Оқи отырыңыз

Өзі білмесе де елге ақыл айту – қазақтың қасиетті өнері.

Автор: Оралхан Бөкей

— Редактор бағаны —

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Бас бет / Фоторепортаждар / Құсбегілер сайысы

Құсбегілер сайысы

Құсбегілер сайысы

Халқымызға ежелден белгілі бекзада өнер – құсбегілікпен айналасатындар уақыт өткен сайын азайып барады. Десе де, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазақ барда жойылмақ емес. Біз соған сенеміз. Күні кеше Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында өткен бүркітшілер арасындағы үлкен дода сол сенімімізді нығайта түсті. "Неге?" дерсіз. Жауабын фоторепортажымыздан біле аласыздар.

Нұра – талай алғыр қыранды баулыған құсбегілерімен танымал. Әбен Тоқтасынұлы, Сейітжан Байжүнісұлы сынды бабалар ізін жалғаған атақты бүркітшілер де осы ауылдан шыққан.

Айта кетерлігі, еліміздің түкпір-түкпіріндегі саятшыларды жинаған бұл шара айтылған екі жанның құрметіне өткізілді.

Мұнда жас баладан көпті көрген қарияларға дейін өнер көрсетті.

Көпшілік арасынан Қанат Бейсекеевтің деректі фильміндегі бас кейіпкер Алдаберген ағаны да көзіміз шалып қалды.

Негізгі шара басталмас бұрын бүркітшілер журналистерге сұхбат беріп, ой бөлісіп жатты. Әсіресе, жас жеткіншектер өздеріне көп назар аудартты. Олардың баба салтын сақтап, бүркіт баптауы көпшілікті таңдай қақтырды.

Ұзақ күттірмей, шараның негізгі бөлімі де басталды.

Құсбегілердің бәрі маңайда орналасқан жарға өрмелеп, белгіленген орындарына жайғасты. Сайыс ережесі бойынша, алдымен жар түбіндегі алаңқайға бір-бірден қоян жіберіледі. Құсбегілер кезек-кезек сол қояндарға бүркіттерін салады. Артынша, құстың алғырлығына қарай төрешілер ұпай үлестіреді.

Көрермендер төменде қызықтың басталуын күтіп қалды.

Өз орындарына жеткен бүркітшілер кезектерін күтіп отыр. Бәрінің жүзінен қобалжу байқалады.

Ал, жас болса да үлкендермен сайысқа түскен мына балақай сын сағатта қыранымен жеке қалуды ойласа керек, биікте тұрған тасқа дараланып шығып алған екен.

Жарыс та басталды. 

Алғашқы бүркіт жемтігіне қарай бет алды.

Кезегі жақындаған саятшылар құстарының томағасын шешіп, жемтікті бір көрсетіп алды. 

Бұлай істеу кезек келгенде бүркіттің аңға дәл түсуіне әсер етеді екен.

Көпшіліктің уайымы бұрынғыдан да күшейе түсті.

Ол уайым бүркітін ұшырған құсбегіге де берілді. Ала ма, алмай ма?

Алды! Төрешілер бұл құсқа ең жоғарғы – он ұпай берді.

Артынша бүркіттер бірінің артынан бірі жардан төмен құлдилап, бірі жемтікті дәл басып, енді бірі мүлт кетіп, дода жалғасып жатты.

Жоғары ұпай жинағандар келесі кезеңге өтті.

Ал, жеңілгендер сайысты сырттай бақылау үшін ыңғайлы орындарға жайғасты.

Құсы жемтігін алса да, ұпай бойынша келесі кезеңге өте алмаған Бекасыл болашағынан үлкен үміт күттіретін құсбегілердің қатарында. Өзі де алдағы сайыстарда қыраным екеуміз бұдан жақсы өнер көрсетеміз дейді.

Ересектерден кейінгі кезек балаларға берілді.

Бүркіт емес, қаршыға баулудан бастаған жеткіншектер алдымен құстарын кептерге салды.

Одан кейін оларға қоян ұстатты.

Қос сайыста да қанжығасы майланған мына балақай олжасын алып, қуанышымен көпшілікпен бөлісуге жүгіріп барады.

Балалар сайысы өтіп жатқанда бүркіттерге біраз демалуға мүмкіндік берілді.

Халық та қызыққа толы болған алғашқы сайыстан кейін топ бастаған бүркіттермен суретке түсуге асықты.

Жұрт арасында шетелден келген туристердің де көп болғанын айта кеткеніміз жөн болар. Алыстан келген қонақтардың құсбегілікке қызығуы – бұл дәстүрдің жандануына бір септігін тигізетіні анық.

Үзілістен кейін сайыс жалғасын тапты. Бұл жолы бүркітшілер қарсақ аулап жарысты.

Кімнің құсы жылдам – сол жеңімпаз.

Қас-қағым сәтте қарсақтар бірінен кейін бірі алып құстың тырнағына ілініп жатты.

Дегенмен, айласын асырып, қанаттыдан құтылған жануарлар да болды.

Көп кешікпей сайыс та өз мәресіне жетті. Бұл жолғы жеңімпаз – Аян Сейітжан. Жеті атасы құс баптаған ол бұл өнерді әкесінен үйренген. Өзі де артындағы інілеріне қаршыға баулуды үйретіп жүргенін айтады. Бабалар ізін жалғайтын осындай азаматтар барда құсбегілік келер ұрпақтарға да жетеріне сенімдіміз.

Ілмек сөздер: the eagle huntress, kazakh, құсбегілік, бүркітші, саятшылық, өнер, дәстүр,

31 3
Рейтинг: +5

Дайындаған: Yernar Almabek
Қосылған күні:13 ақпан, 19:17
Тегтер: the eagle huntress, kazakh, құсбегілік, бүркітші, саятшылық, өнер, дәстүр,

Пікірлер
+1
13 ақпан, 20:22

Мәәә, бір жағынан қызық әрі қорқынышты...

+2
14 ақпан, 10:49

Өте жақсы фоторепортаж!! Сөздері де, суреттері де мазмұнды, жалықтырмайды.

+0
14 ақпан, 12:54

Бұл бүркітшілер жарысында мен де болдым. Фотограф жігіт атмосфераны өте жақсы берген. Ерекең фоторепортаж жасайтын шараға бармай-ақ, сайттан көре салған тиімді әрі әсерлірек пе деп қалдым:)

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру: