Қазақстан мен Польша арасындағы ойын қалай өтті?

Қазақстан мен Польша арасындағы ойын қалай өтті?

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыда Польша құрамасын 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, Колумбияда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алғанын хабарлағанбыз. Назарларыңызға жанкүйер көп жиналған ойын қалай өткенін баяндайтын арнайы фоторепортажымызды ұсынамыз. 

Алматы жұртшылығы футзалды сүйіп көреді. Сол себептен Қазақстан мен Польша арасындағы ойында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы лық толатыны алдын ала белгілі еді. БАҚ өкілдері таратқан ақпарат бойынша, кездесу билеттері бір күн бұрын сатылып біткен екен.

Жанкүйерлер алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінген бапкер Какау ойын алдындағы жаттығу кезінде ұзақ уақыт бойы терең ойға шомып жүрді.

Ал кешенге жиналған халық ойыннан үлкен үміт күтіп, ойыншылардың жаттығуын көтеріңкі көңіл күйде бақылаумен отырды.

Жеңіске жетуді мақсат тұтатын Қазақстан құрамасының ойыншылары жаттығуларды тиянақты істеп, бапкердің айтқанын бұлжытпай орындады.

Польша құрамасының ойыншылары кездесуге дайындық үстінде.

Алыстан келген қонақтар. Бүгін поляктар қолдаусыз қалмайды.

Футболистерден бөлек ойынға дайындалып жатқан жұрт көп. Олардың қатарында кездесуді бүкіл елге тарататын телеарна қызметкерлері де бар.

Ағамыз арнайы репортажға дайындық үстінде.

Матч барысында сыртқа кеткен допты алып беретін балалар да жұмыстарына сақадай сай тұр.

Күзет қызметкерлерінің жұмысы бұдан ертерек басталып кеткен. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес!

Спорт кешенінің қызметкерлері алаңды ойынға дайындау үстінде.

Міне, халық шу ете қалды. Қос құрама ойыншылары алаңға шығып келеді.

Төрешілер

Әнұран шырқауға тұрған халық

"Туған жерім менің — Қазақстаным!"

Ойынды қонақтар бастады.

Футзал алаңы кішкентай болғандықтан, бұл жерде үлкен футболға қарағанда ойын жылдамырақ қарқында өтеді. Кездесу басталмай жатып, біздің құрама қарсыластарын қысымға алды. 

Нәтижесінде бір жарым минуттан кейін матчтағы алғашқы гол соғылды.

Голдың авторы  біздің қақпашымыз Игита. Ол ойынға уақытылы араласып, әдемі соққымен қарсылас қақпашысын қапы қалдырды.

Алда әлі ойынның 38 минуты бар...

Ойынды тамашалауға жиналған жұрт жылдам соғылған голдан рухтанып, команданы қолдауын күшейте түсті.

Жылдам соғылған голдан абдырап қалған поляктар шабуылдауға тырысқанымен, бұл ойларынан еш нәтиже шықпады.

Қазақстан құрамасы қысымын үдете түсті.

Араға бірнеше минут салып, Дінмұхаммед Сүлейменовтің сол қанаттан асырған пасын қақпаға дәл бағыттаған Серік Жаманқұлов екінші голдың авторы атанды.

Бұл балақай ойын басталмай жатып осынша гол көремін деп ойламаса керек...

Дегенмен, біздің құрамаға бұл нәтиже де аздық етіп, олар шабуыл артынан шабуыл жасауын тоқтатпады.

Осыдан бірнеше күн бұрын бұл ойынға арнайы тосын сый дайындадым деген мәлімдеме жасаған Польша құрамасының бапкері алаңдай бастады. Оның тосын сыйы жүзеге аспай жатыр...

Ол тосын сыйдың жүзеге аспауына бар күштерін салған біздің жігіттер кезекті голын соғып, есепті 3-0-ге жеткізді.

Артынша ойынға өзгеріс енгізбек болған қонақтар бірнеше мәрте шабуыл жасауға тырысты. Алайда олардың еш ойлары жүзеге аспай, керісінше, қақпаларына тағы 2 гол жіберіп алды. Бірінші тайм 5-0 есебімен аяқталды.

Үзіліс кезіндегі қарбалас

Бұл ойынның тағдыры бірінші таймда шешіліп қойған, алайда ойынның екінші бөлігі де қызыққа толы болды. Ең құрғанда бір гол соғуды армандаған Польша құрамасы көбірек шабуылдауға тырысты.

Бірақ біздің ойыншылар жақсы қорғана білді, қарсыласты қақпамызға жолатпауға тырысты. Ереже бұзуға тура келген сәттер де болды.

Поляктар Игитаның осал тұсын таба алмай әлек болды.

"Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болам!"

Көп күттірмей Лео екінші таймдағы алғашқы голды соғып, есепті еселеді. 6-0.

Кездесуге жиналған жұрт жетінші голды талап етіп шулады. Ал ортада отырған анау бір көңіл күйі жоқ жігіт "Польша ұтады" деп біреумен бәстесіп қойса керек...

Серік Жаманқұлов қорғаушыларды бақылап, олардың қателесуін күтіп тұр...

Халық арасында оны қолдауға келген жанкүйерлер де бар екен.

Ал Польша құрамасын қолдауға келген жанкүйерлер өз командаларына ренжулі... Олар тағы бір гол соғылмайынша ойынның тезірек аяқталуын тілеп отырды.

Бірақ Қазақстан құрамасы олардың емес, өз жанкүйерлерінің қалауын орындауға асықты. Көп ұзамай Польша қақпасына жетінші гол соғылды. Есеп 7-0.

Бұл жолы поляктарды сан соқтырған Арнольд Кнауб болды.

Команда капитаны Дінмұхаммед Сүлейменовтың ойыншыларға нұсқау беру сәті. Бүгін бұл жігіт біраз тер төкті.

Ойынның аяқталуына 57 секунд қалды...

Біздің құрама ойын аяқталмай жатып жеңісін тойлауды бастап кетті...

Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Жеңіске сенсе де нәтиже 7-0 болатынын ешкім күтпесе керек.

Ойыншылар бас бапкер Какауға алғысын білдірді.

Польша құрамасының ойыншылары ойсырай жеңілгендеріне налып отыр.

Лео Польша ойыншысын жұбатуда.

Михаил Першин бұл жеңісті ойынға қатыспаған Шыңғыс Есенамановқа арнады. Естеріңізге сала кетейік, Шыңғыс ақпан айында Сербияда өткен Еуропа чемпионатында жарақат алған болатын.

"Сізді әкім мен ҚФФ президенті шақырып жатыр!"

Иә, бұл ойынға Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов та келген болатын.

Құрама жеңісті тойлауда!

Айта кетерлігі, жеңіс ысқырығын ести сала, кей жанкүйерлер алаңға жүгіріп шығып, ойыншыларды құттықтауға асықты.

Кейбіреулер ойыншылармен суретке түсті.

Енді біреулер оларды құшақтап, ризашылығын білдірді.

Жанкүйерлердің көбейіп кеткені соншалық, күзет қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге тура келді. 

Ойын соңындағы баспасөз конференциясында көз жасына ерік берген бас бапкер Какау бұл жеңісті Қазақстан халқына арнайтынын жеткізді.