Қазақ даласы қашан да әсем табиғатының әрқилылығымен ерекшеленген. Алтайдан Еділге дейін созылған атырапта орманды тау да, құмды шөл де, ойпатты, қыратты, үстіртті жазық дала да кездеседі. Сол себептен болар, бұл кең өлке мыңдаған жылдан бері адам баласының қызығушылығын тудырып, көптеген өркениеттің алтын бесігіне айналған. Назарларыңызға тарихы тереңде жатқан қазақ даласының түкпір-түкпіріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға өз үлестерін қосуды мақсат тұтқан, facebook әлеуметтік желісіндегі қарапайым жазбадан бастау алып, артынша белсенділер тарапынан үлкен қолдауға ие болған, сөз жүзінде қалмай, лайықты деңгейде іске асқан "Nomad Explorer" жобасының "Ұлытау мұрасы" атты алғашқы экспедициясынан дайындалған фотокүнделіктер топтамасын ұсынамыз. Қызық пен шытырманға толы бұл сапар барысында еліміздің әр өңірінен жиналған "Nomad Explorer" мүшелері ұлт ұясы атанған Ұлытау өлкесімен танысты. Экспедицияның бірінші күні қалай өткенін суреттер баяндайды.
"Nomad Explorer" жобасының бір аптаға созылған алғашқы экспедициясына жетпістен астам адам жиналды. Оның ішінде Қазақстан тұрғындарынан бөлек, Украина, Польша, Қырғызстан, Ресей елдерінен келген қонақтар да болды. Жоба мүшелерінің көбісі бір-бірін тек әлеуметтік желіден көрген, сол себепті бәрі алдымен Жезқазған қаласында кездесіп, танысып, содан кейін жолға аттанды.
Он бес көлік беттеген алғашқы бағыт Жезқазғаннан 95 шақырым жердегі "Теректі әулие" мекені.
Теректіге жетпес бұрын, экспедиция мүшелері жол-жөнекей тоқтап, көліктерінен түсуге "мәжбүр" болды. Оларды тоқтатқан — жусанның иісі.
Жусан иісімен қуаттанып, аз уақыт аялдағаннан кейін, сапарымыз ары қарай жалғасты.
Тас жол бітіп, артынша бірнеше шақырымға созылған қара жол басталды. Дегенмен алдын ала жабдықталған көліктер үшін бұл жолды жүріп өту қиынға соқпады.
Көп ұзамай "Теректі әулиеге" де келіп жеттік.
"Теректі әулие" — көне заманның петроглифтері сақталған, ерте темір дәуірінде бағалы металдар өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен.
Мұндағы жартастағы бейнелер біздің заманымызға дейінгі 1 мыңжылдықтың соңы мен біздің заманымыздағы 1 мың жылдықтың басында бедерленген. Сонымен қатар, тарихи кешен маңында 18-19 ғасырда салынған мазарлар да бар.
Бұл жер ел арасында бұрыннан белгілі болса да ұзақ жылдар бойы ғылым тарапынан қызығушылық туғызбаған.
XX ғасырдың орта шенінде атақты ғалым Әлкей Марғұлан осы ескерткішке қысқаша сипаттама бергеннен кейін ғана жәдігер тыңғылықты қарала бастаған.
Қазіргі таңда көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Теректі тарихи ескерткіші мемлекет қамқорлығына алынды.
Дегенмен бұл мекеннің ашылмаған құпиясы әлі де көп.
Ол құпияларды "Ұлытау мұрасы" экспедициясының мүшелері ашып көруге тырысты.
Тылсым күшке ие жерге келген олар таңданыстарын жасырмады.
Бірі оңашаланып, өзгелер байқамаған дүниелерді іздеумен болды.
Енді бірі табиғат қашаған тас мүсіндермен суретке түсуге асықты.
Үшіншілері археолог Айдар Ысқақовтың артынан еріп, білім көкжиектерін арттыруды жөн көрді.
Ал үлкендерден бөлек әлемі бар балалар тастан тасқа секіріп ойнап, бабалардан қалған мұраны қызықтаумен жүрді.
Айта кетерлігі, Айдар Ысқақов көп жылдан бері Ұлытау өңірінде зерттеу жұмыстарын өткізіп жүрген мамандардың бірі. Сол себепті ол бұл тастардың қыр-сырын жақсы біледі. Мына кадрде археолог экспедиция мүшелеріне петроглифтердің қай кезеңде және қалай салынғанын түсіндіріп жатыр.
Оның айтуынша, петроглифтер тас бетіне қашалып салынған да артынша тегістеліп өңделген. Арасында ең көп кездесетіні — аттың суреті. Сонымен бірге, түйе, теке, бұқа, мысық тұқымдас жыртқыштардың да суреттері бар екен.
Маманның әр айтқан сөзіне зейін қойып тыңдап тұрған экспедиция мүшесі Әсет Сейтім. Ол осы өлкемен танысу үшін арнайы Алматыдан келген.
