"Ұлытау мұрасы" экспедициясы. Алтыншы күн
Ұлытау өңіріндегі бесінші күнін Кененбай көлінің маңында аяқтаған экспедиция мүшелері көл жағасында тұрған жалғыз үйге Құдайы қонақ боп түскен еді. Шаңырақ иелері кештетіп келген оларды шеттетпей, құшақ жая қарсы алды. Ұйқылары қанған, қарындары да, көңілдері де тоқ көпшілік таңғы ас ішіп, қожайындарға ризашылықтарын білдіргеннен кейін жолға дайындығын бастап кетті. Бүгінгі сапар қысқа әрі қызыққа толы болмақ.
Экспедицияның бүгінгі жоспарын көріп, кеңес берген шаңырақ иесі Рахым Әжібаев "Nomad Explorer" ұжымына бүгін баруға тиіс нысандарды аралап болған соң үйіне айналып келуді ұсынды. Себебі, ертеңгі жоспар бойынша шығатын Едіге шыңы да осы жерден алыс емес.
Бұл ұсынысты қуана қабылдаған экспедиция мүшелері көліктерін тексеріп алып, бүгінгі баратын алғашқы нысанға аттанып кетті.
Көп ұзамай көліктер легі Кененбай көлінен бірнеше шақырым жерде орналасқан Алтыншоқы тарихи ескерткішіне де келіп жетті.
"Ұлытау" Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, бұл жерге 1391 жылы Тоқтамыспен соғыспақ болған Әмір Темір уақытша тұрақтап, Ұлытау өлкесінің ғажайып көрінісіне тәнті болғаннан әскеріне тас үйдіріп, үлкен ескерткіш белгі қойдырып, оған өзінің осы жерде болғанын айғақтайтын жазу жазып қалдырған екен.
Бұл деректер экспедиция мүшелерін қатты таңғалдырды.
Олар Бақтияр Қожахметовтің айтқандарын ықыласпен тыңдап, әр сөзін есте сақтауға тырысты.
Артынша тарихи ескерткішті өз көздерімен көріп, зерттеуге мүмкіндік туды.
Айта кетерлігі, бұл жер көптеген жыл бойы ғылымға беймәлім күйінде тұрған. Тек 1935 жылы қазақтың ғұлама ғалымы, академик Қаныш Сәтбаев зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін ғана Алтыншоқының аты әлемге әйгілі болыпты. Әмір Темірдің тасын алғаш көргенде Сәтбаев жанындағы серіктеріне: "Оу, жігіттер, біз Алтыншоқыда алтыннан да бағалы қазынаға кезіккен сияқтымыз" - деп, қуанышын білдірген деседі.
Ол тас 1936 жылы зерттеу мақсатында Эрмитажға жеткізілген және әлі күнге дейін сол жақта сақтаулы. Ал Алтыншоқыда тек көшірмесі тұр.
Тасқа қашалған жазудың үш жолы араб, сегіз жолы шағатай тілінде жазылған. Арабша жазудың мазмұны мынадай: "Рақымды да шапағатты Алланың атымен! Жер жүзінің әміршісі, шындықтың шамшырағы. Берік қорғаушы, бәрінен де күшті, бәрінен де құдіретті, Өмір мен өлім сыйлаушы данышпан!". Ал шағатай жазуының аудармасы: "Жеті жүз тоқсан үшінші жылдың жазы, қой жылы көктемнің ортаңғы айы [1391 ж. 6 сәуір], Тұран сұлтаны Темір бек ислам діні үшін үш жүз мың әскермен бұлғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы аттанды. Осы жерге жетіп, ескерткіш белгі болуы үшін ол осы қорғанды тұрғызды. Алла бұйырып, жаратушы әділ төрелігін жүргізсін! Жаратушы ел халқына мейірімін төксін! Бізді ескеріп жарылқасын".
Үйілген тастарға келер болсақ, оларға қатысты халық арасында бірнеше аңыз бар. Сондай аңыздың бірі, тасты бұлай үю әскер санағын жүргізу үшін жасалған дүние деседі.
Одан бөлек, бұл тас қорыту үшін пайдаланылған пештің орны деген дерек те бар. Үйінді ортасындағы үлкен ойық пен ондағы балқыған қождың кесектері соның айғағы іспеттес.
Бұл кесектер көпшілікті қатты қызықтырды. Тарихқа куә тастардың өз айтары бар болар.
Алтыншоқымен танысып болғаннан кейін экспедиция саяхатын ары қарай жалғастырды.
Кезекті тарихи ескерткіш Хан Ордасы деп аталады.
Деректерге сүйенсек, бұл жер қазақ хандарының жазғы ордасы болған екен.
Орда негізгі екі бөліктен — хан ордасы мен қызметшілер тұратын сыртқы қоршаудан тұрған.
Орданың айналасы дуалмен, оның іргесі ормен қоршалған. Орға жақын маңдағы өзеннен арық арқылы су тартылған. Сонымен қатар, дуалдың бұрыш-бұрышында қарауыл мұнарасы болған.
Қазіргі таңда орданың орны ғана сақталғандықтан, дуал ішінде заманауи әдіспен жасалған мынадай ескерткіш тұр.
Хан Ордасымен таныс болған соң алыс өңірлерден келген экспедицияның мүшелері үйлеріне қайтуды ұйғарды. Бірнеше күн ішінде жақын араласып кеткен көпшілік бір-бірімен қимастықпен қоштасып, ақ жол тілескеннен кейін көліктер легі екіге бөлінді.
Бір лек: "Атырау, Ақтөбе, Алматы, қайдасыңдар?"– деп, тасжолға шықты, екінші лек Кененбай көлінің жағасындағы үйге апаратын қара жолға түсті.
Түскі астан кейін жұртшылыққа ертеңге дейін еркін уақыт берілді.
Дала жаңбырлы болғандықтан, экспедиция мүшелері үйге "тығылып", ұйқыға батты.
Кеш таяғанда жаңбыр басылып, айнала керемет күйге бөленді.
Бұл жолы үйде ешкім қалмай, көпшілік далаға шықты. Олар табиғаттың тамаша көрінісін көзбен көріп, сүйсінумен болды.
Ал фотографтар болса бір сәтті жібермей, сурет түсірумен жүрді. Күн батар шақты суретке түсірудің өзі бір ғанибет!
"Nomad Explorer" ұжымы ертең бағындыруға тиіс Едіге шыңы алыстан менмұндалап тұр. Шыңға түскен сәуле де нысанды әдейі жарықтандырған сыңайлы.
Көп кешікпей Күн өз ұясына батты.
Экспедиция мүшелерін Ұлытау өлкесіндегі соңғы түн күтіп тұр. Жұлдызды аспанға қарап, ертеңгі күн ыстық болады деп болжаған олар кешкі астарын ішіп, ертеңгі күнге дайындықтарын пысықтап болғаннан кейін қалың ұйқыға кетті.