Шығыс Қазақстан облысындағы Поперечное ауылы былтыр Қазақстанның үздік бес туристік ауылының қатарына кірген.
Ауылдың тарихы екі ғасыр бұрын басталған. Ал бүгінде бұл жерге саяхатшылар жиі келеді. Олар тыныштықты, тұмса тұнық табиғатты және көз тартар көріністерді көру үшін арнайы келеді. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәтке алыстап, телефондағы толассыз хабарламаларды ұмытып, әлемге экран арқылы емес, өз көзімен қарау үшін жол тартады.
Бір қызығы, бұл ауыл әкімшілік жағынан Риддер қаласына қарайды. Бірақ қаладан ауылға жету үшін шамамен бір сағат уақыт кетеді.
Шыны керек, жайлы жолды күтудің қажеті жоқ. Республикалық маңызы бар тасжол болса да, асфальт төселмеген.
Есесіне, жол бойындағы көрініс, шынында да, таңғалдырады. Жол білетін адаммен бірге саяхаттасаңыз, жол-жөнекей көптеген қызық мәліметті естуіңіз ғажап емес.
Шығысқазақстандық гид әрі өлкетанушы Елена Лямкина жол бойындағы алтай тролін көрсетті.
Алтай троллі - жергілікті алқапты көмкеріп, бірден көзге түсетін ашық қызғылт сары гүлдің тағы бір атауы. Сарыгүл.
Осылайша, ертегідей әсем көріністерге тамсанып, Поперечное ауылына да жетесіз. Бір кездері бұл староверлердің ауылы болған.
"Поперечное ауылы 1832 жылы құрылған. Бұл - Үбі өзені бойындағы ең жоғарғы ауыл. Ол Ақ Үбі өзенінің жағасында орналасқан, кейін ол Қара Үбімен, содан соң Үбімен қосылады. Бұл - "поляк староверлердің" ең қиырдағы ауылы. Бірақ староверлер мұнда тек Үбінің төменгі жағынан емес, сонымен қатар, асулар арқылы, яғни Алтайға қоныстанған староверлер де келген", - дейді өлкетанушы Елена Лямкина.
Староверлер (немесе ескі салтты ұстанушылар) - XVII ғасырда орыс православие шіркеуінде патриарх Никонның құлшылық ету кітаптары мен жоралғыларды грек үлгілері бойынша бірегейлендіруге бағытталған реформаларынан кейін пайда болған діни ағым өкілдері. Шіркеу бөлінісінен кейін староверлер қуғын-сүргіннен қашып, биліктен алыс, яғни қалың орманды және таулы аймақтарға кете бастаған.
"Нәтижесінде бұл ауылда староверлердің де, никониандықтардың да төрт түрлі тармағы қоныстанды. Бұл - әртүрлі дін тоғысқан орта. Бірақ мұндағы адамдар әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүрген", - дейді гид.
Кеңес дәуірінде Поперечное халқының саны төрт мың адамға дейін жеткен. Мұнда екі үлкен орман кәсіпорны жұмыс істеген. 90-жылдары олар жабылып, тұрғындардың басым бөлігі көшіп кеткен.
Осы ауылдың негізін қалаған ағайынды Фёдоровтардың ұрпақтары, байырғы тұрғындар - Галина, Роман және Ирина ән дайындау, шай ішіп, жаңалықтарды талқылау үшін жиі бас қосады.
Олардан Поперечное атауы қайдан шыққанын айтты:
"Кейбіреулер ауылдың атауын оның жергілікті басты өзеннің ағысына көлденең орналасуымен байланыстырады. Тағы бір нұсқа бойынша мұнда үнемі қарсы шығып жүретін "ерекше жандар" тұрады. Бойымызда осындай қайсарлық рух бар, біз әрқашан өз дегенімізді жасаймыз. Жалпы біз адамға алдымен сынай қараймыз. Бұл - біздің қанымызда бар қасиет, өйткені бабаларымыз қуғын-сүргіннен қашып келгендіктен, өте сақ болған. Әрдайым: "Кім келсе де, біздің "поперечка" кез келген адамның шынайы бет-бейнесін ашып береді" дейміз".
