100 жылдық тарихы бар. Алматыдағы уақыт қойнауында қалған тылсым үйлер

Алматыда жасы 100 жылдан асқан үйлерді саусақпен санауға болады. Олардың көбінде кезінде ұлы тұлғалар тұрған. Десе де, тарихи ғимаратты түпнұсқа кейпінде сақтау мүмкіндігі бәріне бірдей бұйырмады. Көзге түсіп, қамқорлыққа алынғандары мұражайға айналды, көзден таса қалғандары тамақтандыру орталығы болып қалды. 

Ұмыт бола бастаған көне ғимараттардың тарихын Massaget.kz тілшісі баяндасын.

Жұмат Шанин тұрған үй немесе тұңғыш қазақ театры

Қонаев және Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы мына бір мейрамхана ғимаратында бұрындары 4 бірдей (Абай театры, Ғ.Мүсірепов театры, Мұхтар Әуезов театры және Михаил Лермонтов театры) театрдың негізі қаланды десе бірі сенер, бірі сенбес. Бұл үйде режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі – Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин тұрған. 

Шанин үйінде театр өмірі 1928 жылы, Қызылордадан Алматыға тұңғыш қазақ драма театры көшіп келгенде басталды. Ғимаратта толық театр орналасқанымен, бөлек бір бөлмеде Жұмат Шанин мен зайыбы Жанбике тұрды.

Дегенмен 1937 жылы Жұмат Шанин халық жауы ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Оны Сәкен Сейфуллин және Темірбек Жүргеновпен бірге Сталинге қастандық жасамақ болды деп айыптады. Жұматтың артында екі баласы және әйелі қалды.

Шанин әулетінде бұнымен қасірет бітпеді. Көп ұзамай үлкен баласы Раупбек туберкулезден қайтыс болды, ал жұбайы Жанбикені солақай саясат АЛЖИР-ге 8 жылға айдады.

Бұл оқиғаларға дейін театр жұмысы белсенді жүрген. Ғимаратта Юрий Рутковский, Күләш Бәйсейітова сияқты аты аңызға айналған тұлғалар өнер көрсеткен.

Десе де, уақыт өте театр бірнеше труппаларға бөлініп, әр ұжым жаңа ғимараттарға көшті. Ал мыңжылдықтар тоғысында бұл үй сүріліп кетудің аз-ақ алдында тұрды. Ғимаратты тек мейрамхана қылып қана сақтап қалу мүмкін болды.

Ғимаратты мейрамханаға айналдырған жандар да бұл орынның тарихын жақсы біледі. Сол себепті ішкі безендіруін де сол заманға ұқсатқан екен.

Жұмат Тұрғынбайұлы 1970 жылдары ақталып, есімі қайта айтыла бастады. Оның атын 1972 жылы Шымкенттегі театрға берді. Ал мына ғимаратқа 2018 жылы арнайы тақта ілініп, ерекше қорғаудағы нысан екендігі айқындалды. 

Сүрілмеген, өртенбеген атақты Қызыл Таң

Тағдыры қиын болғанмен, болмысы өзгермеген бірегей ғимараттың бірі осы – "Қызыл Таң".

"Қызыл Таң" дүкенінің тарихы 1896 жылдан басталады (басқа деректер бойынша 1912 жылы салынған). Жобаның авторы кім деген дау көптен бері басылмай келді. Алайда мұрағат құжаттарына сүйене отырып, өлкетанушы Неля Букетова 1912 жылы ғимарат А.Зенковтың жобасы бойынша реставрациядан өткенін, бірақ оны 1896 жылы П.Гурде салғанын алға тартты.

Жібек Жолы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы ежелгі орыс сәулет өнерінің ескерткішіне айналған ғимаратқа қарамай өту мүмкін емес.

Дүкенді 19 ғасырда татар көпесі Исхак Габдулвалиев салдырған екен. Нысан салынғалы тоқыма, парфюмерия және галантерея өнімдерін сататын басты сауда нысандарының біріне айналған. 

Десе де, революциядан кейін ғимарат мемлекет меншігіне өтіп, 1982 жылы мемлекеттік маңызы бар сәулет ескерткіші қатарына кірген.

Ал 2008 жылдан бері ғимарат тендер арқылы сенімгерлік басқаруға "Кызыл-Тан Фабрик Хаус" ЖШС-на берілген.

Жекенің қолына өткені сол еді, ғимарат өртке оранып, салдарынан қоймасы  қирап қалды. Дегенмен кейінірек бәрі қалпына келтірілді.

