Алматы шаһары Ұлыстың Ұлы күнін атап өтті

 Алматы шаһары Ұлыстың Ұлы күнін атап өтті

Наурыз – көне мейрам, ұлы мейрам. Бұл күнді Алматы қаласы да әдеттегідей ұлан асыр тоймен атап өтті.
Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол.

Еліміз талай ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған татулықтың символына айналғандықтан, мейрам өткен алаңда түрлі ұлысқа жататын, тек шығыстық емес, сондай-ақ, славян азаматтары да тойлатты.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді.


Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады. Мысалы, алаңға жиылған жұршылық, әсіресе, балалар:

Соқыр теке бақ,бақ
Біз айтамыз тақпақ
Мықты болсаң, кәнеки
Бірімізді тап, тап.
Мен текемін бақ, бақ
Қимылдаңдар сақ, сақ
Ал ұстадым мінеки
Шығып кеті-ау қап,қап - десіп ұлттық “Соқыр теке” ойынын ойнады. Ересектер қатарынан балалығын еске алып асық атысқандар да табылды.

Сондай-ақ, алаңда қазақтың түрлі ұлттық нақыштағы киім-кешек пен тұрмыс құралдарынан бөлек музыкалық аспаптарын насихаттайтын өнер жанашырларының бірнеше тобы болды.

Өнерпаздардың бірнешеуі ең ерекше Ортеке биін көпшілік назарына ұсынды. Ортеке– қазақтың халық биі. Оның қуыршақ теке, жеке биші және бишілер тобы орындайтын түрлері бар. Біріншісінде үстел үстіне орнатылған қуыршақ-текенің аяғы, мойны, денесі қозғалмалы етіп жасалады да, жіңішке жіптер арқылы домбырашының саусақтарына байланады. Күй тартылғанда саусақтардың жоғары-төмен қозғалуына орай қуыршақ-текенің дене мүшелері де қимылдап, күй ырғағына сай билеп жүргендей әсер тудырады.

Бидің бұл түрін Шашубай ақынның орындағаны туралы дерек бар. Екінші түрінде (жеке орындалуы) “Ортеке” биін алуан қимыл-қозғалыстар мен мимикалар арқылы орға түскен текенің, одан шықпақ болған нәтижесіз әрекетін бейнелейді. 

Наурыздың 22 күні Наурыз мейрамын барша Алматы жұртшылығы төрт көзі түгел атап өтіп, қызыққа бөленді. Наурыз туралы көптен бері,жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ.Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандағының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар.Ызғарлы қыстың кетіп,жан йесі өмір қуатын туғызған жыл,жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. ˝Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық,мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын,аурулар сауығамын деп,аттар тойынамын деп,жалаңаштар киімсіз де күн көремін˝ дегендей жұрттың бәріне үміт,әркім деп жылы шырай сезіне бастап, ˝бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз˝ дегендей сағынышты көрісілері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын. ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝, - десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп,аңыз қылысатын.

Мерекелік қуанышқа кенелген жұртшылық бұрынғыдай 40 күн тойлатпаса да, бүгінгі  мерекелік шарадан ай шыққанша тарқамады.