20 жылдық уәде ақыры іске аса бастады: Алматыдағы LRT туралы не белгілі?

20 жылдық уәде ақыры іске аса бастады: Алматыдағы LRT туралы не белгілі?

Алматыдағы Төле би көшесі бірнеше айдан бері көлік кептелісінен көз ашпай келеді. Қарбалас уақытта мұнда жеңіл көліктер де, автобустар да, таксилер де, тіпті коммуналдық қызметтің көліктері де ұзын-сонар кептелісте тұрады. Бұған себеп - қала билігі жиырма жылдан аса уақыт бойы уәде етіп келген LRT құрылысы. Осы уақыт ішінде әкімдер ауысып, жоба мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, бюджеті ұлғайды. Ақыры құрылыс басталып, алғашқы кезеңге 61 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Соның салдарынан қаланың негізгі жолдарының бірі ірі құрылыс алаңына айналды.

Мамырда Төле би көшесі бойында бөлшектеу жұмыстары басталды. Қала тұрғындары жол учаскелерінде жатқан бетон шпалдарды, рельстерді, қазылған топырақ үйіндісін, сондай-ақ, бұзылған трамвай жолдарын байқады. 

© Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Жөндеу жұмыстарына қарамастан, көліктер еш қиындықсыз өтіп жатты, кептеліс туындаған жоқ. Ал бұл - арада екі ай өткеннен кейінгі көрініс:

© Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Әсіресе, Төле би мен Сейфуллин көшелері қиылысында немесе "Сайран" автовокзалы маңында көлік кептелісі өте айқын байқалды.

© Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Кептелістен қоғамдық көлік қозғалысы айтарлықтай баяулады.

© Tengrinews.kz / Александр Григорянц

Алматыдағы LRT жақында Астанада іске қосылған жобамен бірдей емес. Алматыда жобаны жерүсті көлігі емес, жүйрік трамвай форматында жүзеге асыру жоспарланған.

Алматы LRT тарихын урбанист Давид Камински "Әрекетсіздік хронологиясы" атты мақаласында толық баяндап берген. Бұл жоба туралы алғаш рет 2003 жылы айтыла бастаған. Еуропалық үлгідегі жүрдек трамвай бағыты Төле би көшесінің бойымен өтеді деп жоспарланған. Тіпті бұл бағытты Қалқаманға, Көктөбе мен Медеуге дейін жеткізу идеялары да талқыланған. 

2008 жылы LRT-ның бірінші желісінің нақты трассировкасы жарияланды. Пилоттық желі ретінде Момышұлы, Төле би, Байтұрсынов, Мақатаев және Райымбек көшелеріндегі қолданыстағы трамвай желісін пайдалану көзделді. Оның ұзындығы 13,8 шақырым деп көрсетілді. Құрылыс жұмыстары бір жарым немесе екі жылға созылуға тиіс еді.

Global Infrastructure Leadership Forum презентациясынан алынған скриншот

Одан бір жыл бұрын әкімдік құрылысты бастау үшін инвестиция тартуды да қолға алған болатын. Жобаның құны 127 миллион еуроға бағаланды.

2010 жылы жобаның алғашқы мәліметі белгілі болды. LRT автомобиль трафигінен толық оқшауланған, бағдаршамның арнайы жұмыс режимі арқылы қиылыстарда басымдыққа ие жүрдек трамвай желісі ретінде жоспарланды. Бағыт бойында арақашықтығы шамамен 750 метр болатын 18 аялдама орналастыру, ал жолаушыларды әрқайсы 200 адамға дейін сыйдыратын 28 заманауи көп секциялы трамваймен тасымалдау көзделді.

2012 жылы Алматы әкімі Ахметжан Есімов Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) болашақ LRT жобасы аясында 14 шақырымдық трамвай жолдарын жаңартуды қаржыландыру туралы меморандумға қол қойды. Банк мәліметінше, жобаның болжамды құны 300 миллион доллар болған.

LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінен алынған скриншот

Екі жылдан кейін билік заң жобасы төңірегінде LRT-ның бірінші желісін іске қосу 2018 жылға жоспарланғанын мәлімдеді. Ол уақытқа қарай жобаның ауқымы айтарлықтай кеңейіп, желі ұзындығы 14-тен 22 шақырымға дейін ұзарды.