"Қызыл Таңның" басына қара бұлт 2017 жылы қайта үйірілді. Бұл жолы ғимарат сүріліп кетеді деген шу шықты. Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы халыққа басу айтып, ғимарат мемлекет қорғауында екенін және оған ешкім тиіспейтінін жеткізді. Әзірге бұл дүкен халыққа көзайым болып, өз жұмысын қалыпты жалғастырып келеді.

Ахмет Байтұрсынұлының үйі

А.Байтұрсынұлы көшесінде қоғам және саясат қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі орналасқан. Бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы 1934-1937 жылдары ату жазасына кесілгенге дейін тұрды.

ХХ ғасырдың басында салынған ғимарат Республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы 160 шаршы метрді құрайды.

Мұражай 1993 жылы құрылып, 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық материал сақталған.

Мұражай көрмесі үш бөлмені – бұрынғы асхана, балалар бөлмесі және Ахметтің кабинетін қамтып жатыр.

Екі үлкен бөлмеде Байтұрсынұлының отбасы мен достарының құжаттары мен фотосуреттерінің түпнұсқалары мен көшірмелері бар.

Үшінші бөлмедегі жәдігерлер оның қамауға алынып, өлім жазасына кесілген кезеңіне жатады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1988 жылы ақталды. Ақталу жайлы куәлік Шолпан Ахметқызына табысталды.

Оқу-ағарту ісі осында жанданды

Верный қалалық училищесі 1890 жылы салынған. Сол кезден бастап бұл ғимараттың ағарту ісіне қосқан үлесі зор. 1920 жылы Д.А. Фурманов бастамасымен бұл ғимаратта алғашқы Верный қаласының еңбек училищесі ашылды. 1930 жылдары ғимаратта Левон Мирзоян атындағы ауыл шаруашылығы институты орналасты. Одан кейінгі жылдары тәуелсіз Қазақстан Қазақ КСР Мәдениет министрлігі орналасты.

Қазіргі уақытта ғимаратта «Қазреставрация» РМК орналасқан. Мектептің атақты түлектерінің қатарында Михаил Фрунзе, Ораз Жандосов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тоқаш Бокин, Жұбаныш Бәрібаев бар.

Айта кететін жайт, мектепті жобалау кезінде сәулетші сол кездегі оқу ғимараттарына қажетті гигиеналық нормалардың барлығын ескерген. Ол тас баспалдақтарды ағашқа ауыстыруды, қабырғаларды екі түске бояуды талап еткен. Қабырғаның үстіңгі бөлігі ашық жасыл, ал қабырғаның төменгі бөлігі ластанбауы үшін қою қоңыр түске боятқан.

Сонымен қатар ғимараттың ағаш конструкцияларын ылғалдан сақтау үшін жиектер темірмен қапталған. 

Офицерлер үйінен, аспаптар музейіне дейін

1908 жылы Зенков Верный офицерлер үйін ерекше кескінде сызып берді. "Ропетов" стиліндегі ағаш сәулет өнерінің бірегей үлгісі болып табылатын бұл ғимаратта ұзақ жылдар бойы офицерлер клубы, ауыл шаруашылығы көрме павильоны, пошта-телеграф кеңсесі, «Қызыл жұлдыз» кинотеатры, офицерлер жиналыс кеңсесі, облыстық офицерлер бөлмесі және Орталық Азия әскери округінің офицерлеріне арналған арнайы кабинеттер орналасқан еді.

Дегенмен 1983 жылы Қонаевтың сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековке берген тапсырмасымен, бұл ғимарат Республикалық маңызға ие халық музыкалық аспаптар музейіне айналды.

Мұражай жанында «Сазген» ансамблі ұйымдастырылды. Мұражай мен ансамбль қатар дамыды. «Сазген» ансамблі мұражайды дамытуда маңызды рөл атқарып, мұражайды насихаттауға орасан зор үлес қосты.

Бұнда тек қазақтың халық аспаптары ғана емес, түркі халықтарының және әлемнің 40-тан астам елінің аспаптары, әртүрлі елдердің музыкалық мәдениетін таныстыратын 1244 экспонат бар. 

© Суретте: Күй атасы мүсіні

© Суретте: Шаңқобыз, XX ғасыр жәдігері

Талай тарихи оқиғалардың куәсі болған ғимарат бүгінде сәулет ескерткіштерінің тізіміне еніп, мемлекет қорғауында тұр.

 



Бөлісу: