Бүгін, 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Императорының сарайына барды. Бұл сапар қалай өтті? Толығырақ Мassaget.kz материалында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Император Нарухито қарсы алды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды.
Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония императорына ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Мемлекет басшысы мен император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.
Кездесуден соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Император Нарухитоның атынан ресми қабылдау өтті.
Сапар аяғында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Император Нарухито емен-жарқын кездесуден кейін жылы қоштасты.
Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына аралап көрді.
1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған.
Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.
"Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!" – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отандастарымыз арасынан Ritsumeikan Азия – Тынық мұхиты университетінің вице-президенті, профессор Серік Мейірманов, ARIA Consulting негізін қалаушы Арайлым Хасан, Showa және Juntendo медицина университеттерінің доценті Әбдібек Қалибек, Ailia компаниясында жасанды интеллект технологиясымен айналысатын инженер Эльдар Төлеубай сөз сөйлеп, өздерінің Күншығыс еліндегі жетістіктерімен бөлісті.
Одан соң Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізді.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Жапония премьер-министрінің офисінде Санаэ Такаичи салтанатты қарсы алды.
Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Президент Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.
"Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге "Орталық Азия + Жапония" форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі "Орталық Азия плюс"» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.