Сол кезде алғашқы желінің құрылысына арналған байқау 2016 жылы басталуы мүмкін екені айтылды. Маршрутқа қызмет көрсету үшін әрқайсының құны шамамен 582 миллион теңге болатын 34 заманауи трамвай вагонын сатып алу жоспарланды. Ал жобаның жалпы құны 44,6 миллиард теңгеге бағаланды.

2016 жылы іске қосу мерзімі 2020 жылға ауыстырылып, жоба құны 100 миллиард теңгеге жуықтады. Кейінгі жылдары құрылыстың басталу күні, конкурстарды өткізу мерзімі мен болжамды іске қосу уақыты бірнеше рет өзгерді. Құрылысты алдымен 2018 жылы, кейін 2019 жылы, одан соң 2020 жылғы бірінші тоқсанда бастауға уәде берілді.

Сурет almaty-lrt.kz сайтынан алынды

Бетбұрыс 2019 жылы, қаланың жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл жоба еліміздегі ең ірі мегаполис үшін де тым қымбатқа түсетінін мойындаған кезде болды. Оның сөзінше, ол кезде тек құрылыс-монтаждау жұмыстарының өзі 123 миллиард теңгеге бағаланған және жобаның жалпы құны айтарлықтай өскен.

Осыдан кейін LRT туралы бес жыл бойы айтылмады, бірақ 2024 жылы Алматы қалалық мобильділік басқармасы бірінші желі құрылысының жаңа техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 343,8 миллион теңгеге конкурс жариялады. Конкурсты "Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты" ЖШС жеңіп алды. Келісімшарт қорытындысы бойынша сома 309,4 миллион теңгеге дейін төмендеді.

Мемлекеттік сатып алу порталы мәліметінше, мердігерге 53,5 миллион теңге төленген, алайда жұмыс бәрібір орындалмаған. Билік ұйым өз міндетін мерзімінде орындамағанын мәлімдеді. Ал институттағылар әкімдік бастапқы мәліметті дер кезінде бермегенін хабарлады.

2025 жылы жағдай өзгерді. Желтоқсанда Алматы қаласының қазіргі әкімі Дархан Сатыбалды BRT мен LRT бүкіл қаланы қамтитынын айтты. 

Алматыда көптен күткен LRT құрылысы биыл сәуірде басталды. Бүгінде LRT-ның бірінші желісінің тек бірінші кезеңі салынып жатыр. Бұл - жобаның ең бастапқы кезеңі. 

Бірінші желінің алғашқы учаскесі 18,3 шақырымға созылады. Құжаттарға сәйкес бағыт ЖЭО-2-ден шығысқа қарай, Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасында орналасатын деподан басталады. Деподан шыққан пойыздар Бауыржан Момышұлы көшесімен оңтүстікке қарай, Төле биге дейін жүреді. 

Бұдан әрі желі Төле би бойымен шығысқа қарай бұрылып, Абылай хан даңғылына дейін барады. Содан кейін бағыт Абылай хан бойымен солтүстікке қарай, Алматы-2 теміржол вокзалына бұрылады. Соңғы аялдама "Райымбек батыр" метро бекетінің маңында болады деп жоспарланған.

Алматының жаңартылған бас жоспарынан алынған скриншот

Бұған дейін әкімдік бірінші желіде 34 аялдама қарастырылатынын, оның 12-сі арал, ал 22-сі жағалау типінде болатынын хабарлаған еді. Олар Төле би, Момышұлы және Абылай хан көшелерінің бойында орналасады. Тіпті қоғамдық көліктің жолақысы шамамен қанша теңге болатыны аталды: 120 теңге. 

Бір заманауи трамвай 285 жолаушыға дейін сыйғыза алады, ал оның орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 35 шақырымнан аспайды. Пойыз құрамдарының сыртқы келбеті енді мынадай болады:

Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасынан алынған эскиз

Бастапқыда 2029 жылы Алматыда LRT іске қосылады деп жоспарланған болатын. Қаланың Бас жоспары жобасында бірінші учаске 2028 жылға дейін салынатыны көрсетілген еді, алайда жақында қала билігі трамвай қозғалысы 2027 жылдың өзінде-ақ іске қосылатынын мәлімдеді.

Тағы екі LRT желісін 2040 жылға дейін салу жоспарланған. Олардың біреуінің ұзындығы 19 шақырым, ал екіншісінікі 29 шақырым болмақ.

Дереккөз: Tengrinews.kz