"Жұлдыздар тоғысқанда" фильмінің таңдаулы кадрлері

"Жұлдыздар тоғысқанда" фильмінің таңдаулы кадрлері

Бүгіннен бастап ҚР Президентінің өмірі мен қызметіне арналған "Елбасы жолы" киноэпопеясының жалғасы "Жұлдыздар тоғысқанда" фильмі жалпыхалықтық айналымға шықты. Бұл туындының "Қазақфильм" киностудиясы ұсынған таңдаулы фото кадрларына назар салыңыздар.

Фильм ағылшын журналисі Джереми Вильсон Қазақстан Президентімен кездесу сәтінен басталады.

Журналистің мақсаты  Елбасының жетістікке жету жолын кітап етіп жазу. Алайда Назарбаев оның алғашқы қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартып, сұхбатты өзгеше форматта өткізуді ұсынады.

Қуана келіскен Джереми Вильсон Президентпен бірге үлкен сапарға шығады.

Фильмде Қайта құру кезеңіндегі КСРО жағдайы жақсы көрсетілген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мансабы осы кезеңде өсе бастаған. Айта кетерлігі, Президенттің жас кезін де, бүгінгі күнгі кейпін де белгілі актер Берік Айтжанов ойнап шықты.

Сонымен қатар, фильмде Қайта құру туралы сөз қозғағанда аты ұмытылмауға тиіс Михаил Горбачев та көрсетілген. Ол кісіні Ресей актері Игорь Угольников сомдайды.

Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси тұлға болып қалыптасуына көп ықпал еткен Дінмұхаммед Қонаевтың рөлін ойнау Алдабек Шалбаевқа жүктеліпті.

Режиссер Дінмұхаммед Ахметұлын мүлде басқа қырынан "ашуды" жөн санаған екен. Фильмде ол кісі бірқатар жағымсыз жақтары бар тұлға ретінде көрсетіледі.

Ал, Раиса Горбачеваның "аузымен" Дінмұхаммед Қонаевты "Монстр Брежнева" деп атауы — туындыдағы ең жағымсыз сәттердің бірі.

Жалпы, бұл фильмді бірінші кезекте көркем туынды ретінде қабылдаған жөн болар. Ал тарихи деректердің дұрыс-бұрысын тарихшыларымыз талдап береді деген үміттеміз.

Сонымен қатар, картинада 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да көрсетіледі.

Мына кадрде сол тарихи оқиғаның бірден-бір себепкері Геннадий Колбин. Оның рөлінде Сергей Гармаш.

Қайта құрудан бөлек КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған қиындықтар да баяндалады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен сайлауға қатысу жайлы шешім қабылдау сәті.

Елбасының Қазақстандағы алғашқы президенттік сайлауға бара жатқан сәті.

Сонымен қатар, туындыда еліміздің әлем елдерімен алғашқы саяси байланыстар орнату кезеңінде үлкен рөл атқарған тұлғалар да көрсетілген. Олардың қатарында Сингапурдың мемлекет қайраткері Ли Куан Ю мен АҚШ президенті Джордж Буш, Ресей басшысы Борис Ельцин бар.

Джорд Буш рөлінде ағылшын актері Стивен Пейси.

Борис Ельцин рөлінде Алексей Гуськов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Джордж Бушпен мұнайға байланысты келіссөздер жүргізу сәті.

"Жұлдыздар тоғысқанда" негізінен орыс тілінде түсірілген. 80-90 жылдар кезеңі көрсетілгенде қазақ тіліндегі диалогтар мүлдем кездеспейді.

Картинаны жасауға Қазақстан мен Ресей кинематографистерінен құралған топ жұмылдырылған. Фильмнің тарихи эпизодтары Алматы, Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында түсірілді.