Ежелден бұл дала арқылы адамзат баласы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа көшіп, талай ғасырлар бойы үстіне жүк артқан керуендер түстіктен теріскейге, теріскейден түстікке тауар тасыған. Өркениеттердің тоғысар шегінде, сауда жолдарының бойында орналасқан қазақ жерінің жасырған тылсымы мен құпиясы көп. Оларды зерттеу, ашу, әлемге таныту бүгінгі ұрпақ еншісінде.Назарларыңызға тарихы тереңде жатқанқазақ даласының түкпір-түкпіріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға өз үлестерін қосуды мақсат тұтқан Nomad Explorer жобасының Үстірт құпиясы атты экспедициясынан дайындалған фотокүнделіктер топтамасын ұсынамыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған экспедиция қатысушылары сапардың бірінші күнін қалай өткізгенін суреттер баяндасын. Осыған дейін Ұлытау мұрасыатты шара ұйымдастырып, біраз тәжірибе жинаған Nomad Explorerмүшелері биылғы саяхатқа тыңғылықты дайындалғаны алғашқы күннен-ақ байқалды. 50-ге тарта жүк талғамайтын көлік, 150-ден астам адам Ақтауда бас қосып, таңғы 9.00 болды дегенде алғашқы нысан Тамшалыға қарай жолға шықты. Мерет сайының солтүстігінде орналасқан Тамшалы Маңғыстау мақтаныштарының бірі. Ол осы маңдағы кеуек үңгірдің қабаттарынан тамшылап тұратын суымен танымал. Сыздықтап тұратын су тек қыста күн қатты суығанда мұз боп қататыны болмаса, жылдың басқа мезгілінде осы қалпында ағып тұрады. Осы судың арқасында айналадағы бірнеше шақырым жер жасыл желекті шұратқа айналған.Шатқал маңы қалың өскен хош иісті жалбыз бен жаужапыраққа толы. Әсіресе, жаздың кезі Тамшалыға жергілікті халық пен өңір қонақтары көптеп келеді. Суы тапшы аймақтың жұрты үшін бұл жер табиғаттың тартқан сыйындай. Олар мұнда тас арасынан аққан суды тамашалап, тамшы тырсылын тыңдап, тұщы судан дәм тату үшін келеді. Зерттеушілердің айтуынша, адамдар бұл жерге орта ғасырдан бері қоныстанған. Оның бірден бір дәлелі Тамшалының жоғары жағында орналасқан ескі қамалдың орны болып отыр. Экспедицияның Тамшалыдан кейінгі соққан нүктесі Жығылған деп аталатын табиғаттың ерекше ескерткіші болды. Атау бұл жердің затына сай қойылған. Осыдан мыңдаған, бәлки одан да көп жыл бұрын теңізге жақын үстірт опырылып құлаған екен. Содан бұл маң Жығылған деп аталып кетсе керек. Теңізге қарай төмендей қираған шатқалдар көрген көздің жауын алады. Жығылса да алыптығын жоғалтпаған жартастарға қарап, табиғаттың шеберлігіне тәнті боласың. Әсемдігінен бөлек, бұл жер ежелгі жануарлардың ізін сақтаған тастарымен де құнды. Бұл іздер, болжаммен, осыдан 12 миллион жыл бұрын өмір сүрген аңдарға тиесілі. Зерттеушілердің айтуынша, үстірті опырылмай тұрып мұнда суат болған. Уақыт өте суат кеуіп, жануарлардың ізі түскен саз тас болып қатып қалған. Мына суреттен ежелгі жылқы тектес жануардың ізін байқай аласыздар. Түйеқұс тектес ежелгі құстың ізі. Азуы алты қарыс мысық тектес ірі жануардың ізі. Сонымен қатар, Жығылған маңына бағзыдан ел қоныстанғаны да белгілі. Мұнда балықшылардың мекені, ескі қамалдардың орындары мен түрікмендерден, қазақтардан қалған жұрт сақталған. Табиғаттың таңғажайыптарына сүйсініп болған соң, экспедиция өз жолын адам қолымен салынған