Қызылсай – қамалдар аңғары
Көремін-білемін деген жанға қазақ жерінде аралайтын тарихи-мәдени орындар мен табиғаттың таңғажайыптары көп. Еліміздің әр өңірі өзіне ғана тән ерекшелігімен мақтана алады. Керек десеңіз, Қазақстанда әлемде ұшыраспайтын немесе көп кездесе бермейтін кереметтер бар. Оңтүстік-шығысымыздағы Кетпен тауларынан бастау алатын Шарын өзенін мысалға алайық. 427 шақырым ағып, Ілеге құятын бұл өзен туристерге жақсы таныс. Тіпті, оны көруге алыс шетеледерден арнайы ат терлетіп келетін жандар да аз емес. Шарын неге танымал?
Шарынның танымалдығы, бұл өзен кесіп өтетін Ақтоғай, Көртоғай, Сарытоғай атты шатқалдарға байланысты.
Тереңдігі 300 метрге дейін жететін бұл шатқалдар таңғажайып табиғатымен ерекшеленеді.
Шөгінді жыныстардан тұратын бұл каньондар осыдан 12 миллион жыл бұрын пайда болған.
Әсіресе, ел арасында Көртоғайдағы Қызылсай танымал.
Туристер "Қамалдар аңғары" ("Долина замков") деп атап кеткен бұл жер расында ерекше.
Сайдың атауы жартастардың қызғылт-сарғыш түсіне байланысты қойылған.
Ал, көпшілікке кеңінен таныс "Қамалдар алқабы" деген атаудың пайда болу тарихы белгісіз.
Десе де, жел мен судың әсерінен мүжілген шатқалдарға қарап, бұлай аталудың себебін бірден түсінуге болады.
Шынымен, олар бір қарағанда көне қамалдарды еске салады.
Ал, кей тұстарда жартастар қамалдарға ғана емес, белгілі бір затқа, не жануарға ұқсайды.
Мысалы, оң жақта тұрған жартас – аюдың басы.
Төбеде тұрған тас – машина.
Бұл – бөгдепланеталықтардың аспаннан құлаған әуе кемесі.
Сайда ұзындығы 2 шақырымнан асатын жол бар.
Ол шатқалға кірер тұстағы арнайы тұрақтан бастау алады да, Шарын өзеніне келіп тіреледі.
Мұнда туристер жиі келетіндіктен, өзен маңында түрлі тамақтану орындары да бар.
Қызылсайдағы жолды біреулер жаяу, енді біреулер көлікпен жүріп өтеді.
Әсіресе, демалыс күндері адам көп.
Айта кетерлігі, табиғат аясында демалып, өзіңіз үшін жаңалық ашамын десеңіз, жаяу жүргіншілерден үлгі алғаныңыз жөн.
Өйткені, көлік ішінде отырып көп дүниені байқамауыңыз мүмкін.
Ал бұл маңды асықпай жүріп зерттеу керек.
Бірін бірі қайталамайтын жартастардың өзі соны меңзеп тұрғандай...
Қызылсайдың ерекшелігі тек жартастарда ғана емес.
Мұнда сан алуан өсімдік өсіп, құс пен жануардың түр-түрі мекен етеді.
Арасында қызыл кітапқа енгізілгендері де бар.
Шатқал ішінде тас пен тал арасына жасырынған кеміргіштер мен жорғалаушылар жиі ұшырасады.
Өсімдіктерден шөлейтті жерді ұнататын сексеуіл көптеп кездеседі.
Өзен жағасынан жалпақ жапырақты ормандар қалдығы саналатын соғды шағаны мен тораңғы ағаштарын байқауға болады.
Бір қызығы, елдің көбі "Қамалдар аңғарына" келіп: "Шарынды көріп қайттым!" - деп, айтып жүреді. Алайда, шатқалдар тек Қызылсаймен шектелмейді. Олар кеңінен жайылған және көпшілік ойлағаннан әлдеқайда үлкен.