сатып алуды ұмытсаңыз – уайымдамаңыз. Спорттық нысан ішінде неше түрлі өнімдерді сатып жатқан дүкендер жетіп артылады. Дегенмен, олардың бағасы да қымбат екенін ескертеміз.
Конькиді кигеннен кейін елдің бәрі мұзға шығуға асығады. Өйткені, қызықтың бәрі айдында.
Біреулер құлап жатыр.
Екіншілер құламаудың амалын іздеп, жаңа жүре бастаған баладай тәй-тәй басып келеді.
Үшіншілер, керісінше, адамдар арасымен аққан жұлдыздай зулап өтіп барады. Жылдамдықты сүйетін бұл жандар, әдетте, беттерін жауып алады. Мақсат – біреуден жасырыну немесе мақтан емес. Мақсат – қатты жылдамдық кезінде қарсы беттен соғатын суық желден қорғану.
Айта кетерлігі, мұзға шыққанда сақталатын бірнеше ереже бар. Соның бірі – үнемі сағат тіліне қарсы бағытта сырғанау.
Бұл ереженің сақталуы – өте маңызды. Өйткені, айдында жүрген халық көп. Әркім өзі қалаған бағытта сырғанаса, айнала қалай-мақан болар еді.
Қатты келе жатқан екі адам соғылса, екеуі де денсаулығына зақым тигізер жарақат алуы ықтимал. Сондай-ақ, сол сәтте сол жерде тұрған үшінші бір жанға зардап тигізуі мүмкін.
Тек мұз ортасында ғана бағыт таңдауға еркіндік беріледі. Бұл жерде әдетте сырғанауды енді үйреніп жүрген немесе шетпен сырғанаудан шаршағандар жүреді.
Сол себептен де мұнда қатты жылдамдықпен сырғанауға болмайды деген өз ережесі бар.
Бір жақсысы, айдында кішкентайлардың еркін сырғанауына арналған арнайы орта бар. Ол ағаш қоршаумен қоршалған және ішіне ересектерге кіруге рұқсат жоқ.
Сырғанауды енді үйреніп жүрсе де: "Ересектер арасында сырғанағым келеді" – дейтін баүлдіршіндерге де жағдай жасалған. Олар пингвин пішіндес арнайы құралды алып, соған сүйену арқылы еркін сырғанай алады.
Пингвиннен бөлек, коньки тебуді үйрететін арнайы тіреуіштер де бар.
Олардың көмегіне балалар ғана емес, ересектер де жүгініп жатады және бұл "ұят" болып есептелмейді. Елдің бәрі Денис Тен емес қой. :) Құлап қалып, зардап алғаннан, осылай сақтанған абзалырақ.
"Тепе-теңдікті жоғалтып алып құлап жатсаңыз – тұруға асығыңыз. Өйткені, ары-бері ағылған халық көп. Біреу айналып өтсе, екінші біреу соғып кетуі де ғажап емес. Сондай-ақ, біреудің құлағанын көрсеңіз – қол созып, тұрғызып алыңыз" – бұл "Медеудегі" кезекті ереже.
"Медеуде" жүрген жұрттың жас шамасы да әр алуан.
Көпшілік ішінен немересін спортқа баулыған қарияны, ұлына коньки үйреткен әкені, сүйіктісін құлатпауға тырысқан жігітті де кездестіресіз.
Сол жігіттер кейде осы арада сүйіктілеріне тосын сый жасап жатады.
Сондай тосын сыйлардың бірі біз барған күні де болды. Жанына достарын ерткен жас сарбаз "Медеу" мұз айдынының үлкен экранына сүйіктісінің суретін шығарып, оған елдің алдында сөз салып, мәңгілік жары болуға ұсынысын жасады. Қыз келісімін берген сәтте тек жігіт емес, осы оқиғаның куәсі болған көпшілік те қуанып, жастарды құттықтап жатты. Осылайша екі ғашық айданда жүрген жұрттың көңілін бір көтеріп тастады.
Бұдан кейінгі әңгіменің барлығы дерлік ұсыныс жайына ауысты.
Әсіресе, қыздар жағы көргендерін әлеуметтік желіге бөлісуге асығып, жан жаққа ақпарат таратып жатты.
Айтпақшы, кешен әкімшілігі мұз үстінде тұрып телефон қолданбауға кеңес береді. Телефонға алаңдаған адамның есту, айналаны байқау қабілеті төмендейтіні анық. Бұл өз кезегінде біреумен соқтығысып қалудың тағы бір себебі.
Бұл жерде тек бірнеше жағдайда телефон қолданған дұрыс. Бірі, әрине, шұғыл қоңырау түскенде. Екіншісі, көп адамның ішінен таныстарыңызды таба алмай қалғанда. Оның өзінде де қоңырауды шетке шығып немесе айдынның ортасындағы адам аз сырғанайтын бөлігіне барып жасаған жөн. Әйтпесе, бір-біріне қарама-қарсы сырғанаған құжынаған адамның арасында құлап қаласыз, болмаса телефоныңызды таппай қаласыз.
Сағат тілі 23:00 болғанда "Медеуге" келген қонақтың бәрі сыртқа шығарылады. Алайда, кешеннің жұмыс күні мұнымен аяқталмайды. Коньки жүзінен мұз беті сырылатындықтан, айдын күдір-күдір болып қалады. Мұның шешімі де табылған еді. Мұз бетіндегі күдірді үш сағат сайын тазартып, бетін тегіс әрі жылтыр ету үшін арнайы техника жұмылдырылады. Техника алаңды бірнеше рет айналып, мұздың бетін тазалап жатқан сәтте кешеннің іші де ретке келтіріледі. Осылайша трибуна мен мұз қалпына келтірілгеннен кейін ғана айнала тынышталып, айдынды қоршаған алып таудағы тіршілік атаулы қалың ұйқыға кеткен шақта "Медеудің" кезекті күні де өз мәресіне жетеді.
Ал сіз Медеуге қашан барасыз?