"17 миллиард теңге жұмсалған". Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген әкімдік ғимараты қалпына келтірілді

Қаңтар оқиғасы кезінде 80 пайызына зақым келген Алматы қаласы әкімі ғимаратының жөндеу жұмыстары аяқталды. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдың ақпан айында басталған болатын. Алғашында 5-6 айда қалпына келтіру аяқталады дегенмен, нысанты толық реконструкциялауға өртенген сәттен бастап 1 жыл 9 ай уақыт кетті. Мемлекеттік бюджеттен 17 миллиард теңге жұмсалған жөндеу жұмыстары қалай жүргізілді? Әкімдік ғимаратында қандай өзгеріс болды? Massaget.kz тілшісі арнайы фоторепортаж жасап қайтты. 

ФОТО: Алматы әкімдігі

Елдегі төтенше жағдай кезінде ғимараттың 6 қабаты мен 4 павильон толықтай өртке оранған. Өртке қарсы жүйенің іске қосылуы мен тонау салдарынан жоғарғы қабаттан су ағып жертөлелер де зардап шекті. 

ФОТО: Алматы әкімдігі

1980 жылы салынып біткен ғимарат 1999 жылдың ортасынан бері Алматы әкімдігінің ғимараты болып қолданылып келді. 2012 жылы жылу жүйесі мен электр инфрақұрылымы жаңартылды. 1982 жылы "Ескерткіш" мәртебесі берілді. 

ФОТО: Алматы әкімдігі

Тарихи нысанды бұзып тастау туралы да ұсыныс айтылды. Алайда кейін сәулеттік келбетін сақтай отырып қалпына келтірілді. Бұрын ғимараттың сырты маңғыстаулық әктас пен мәрмәрден қапталған болатын. Ал қазір оның орнына мугла мәрмәрі қолданылыпты. Ауданы 4000 шаршы метр ғимараттың қасбетін жаңалауда алюминий конструкциялары қолданылған. Құрылысқа жауапты компания басшысы дәл осы қалпында 30-40 жыл тұрады дейді. 

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Алматы әкімдігі ғимаратының тарихи келбеті сақталып, заманауи технология мен құрылыс стандарты ескеріліп жаңғыртылды. Қасбетте жұлдыздың орнына бейбітшілік тұтастығының, мемлекет пен отбасы негізінің ұлттық символы - шаңырақ бейнеленген.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Ғимараттың ішкі келбетінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тарихи келбеті сақталып, заманауи технология мен құрылыс стандарты ескеріліп жаңартылған.

ФОТО: Алматы әкімдігі

Реконструкциядан кейін кабинеттердің ауданы өзгермеген. Отандық өндірісті қолдау үшін негізінен қазақстандық өндірістің материалдары, оның ішінде жиһаз және есіктер пайдаланылыпты.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда. ATRIX Group құрылыс компаниясының бас директоры - Әміржан Нәбиев

"Біз барлығын ескі сызбалар мен шешімдерге сай 100 пайыз қалпына келтірдік. Ешқандай дизайнерлік жұмыс болмады. Тіпті кабинеттердің конфигурациясы өзгерген жоқ. Тек 3-ші павильонда бірнеше кабинеттерді біріктіріп осы ғимаратта алғаш рет қоғамдық қабылдау бөлмесін жасадық. Бұл жерге халық кедергісіз оңай кіре алады", - дейді ATRIX Group құрылыс компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев. 

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Иә, әкімдік үйін жаңалауда Президенттің "еститін үкімет" ұстанымы да басты назарға алынған секілді. Бұрын бұқара тек сыртынан тамашалайтын нысанға енді өз өтініштерімен емін-еркін кіре алады. Тұрғындар ғимараттың екінші қабатында банктық жүйеде талон алып, мәселесіне қатысты мамандармен жолыға алады. Бұрынғыдай бір ай бұрын жазылудың қажеті жоқ.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Сондай-ақ балалармен келген ата-аналар үшін шағын ойын алаңы қарастырылыпты.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Нысанның ішкі құрылыстарына отқа төзімді есіктер мен терезелер, жанбайтын материалдар пайдаланылды. Сондай-ақ жаңадан түтін шығару жүйесі орнатылған. Өрттің таралуына жол бермейтін арнайы клапандар автоматты түрде жұмыс істейді. Құрылысқа жауапты компания басшысы Әміржан Нәбиев 7 қабатты әкімдік үйі 10 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады деп сендірді.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

"Бұл жерде сейсмикалық жағдайға төтеп беретін металл көп жұмсалды. Қазіргі көріністен бұл білінбеуі мүмкін. Бірақ тіреуші бағандар төтенше жағдайда ғимараттың барлық құрылымдық элементтерін сақтауға мүмкіндік беретін елеулі металл конструкциялармен жасалды. Бұрын ғимарат 7-8 балдық жер сілкінісіне есептеліп салынған. Енді 10 баллдық толқуларға да шыдас беретін болады", - дейді Әміржан Нәбиев. 

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Ғимараттың қауіпсіздік шараларын күшейту үшін бірінші қабаттың терезелері арқылы рұқсатсыз кіруді шектейтін қосымша жапқыштар және әр қабатта бейнебақылау камералары қойылған. Қызметкерлердің кіруі үшін арнайы турникет құрылғысында тану жүйесі орнатылған.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Нысанды қалпына келтірудің тағы бір маңызды критерийі инклюзивті шешімдерді енгізу арқылы азаматтардың барлық санаты үшін жайлылық пен кедергісіз орта қалыптастырылған. Атап айтқанда, лифтілер, электр көтергіштер, мүгедектерге арналған жуынатын бөлмелер және мобилділігі төмен топтарға арналған арнайы құрылғы – таңбалау, пандустар, шақыру түймелері, Браул әліпбиі пайда болды.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда. Алматы әкімі аппаратының басшысы - Бейбіт Шаханов

"Құжаттық жоба шыққаннан кейін құрылыс 1 жылдың ішінде аяқталды. Қолданылған материалдардың көпшілігі қазақстандық өнімдер. Нысан өртке, жер сілкінісіне төтеп беретін материалдармен күшейтілді. Ғимараттың сапасына 2 жыл кепілдік берілді. Ғимаратты қабылдап жатқан инженерлік жүйенің мамандары осында. Осы аптадан бастап өзге де басқармалар көшіріле бастайды", - дейді Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов. 

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

Ғимаратта барлығы 700 орынға есептелген 360 кабинет бар. Нысанның жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Мұнда 14 басқарма мен әкімдік аппараты болады.

ФОТО: Massaget.kz\Болат Айтмолда

4-тен үш бөлігі қалпына келтірілген ғимаратқа жиһаздардың барлығы орнатылыпты. Ал Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев келер аптадан бастап жұмысын жаңа кабинетінде жалғастырмақ.



Бөлісу: