«Шеф Battle»-да ешкім еш жерден татпаған тағамдар
Бүгін, 3 қазан күні Алматы қаласы, Mega Park сауда орталығында алғаш рет «Шеф Battle» аспаздық шоуы өтті.
Александр Трегубенко бастаған Қазақстан Бас аспазшылар Ассоциациясы және фейсбук желісіндегі «Ресторанная критика Казахстана» бірлестігі басқармасы Юрий Пааль және басқалары ұйымдастыруымен өткен бұл шара көздегеніне жетті.
Шоуға жер-жерден, Шымкент, Ташкент қалаларынан да қатысушылар ағылып келді.
Алдын ала 15 000 теңге төлейтін аспаздық байқауда бақ сынауға 100-ден астам адамнан өтініш түскеніне қарап, шара танымалдығын да аңғару қиын емес.
Шараны жақындап көре алмағандар мынау үлкен экраннан жайбарақат тамашалай алады.
Дайындалған тағамдар мына критерий бойынша бағаланады: тазалық сақтау, дайындалған тағамның пайдалылығы – 10 ұпай, сыртқы келбеті, мөлшері – 20 ұпай, тың туынды болуы, даярлану қиындығы, кәсіби шеберлік – 20 ұпай, тағам дәмі – 50 ұпай.
Шара шарты бойынша барлық техникалық және өрт-қауіпсіздік ережелерін толық сақтау керек.
Берілген 40 минут ішінде 2 бөлік тағам жасап үлгеруі де ескеріледі.
Аспаздар айқасына қатысқан еліміздің ең мықты мамандары шараға ешқандай дайындықсыз қатысады. Себебі шоудың ең қызық жері осы.
Қара жәшікке салынып әкелінген азық-түліктердің біреуін назардан тыс қалдырмай, барлығын қолданып, бір тағам түрін дайындау керек.
Мұнда кәсіби шеберлігінің кемелдігіне жеткен «шефтер» суырып салу өнерін іске қосып, табан астында өз қиялынан шыққан тағам мәзірін ұсынады.
Қара жәшікке алма, қызылша, тауық еті, күріш, шоколад секілді бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінетін азық түліктер салынған.
Бір жәшіктен шыққан азық-түліктердің басын «бір қазанға сыйғызып»
бәрін бірдей пайдаға асырып жасаған тағам ұтымды шығады.
Шоколадты бірі ұнтақтап, тағамына себеледі.
Ал енді бірі табаға су қайнатып, оның ішіндегі екінші ыдысқа ерітіп пайдаланды.
Тауық етінің ішіне көкөністер қоспасын салып, қуырып жатыр.
Мұнда одан орама жасап, отқа қақтады.
Қара жәшіктен мамандардың өздері күтпеген құрт тағамы да шығып таңдандырды. Ұйымдастырушылар интрига жасай білді.
Ал, енді, оны суға езе ме, майға қуыра ма, ұнтақтап айналасына себе ме, сәндік ретінде қолдана ма – өзі шешеді. Маңыздысы, міндетті түрде қосуы тиіс.
Қара жәшікпен келетін міндетті тағамдарға қоса, басқа да көптеген азық-түліктер ұсынылады. Осы жерден қалаған нәрсесін алып, кәдесіне жарата алады.
Ал бұл жердегі азықтардың қайсысын қаншалықты аламын десе де, кәсіби маманның өз құзырында.
Ұсынылған өнімдердің 95 пайызы Қазақстанда жасалған.
Қызықты шараны тамашалауға келген халықтың қарасы көп. Төртінші билік өкілінен өзге кісілерге өтуге шектеу қойылған қызыл белгінің ар жағынан да халық естелік алып қалуға тырысып, гаджеттерін тынымсыз тырсылдатты.
Тұлпарын бәйгеге қосып, өзі тыста тақымын қысып отыратын бапкердей, аспаздарға қолдау көрсетуге келген жанкүйерлер де шулап, дем беріп тұрды.
Тамыры байланбаған жас шыбықтай балаларын да қалдырмай, әкесіне жанкүйер болуға алып келіпті.
Күйіп-жанып тұрған алты пештің ортасында ойдан тапқан тамағыңды санаулы уақытта даярлап ұсыну тек көрер көзге ғана оңай тәрізді.
Қанатымен су бүріккен қарлығаштай мынау құрылғы адамдарды ыстық ауадан арылтып, салқан леп берді.
«Шеф Battle» шоуының қатысушысы Азамат Рахметуллаев осындай кең көлемдегі шарада елдің ең шебер мамандарымен бірге бақ сынауға түскеніне аса қуанышты екенін жеткізді.
Ол Алматы технологиялық университеті «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандығы бойынша магистратураның 1-курс студенті.
Жап-жас болса да, өзінен екі есе үлкен мамандармен үзеңгілес болып, бір байқауға қатысты. Уақытын есептеп, үнемдеп, шеберлігін паш етті.
Еңбек жолын «Rixos» қонақүйінде «Chef de Partie» маманы болып бастаған Азамат қазір «Салтанат» қонақ үйінің «Sous chef» маманы.
«Өз ас үйіңде емессің. Тамағыңа біреудің камерасы кіріп бара жатқанда аздаған қобалжу болады», - деді ол.
Шараның басты мақсаты да аспаздық мамандығын насихаттаумен бірге, өз еліміздің де шебер кәсіби азпаздары бар екенін, олардың мерейін үстем етіп, өзге жұрт мамандарынан бір кем түспейтінін көпшілікке дәлелдеу болатын.
Қатысушылар ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен бедерленген киіммен шығуы көз қуантты.
Жас мамандарымыз және олардың әзірлеген асы арқылы шара мақсатын қаншалықты орындағанына көз жеткізуге болады.