Сонымен қатар, олармен ауыл өмірі туралы да айтты. Кейбіреулер Поперечное ауылының сұлулығы мен құнарлы жері туралы білгенде, осында көшіп келуге бел байлайды. Өкінішке қарай, бәрі бірдей бұл жерде тұрақтап қалып қоймайды.
"Кейбіреулер шыдамай кетіп қалады. Дегенмен кімнің қолынан іс келетінін бірден көреміз. Адам шаруақор болса, бірден байқалады", - дейді жергілікті тұрғындар.
Бүгінде Поперечное ауылында жүзден аса адам тұрады. Мұнда жиырмаға жуық бала оқитын мектеп жұмыс істейді. Ал бірнеше жыл бұрын ауылға орталық су жүйесі тартылған.
"Жиырма жыл бойы суды өзіміз тасыдық. Жазда иінімізбен, қыста шанамен таситынбыз. Қырық градус аязда өзенге барып, мұз ойып, су толтырып, үйге сүйреп әкелетінбіз. Күніне үш рет: таңертең, түсте және кешке осылай қайталанатын. Кір жуу, тамақ пісіру, малды суару, өзің жуынуың керек дегендей. Қазір рахат. Бір жыл ішінде су құбырына үйреніп қалдық. Соның өзінде әлі күнге дейін әдет қалып қойған, судың артығын төкпейміз. Бәрін үнемдеп жұмсаймыз", - дейді тұрғындар.
Ауылда ұялы байланыс жұмыс істемейді. Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәдениет үйі маңында Starlink-ке қосылуға болады. Десек те бұл Starlink емес, OneWeb жүйесінің спутник интернеті екені белгілі болды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Поперечныйдағы ескі дінді ұстанушылардың өзі өте аз қалған. Көбіне ұрпақтары тұрады. Дегенмен бұрынғы тұрмыс-салттың кейбір ерекшеліктері әлі күнге дейін сақталған.
Мысалы, тұрғындар ежелден келе жатқан түрлі дұғалар мен арбауды біледі.
"Арбау мен дуалау - әжелерімізден қалған дүниелер. Мысалы, сиырдың желіні ауырса, оны қалай дуалау керек екенін білеміз немесе балаға көз тисе, оны оқу. Өйткені кейде біреу суық қарап өтсе, кейін бала тоқтаусыз жылай береді. Суға дем салып, бетін жуғанда, бала бірден тынышталады. XXI ғасырда мұндайға сену қиын шығар. Бірақ бұл, шынында да, көмектеседі. Бізде толғақ қабылдайтын, бедеулікті емдейтін, буын салатын әжеміз болған", - дейді Ирина Абакумова.
Поперечное ауылын аралап жүріп, ертегідей атмосфераға енбеу мүмкін емес.
Әрбір қоршау, әрбір үй бейне бір жәдігер іспетті.
Мұнда жүз жылдан аса тарихы бар ерекше қонақүй де бар. Оның іші шағын мұражайға ұқсайды: онда көне тұрмыстық бұйымдар жиналған.
Гид Елена Лямкина пештің үстіндегі ілгекке назар аударды. Оның сөзінше, бұрын оған бесік ілетін болған. Осылайша сәби жылы жерде болып, тез ұйықтап кетуі үшін оны тербетіп отырған.
Поперечное ауылының ауыл шаруашылығы саласында да әлеуеті өте зор. Мұнда жер-жерден қонақтар ағылып келіп жатқанына қарағанда, туристік әлеуеті де жоғары.
Осындай әлеуетін дамытса, мұндай жерлер қаңырап бос қалмай, керісінше жаңа тыныс алып, жандана түсері анық.