"Ұлытау мұрасы" экспедициясының жүру маршрутын сызған археолог Орынбай Ошанов әріптесі Айдар Ысқақовтың айтқандарына қосымша ретінде аратұра өзінде бар ақпаратпен де бөлісіп тұрды.
Халық арасында бұл мекенге қатысты түрлі аңыз-әңгіме көп.
Олардың көптігі бұл жерде күшті табиғи энергетика барымен байланысты болса керек.
Тастарға бейнеленген күрделі суреттер де аңыздар тууына әсер еткені анық.
Мың жыл бұрын тас бетін осылай әрлеу үшін қанша уақыт жұмсалды екен? Қалай болғанда да бұл үлкен еңбек пен төзімділіктің нәтижесі екені белгілі.
Тасқа қашалған кереметтерден бөлек, айнала табиғаттың мынадай тамаша туындыларына толы.
Айналаңызға зер салып қарасаңыз, көкте қалықтаған қыранды да,
жерде жорғалаған жыланды да,
шөп арасына жасырынған кесірткені де кезіктіре аласыз.
"Теректі әулиені" көріп қатты әсерленген "Nomad Explorer" мүшелері кетуге асықпады. Алайда уақыт тапшы, кеш батқанша әлі бірнеше кешенге барып үлгеру керек.
Түскі асты ішіп болғаннан кейін экспедиция сапарын ары қарай жалғастырды. Мына суретте Марғұлан Сейсембаев фотограф Константин Киквидзеге жақын маңдағы жанармай бекетіне қалай жетуге болатынын түсіндіріп жатыр.
Теректіден 135 шақырым қашықтықта орналасқан келесі нысанға барар жолда қиындық аз болмады. Алайда оның бәрі тез шешіліп, көліктер діттеген жерге уақытылы жетті.
Көпшілік көруге асыққан кезекті кешен — Жошы хан кесенесі. Қазақ хандарының арғы атасы Жошы ханға арналып салынған бұл кесене тарихи тағдырымен, сәулеттік-көркемдік бітімімен көз тартатын көне ескерткіш.
Кесененің керегесі өрнектелген кірпіштермен қапталған, ал ішкі жағында Жошының қарамағында болған оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы сияқты тайпалардың таңбалары бейнеленген.
Кесенеде екі адамның қабірі бар. Зерттеушілер оның бірі Жошыныкі десе, екіншісі ханның үлкен бәйбішесі Бектумыштікі деген тұжырымға келген.
Мұндай тұжырымның пайда болуы Жошы ханның өліміне қатысты аңыздармен тығыз байланысты. Солардың ішінде кеңінен тарағаны ханның аңшылықта жүріп, құлан шабуылынан қайтыс болғанын баяндайды. Кесенеге жүргізілген қазба жұмыстары кезінде екі қабірдің біреуіндегі адам сүйегінің оң қолы жоқ екендігі анықталған. Бұл "Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді" немесе "Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған" деген халық аңызына сәйкес келеді.
Жошы хан кесенесін көргеннен кейін экспедиция мүшелері кезекті тарихи нысанды тамашалауға аттанды. Бұл — шамамен VIII-IX ғасырларда салынған қайталанбас бітімі бар Домбауыл кесенесі. Ол Қаракеңгір өзенінің жағасында, Жошы хан кесенесінен 5 шақырым жерде орналасқан. Қазақ халқының аңыз-әфсанасына сенсек, Домбауыл көзі тірісінде Жошы ханның сенімді серігі, сарай мергені болған. Оның кесенесінің Жошы хан кесенесіне жақын орналасуы да осы жайтпен түсіндіріледі. Сонымен қатар, Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген "Ақсақ құлан" күйінің авторы Кетбұға осы Домбауылдың ұлы деген жорамалдар да бар.
Домбауыл кесенесінің астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Ал биіктігі 5 метрден асады. Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып күмбезделген тас кесенелерді "үйтас" немесе "дің" деп атаған екен.
Тарихи жәдігерлерді аралап болғаннан кейін экспедиция мүшелері Қаракеңгір өзенінің жағасына келіп қоныстанды.
Түнде қонатын шатырлар тігіліп, көпшілік экспедицияның бірінші күнінен алған әсерлерімен бөлісіп жатты.
Басқалар орналасып болғанша, кешкі ас та дайын болды. Табиғатта ішкен астың дәмі бөлек қой, шіркін!
Кешкі астан кейін кейбіреулер шай ішіп, айналаны тамсана тамашалады.
Енді біреулер күнімен қара жолмен жүріп өткен көліктерін тексеруден өткізіп, келер күнге дайындықтарын пысықтап жатты.
Ал балалар болса, өз әдетіне салып, ойынға кірісіп кетті.
"Nomad Explorer" жобасы ұйымдастырған "Ұлытау мұрасы" экспедициясының бірінші күні осылай өтті. Күн ұясына қызарып батып, айнала ерекше тыныштыққа бөленді. Экспедиция мүшелерін алда әлі талай қызық күтіп тұр...
Жалғасы бар...