ерекше мәдени ескерткішке қарай бұрды. Ол Сұлтан-Үпі жерасты мешіті болатын. Айналасы ескі заман, орта ғасыр мен қазіргі уақытқа тиесілі мазарларға толы, алыстан келе жатқан адамға көрінбейтін, тіпті, жанына жақындаған адам да Бұл не? деп таңырқай қарайтын құрылыс нысаны адам баласын тамсандырмай қоймайды. Сарытас шығанағына таяу сай жиегінде орналасқан мешіт шамамен XI-XII ғасырларда салынған. Оның іші бірнеше бөлмеден тұрады. Тарлыққа байланысты кей тұстарда бөлмеден бөлмеге өту үшін еңбектеуге тура келеді. Жалпы алғанда, құрылыстың сәулеті мен желдету, жарықтандыру жүйесі өз заманының үздік үлгісі бойынша салынған. Ел арасында Сұлтан-Үпі Қожа-Ахмет Яссауидің шәкірті болған деген аңыз бар. Кей әпсаналар бұл тұлғаны су күшімен де байланыстарады. Солардың бірінде, бағзы заманда сәтсіздікке ұшыраған балықшыларды бір жас жігіт құтқарып қалғаны туралы айтылады. Содан бері әлі күнге дейін теңіз кезген балықшылар дауылға қалып қойса Сұлтан-Үпі көмекке келеді деседі. Мешіт маңы бұталы. Ал жар қабағына жақын жерде терең құдық қазылған. Бұл құдықтың суы тұщы, таза әрі дәмді шөл даланы ары-бері кезген жолаушы үшін таптырмас олжа. Шөлін қандырып, шөлмектерін суға толтырған Nomad Explorer мүшелері сапарларын ары қарай жалғастырды. Бүгіндікке соңғы нысан Қапамсай деп аталатын жер. Түбі кремнийлі тастарға толы борлы тік жартастардан тұратын бұл сай Қапам деген әулиенің атымен аталған. Шатқал төбесіне үйілген көп тасты жергілікті жұрт Қапам әулиенің бейіті дейді. Айта кетерлігі, бұл маңда ол кісіге қатысты аңыз көп. Солардың біріндеҚапам атаның өлімі жайлы айтылады. Ол кісі өкшесі жерге тиіп тұрғанда, қылышөтпейтін,оқтимейтін,шоқпармаңайламайтын күшке ие болған екен. Өкшесі жерден көтерілсе, қалыпты пенде болатын көрінеді. Бұл құпияны әйелі қаскөйлерге ашып қойып, олар әулиенің намаз оқығанда маңдайы сәждеге тиетін сәтін аңдып тұрып, басын шапқан екен. Бірден өлмей, шың ернеуіне таяп барып жығылған Қапам сол жерге жерленеді. Басы тұйық аңғар содан бері Қапамсай аталаған деседі. Сай ішінде бірлі-екілі шұрат кездеседі. Су көзі көрінбесе де мұндағы өсімдіктер суға зәру емес екені байқалады. Ағаштары биік, шөбі шүйгін. Деректер, бір кездері сай ішімен өзен аққанын айтады. Ал оған дейін бұл жер теңіз түбі болған.Тіпті, сайды аралаған адам кезінде теңіз түбін мекендеген түрлі жәндіктердің қалдығын табуы да ғажап емес. Бұл жайтты естіген экспедиция мүшелері сол жәндіктерді табуға асықты. Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Бір күнде бәрін істеп үлгеру мүмкін емес. Күн ұясына батысымен олардың ойы келесі күннің жоспарына шегерілді. Ежелгі теңіз жәндіктері табылды ма, жоқ па Үстірт құпиясы экспедициясының екінші күніне арналған топтамадан көре аласыздар. Жалғасы:Үстірт құпиясы. Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін Жалғасы:Үстірт құпиясы. Көне акулалардың тістері Жалғасы:Үстірт құпиясы. Тұзбайырдың тұзы мен Бозжыра Жалғасы:Үстірт құпиясы. Оғландыдағы Бекет ата мешіті Жалғасы:Үстірт құпиясы. Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі Жалғасы:Үстірт құпиясы. Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен