Ұлытау мұрасы экспедициясыныңбірінші күні ауыр болса да арнайы тігілген шатырларда қонған көпшілік бұл күні ерте оянды. Экспедиция мүшелері күннің шығуын бірге қарсы алып, таңғы шай кезінде табиғат аясындағы түндерінің қалай өткенін талқылаумен болды. Алда қызыққа толы күн күтіп тұрғанын іштей сезсе де нақты қандай жағдайларға тап болатынын бұл шақта олар әлі білмейтін еді.Ұлытау мұрасы экспедициясының екінші күні қалай өткенін суреттер баяндап бермек. Таңғы шайды ішіп бола салысымен бәрі жолға шығуға дайындықтарын бастап кетті. Бүгінгі жоспар бойынша экспедиция алдымен Алаша хан кесенесімен танысып, одан кейін Жезді елді-мекеніне соғып, жергілікті музейді аралап, кешке Ұлытау ауылына барып қоныстануы тиіс. Барлық заттар жиналып, Nomad Explorer мүшелері кезекті сапарларына шықты. Ал ауыр жүк тиелген көлік болса бірден соңғы нүкте Ұлытауға жол тартты. Жошы хан кесенесі мен Алаша хан кесенесінің арасы шамамен 25 шақырымды құрайды. Түндегі тұрақтан көп ұзамай қара жол өзенге тіреліп, көліктерді сынау сәті де түсті. Қатардағы бірнеше көліктің әуселесі жетпей, өзенді кесіп өту үшін арнайы техниканың күшіне жүгінуге тура келді. Мұндай жағдайларда жүргізушінің тәжірибесі үлкен рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Біз мінген көліктің тізгінінде жас болса да тәжірибесі мол Әділет отыр. Оның тәжірибесіне сенген украиналық қонақтарымыз Александр Саттаров пен Виталий Юрасов судан өтер сәтте көліктің төбесіне шығып алды. Өзеннен сәтті өткен экспедиция алдынан тағы бір кедергі шықты. Қара жол мен асфальт тоғысар тұсқа су жиналып қалғандықтан жер балшықтанып, көліктер бірінің артынан бірі сол жерге тіреліп қалып жатты. Дегенмен бірін итеріп, енді бірін сүйреп, экспедиция мүшелері бұл кедергіні де өте алды. Бірнеше шақырым жүргеннен кейін Алаша хан кесенесі де көрінді.XI-XII ғасырларда салынған бұл тарихи ескерткіш Қаракеңгір өзенінің оң жағасында, биік жотаның үстінде орналасқан. Кесене Алаша ханға арналып салынғаны айтылса да бұл жерде жерленген тұлғаға қатысты пікірталас әлі де көп. Сондай-ақ,Алаша хан кесенесі көне қорымның үстінде тұр деген болжам бар. Ғалымдар оғыз-қыпшақ заманындағы сәулет өнері туындыларының қатарына қосатын кесененің сырт жағы әртүрлі кескінді өрнекпен әрленген. Ал іші күйген кірпіштен айнала өрілген. Арасында аң іздері түсірілген кірпіштер де кездеседі. Мына кірпіштен қасқырдың ізін байқай аласыздар. Тағы бір ерекшелігі, кесене ішінде жоғарғы қабаттарға көтерілетін баспалдақ бар.Ол баспалдақ арқылы кесененің үстіне шығып, айналаны шолуға болады. Сонымен қатар, кесене жанында ежелден қалған мазарлар да сақталған. Алаша хан кесенесінен кейін экспедиция жол-жөнекей жақын маңда тұрған Малшыбай ауылына соғып, елдің жағдайымен танысты. Бұл ауылда көпшілік назарына іліккен КСРО дәуірінен қалған мына ғимарат болды. Малшыбайдан шығып, түстеніп алып, артынша көліктер легі бағытын Жезді елді-мекеніне қарай түзеді. Nomad Explorerдің Жездіге соғуының бірден-бір себебі тау-кен және балқыту ісінің тарихи музейін тамашалау болатын. 1988 жылы құрылып, ресми түрде 1994 жылы ашылған бұл мекемедеежелгі дәуір, орта ғасырлардан бастап қазіргі дәуірлерге дейінгі кезеңдердегі тау-кен жәнеметаллургияөндірісінің пайда болу, қалыптасу, даму мәселелерін, жер қойнауының қазба байлықтарын игеру, өңдеу ісін қамтитын экспонаттар мен құжаттар жинақталған. Мұражай негізінен 7 экспозициялық залдан және ашық аспан астындағы экспозициялық алаңдардан тұрады. Оның бәрін аралау кезінде арнайы маман экспедиция мүшелеріне түрлі ақпарат ұсынып, қызықты мәліметтерін айтумен болды. Көпшілік маманның әр айтқан сөзін мұқият тыңдауға тырысты. Олардың қатарында Nomad Explorer жобасы мен Ұлытау мұрасы экспедициясының логотипін салған Нұрлыбек Амангелдіұлы да бар. Тыңдаудан бөлек, қонақтарға экспонаттарды ұстап, өзіндік зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік берілді. Мұндайды бұған дейін көрмеген олар әр тастың жанына келіп, түрлі ой-тұжырымдарын білдіріп, өзара пікірталасып жатты. Әсіресе, елдің қызығушылығын тудырған мына мыс тасы болды. Сондай-ақ, көпшілік музей алдында тұрғангеолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мүсіні жанында естелік суретке түсумен болды. 12 мыңнан астам бағалы жәдігері бар мұражайдың ерекше назар аударатын байлығы ашық аланда орналастырылған ең ежелгі мыс балқыту пештерінің жұмыс істейтін үлгілері. Бұл шағын зауыттарда ата-бабаларымыздың бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолданған әдіс-тәсілдерін, өнім даярлау жолын көзбен көруге болады. Қорғасыннан құйылған бұйым. Ежелде жануарлардың сүйектері де пеш жаққанда отын ретінде пайдаланылғанын біліп пе едіңіз? Жезді музейінен үлкен әсер алып шыққан экспедиция мүшелерін таңқалдырған тағы бір жәйт елді-мекенде тұрған мынадай көп қабатты үйлер болды. Олардың барлығы дерлік бос, алайда ағашпен жабылған терезелер, дүкендерден қалған маңдайша жазулар біраз уақыт бұрын бұл үйлерде адам тұрғанынан хабар береді. Кешкі ас уақыты жақындағанда экспедиция бүгіндікке соңғы нүкте болып есептелетін Ұлытау ауылына да жетті. Кешелі бері желіге қосыла алмай жүрген олар интернетке кіріп, бір қуаныпқалды. Біреулер күні бойы орын алған оқиғаларды ошақ басында талқылады. Екіншілер алған әсерлерімен шай ішіп отырып бөлісті. Кешкі астан кейін Ұлытау ауылындағы үлкен бір үйге қоныстанған Nomad Explorer мүшелері экспедицияның екінші күнін жақсы әнмен қорытындылады. Жалғасы бар...