Екі күнге созылған этно әндер фестивалі

Екі күнге созылған этно әндер фестивалі

Биыл Алматы қаласының мың жылдығы аясында өткізілген халықаралық The Spirit оf Tengri-2016 заманауи этникалық музыка фестивалі өз мәресіне жетті. Назарларыңызға шараның қалай өткенін баяндайтын суреттер топтамасын ұсынамыз.

Әлем елдерінің ән дәстүрін бір-біріне таныстыруға арналған жоба бұл жылы төртінші мәрте өткізілді. Осыған дейін жиналған тәжірибенің арқасында биылғы шара өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған десе болады.

Open-air үлгісінде Республика Сарайы алдындағы Абай алаңында өткен фестивальге еліміздің әншілерінен бөлек, шетелдерден арнайы шақыртылған қонақтар да қатысты.

Шара барлығы 9 мемлекетті қамтыған.

Олардың ішінде Түркия, Эстония, Мажарстан, Башқұртстан, Саха, АҚШ, Ресей, Қытай сынды елдер бар.

Айта кетерлігі, фестивальдің екі күнінде де келген қонақтардың өнерін тамашалау үшін халық көптеп жиналды.

Алаңда еңбектеген бала да болды.

Еңкейген қариялар да жүрді.

Олардан басқа, елімізге танымал тұлғалар да көптеп кезікті.

Сондай-ақ, шетелден келген қонақтар да аз болмады. Бұл он жылдан бері мадиярлар мен қазақтардың туыстығын зерттеп жүрген Мажарстаннан келген зерттеуші Андраш Биро. 

Көпшілікке арналған концерттен бөлек, қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңке де ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, жүрек жалғап аламын деушілерге тамақтанатын арнайы орындар дайындалды.

Балалар ермек ететін қызықтар да көп болды. Солардың бірі — бетке сурет салғызу.

Ал осының бәрін сырттан бақылап, тәртіпсіздіктердің алдын алып, уақыттарын жақсы өткізу үшін жиналған жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері алаң маңын торауылдап жүрді.

Концертте қатысушылар бірінің артынан бірі өнер көрсетіп, әрқайсысы өзгелерден ерекшеленуге ұмтылды.

Бірі халық әндерін заманауи сарынға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Енді бірі, керісінше, жаңа шыққан әндерін дәстүрлі ән сарынына салып, жиналған жұртты мәз қылды.

Қай қайсысы болсын, қатысушылар фестивальге көп дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр.

Мысалы, Мажарстаннан келген "Holdviola" тобы қазақтың халық әндерін өз мәнерлерімен орындап шықты.

Ал Талдықорғанның "Тиграхауд" тобы тарихы тереңге кететін "Алпамыс" эпосын ән етіп айтып берді.

Әндер арасындағы үзіліс кезінде халыққа Алматы қаласының тарихына қатысты қызықты ақпараттар ұсынылды.

Бұл тосын сый көпшілікке ұнаған сыңайлы. Бәрі айтылған ақпараттарды ден қойып тыңдауға тырысты.

Шетелдіктер өздерін құшақ жая қарсы алған қала жұртшылығына риза екендерін жасырмады.

Расында, биылғы қолдау өткен жылдағылардан ерекше еді.

Халықтың шараға деген қызығушылығы әлдеқайда өскен.

Оны жиналған халықтың санынан-ақ байқауға болады.

Ал мына сурет фестиваль отбасылық мерекеге айналғанының дәлелі іспеттес.

Әрине, мұның бәрі ұйымдастыру алқасының тынбай еңбек етуінің арқасында келген жетістік деуге болады.

Бұл деңгейдегі шараларды ойластырудың өзі ұзақ уақыт алады.

Ал оны лайықты деңгейде жүзеге асыру әркімнің қолынан келе бермейтін іс.

Фестивальден алған әсерінен шыға алмай, көрермен қауым қимай тарасты.