«Пәленшеевтер» сериалының екінші маусымы жалғасын табады

«Пәленшеевтер» сериалының екінші маусымы жалғасын табады

«Пәленшеевтер» сериалының екінші маусымы жалғасын табады. Көрермен көзайымына айналған телетуындының шығармашылық тобы бір жарым жылдық үзілістен соң қайта оралды. Бұл жолы картина алғашқыдан да қызықты бола түседі дейді ұжым.    

Фильмнің екінші маусымында да Пәленшеевтер отбасының бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Біздің кейіпкерлер тыныш өмір сүріп жатқан кезде, қастарына Төленшеевтер көшіп келеді. Қызыққа толы өмір осыдан кейін басталады.

Әдемі қазақы қалжыңға құрылған туындыда басты рөлдегі апа мен атаның рөлін Лидия Кәденова мен Бақытжан Әлпейісов сомдайды.

Актерлер арасындағы үйлесім экран сыртынан да көрініп тұрады. Бірін-бірі қағытып отыратын қариялар кинода ғана емес, өмірде де қалжыңдағанды жақсы көреді.

«Не болса да, шын жүректен жасап жатырмыз. Бұл – көп адамның адал еңбегі. Сондықтан көрермен көңілінен шығады ғой деп ойлаймын. Бұдан керемет философиялық дүние күтпейміз. Бірақ демалыс үшін, тәрбиелік маңызы үшін көруге болады», - деп ҚР Еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова «Хабар» арнасына сұхбат беруде.

Газет оқығанды жақсы көретін Пәленшеев атамыз «Түгеншеевтің баласы анау, Түгеншеевтің баласы мынау...» деген сөздерді жиі айтады.

Пәленшеевтердің үшінші ұлы Ерік пен режиссер Төребек Бейсебаев. Еріктің рөлінде актер Еділ Анарбай.

«Әр режиссердің өзіндік почеркісі болу керек. Сондықтан бұл кішкене басқашалау болады. Бірінші сезонға қарағанда екінші сезон қызығырақ болады деп сеніп айта аламын» - дейді Төребек Бейсебаев.

Фильмнің сценариі әдемі әзіл мен астарлы қалжыңға негізделген. Қызықты оқиғалардың ортасында жүріп, түсірілім алаңында шаршағанымызды ұмыттып кетеміз, – дейді шығармашылық топ өкілдері.

Сондықтан болар, тіпті актерлерді әрлеп жатқанда да олар образдарынан шықпай, айналаға күлкі сыйлап жүреді.

Жаңа маусымда кейіпкерлер мен режиссер ауысқан. Бірақ авторлардың айтуынша, басты ұстаным өзгермейді. Түймедей нәрседен түйедей дүние жасайтын Пәленшеевтер қандай жағдай болса да, бір шаңырақта, мол дастархан басында жиналуды ұмытпайды.

Картина 30 бөлімнен тұрады. Олай болса, «Хабар» телеарнасынан «Пәленшеевтер» телесериалының екінші маусымын тамашалаңыздар.