1-күн: Үстірт құпиясы. ТамшалыданҚапамсайға дейін 2-күн:Үстірт құпиясы. Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін 3-күн:Үстірт құпиясы. Көне акулалардың тістері Маңғыстау өңіріндегі үшінші түнін Тұзбайырдың сайында өткізген Үстірт құпиясы экспедициясының мүшелері Айрақтыда қанбай қалған ұйқыларын осы жерде қандыруды ұйғарса керек.Шығыстан Күн көрінгенде олар әлі шатырларында пышылдап жатты. Бірақ алда ұзақ та қызық сапар күтіп тұр. Көп кешікпей олар інінен шыққан суырдай шатырларынан бірінен соң бірі шығып жатты. Уақыт таңғы 9.00 болды дегенде көліктер қаз қатар тізіліп, солтүстікке қарай, Тұзбайырдың тұзына тартты. Сай ішінде арнайы төселген жол жоқ. Мұнда келгендер Бағытыңды белгіле де жүре бер! деген заңдылыққа бағынады. Бірақ, ауыр көліктердің жұмсақ сазға батып қалу қаупі үлкен. Ондай жағдайда жүргізуші біраз тер төгері анық. Абырой болғанда, бір қатармен жүріп отырғандықтан көліктердің ешқайсысы жолдан таймай, экспедиция діттеген жерге толық құрамда жетті. Күннің алғашқы нысаны борлы жартастардағы арка болатын. Экспедиция мүшелерінің көбі табиғат жасаған кереметке тамсанып, суретке түсіп жатты. Енді біреулер ежелгі теңізді мекен еткен жәндіктердің тас болып қатқан қалдығын іздеп, қырларды жағалап кетті. Бұл маңнан көпшілік іздеп келген тұзды көл де алыс емес еді. Арканы қызықтап болған жұрт солай қарай жаяу тартты. Жартас жақтан барған адамға алдымен кепкен сор кездеседі. Көлге жақындаған сайын ол ылғалданып, адам ізі түсетіндей деңгейге жетеді. Бұл жер өте жұмсақ, аяққа майдай жағады. Біраз жүргеннен кейін тұз түйіршіктері пайда бола бастайды. Жүре келе ол түйіршіктер қалыңдай түседі. Одан кейін аппақ тұз жердің бетін толығымен жабады. Оған қараған адамда бір сәт: Бұл тұз ба, мұз ба? деген ой туатыны анық. Тұздың беті алыстан жылтырап көрінгенімен, жалаң аяқ адамның табанына батып, жүрісті сәл баяулатады. Арасында осындай тас боп қатып қалған түйіршіктерді басып қалу қаупі де жоқ емес. Десе де тұз үстімен жалаң аяқ жүру денсаулыққа пайдалы дейді білетіндер. Жүре келе айнала өте таяз көлге айналады. Бұл жерге келген адам аяғына массаж жасалғандай әсер алады. Мұнда тұз түйіршіктері ірілей түседі. Бірақ сордың алдыңғы бөлігіндегідей қатпай, құм сияқты шашылып жатыр. Көлден адам өз бейнесін анық көре алады. Айнадай көл деген тіркес осындайда айтылса керек. Тұзды көлді тамашалағаннан кейін көпшілік қайта артқа қайтты. Олар жартас маңына жақындағанда көліктер бір қатарға тізіліп, алыс жолға дайын тұр еді. Экспедиция келесі нысанға жеткенде түс уақыты да жақындаған еді. Бұл табиғаттың кереметі саналатын Бозжыра мекені. Ол ежелгі теңіз бір толып, бір қайтуының әсерінен пайда болған. Экспедиция мүшелері алдымен Бозжыра аймағы мен қасқырдың азу тістіріне ұқсас тауларға биік жартастың үстінен қарап, тамсанды. Одан кейін айналма жол арқылы сай ішіне түсті. Үстірт құпиясы экспедициясы алдағы екі түн осы маңда қонбақ. Сүт пісірім уақытта қатқан лаваға ұқсайтын тастардың маңына шатырлар тігіліп, Бозжыра аңғарының іші үлкен көшпелілер ауылына айналып шыға келді. Кеш батқанда экспедицияның құрметті қонақтары, елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал альпинистер Қазыбек Уәлиев, Бағлан Жүнісов пен Мақсұт Жұмаев өздерінің өмірі мен бағындырған шыңдары жайында сыр шертіп, елді бір марқайтып қойды. Ұзақ әңгімеден кейін тарқауға асықпаған көпшілік түн ортасы болғанда от жағып, кезекті таңның атуын бірге қарсы алуға сөз байласты. Осылайша Nomad Explorer ұйымдастырған Үстірт құпиясы экспедициясының төртінші күні де өз мәресіне жетті. Жалғасы:Үстірт құпиясы. Оғландыдағы Бекет ата мешіті Жалғасы:Үстірт құпиясы. Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі Жалғасы:Үстірт құпиясы. Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен