Әрине, таңғалуға болмайтын да шығар, бірақ халқымыздың атадан мұра болып келе жатқан ұлттық, дәстүрлі музыка өнеріне шет елдің музыкатанушылары қызығушылық танытып, зерттеп жатса өзіміз оған таңданып, таңдай қағамыз ғой. Сондай үрдісті өзіміз-ақ бойға сіңіріп алыппыз. Қысқасы Уэрнер Линден есімді неміс музыкатанушысы, сазгер қазақтың ұлттық әндерін сүйіп тыңдайды. Мұнымен қоймай, өткелі жатқан Spirit of Tengri ұлттық әндер байқауына арнайы Мэйн өзені жағасындағы Франкфурт қаласынан келіпті. Біздің байқағанымыз, оның ұлттық өнерімізге қызығушылығын былай қойғанда, оның қазақ халқына деген ерекше құрметін бөлек айтсақ орынды. Оның қазақ жастарына айтар ойы барына күмәнсіз сенеміз. Сондықтан да, сұхбат алуды жөн санадық.
- Линден мырза, қазақ музыка өнеріне деген қызығушылығыңыз қайдан? Бұған не түрткі болған еді?
- Менің жүрегімдегі қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен талпыныс осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2004 жылы басталды. Бірде менің назарыма өте әдемі және акцентпен сөйлейтін әріптес қыз ілікті. Мен одан қай елден келгенін сұрағанымда, ол қыз Қазақстаннан деп жауап берді. Шынымды айтайын, мен ол қыздан әжептәуір үлкен едім. Бәлкім ондаған жылдарға жас болсам қазақ қызына ғашық болып қалар ма едім. Ол кезде Қазақстан жайлы мүлдем хабарым жоқ, бар білгенім КСРО-ның құрамында болған мемлекет еді. Сол уақыттан бастап менің қазақ жеріне, еліне, мәдениетіне деген қызығушылығым артып, зерттей бастадым. Алдымен картадан іздеп тауып алдым, кейін ғаламторға кіріп «Қазақстан мәдениеті» деп іздегенімде еш мәлімет табылмады. Бірден қазақтың мәдениеті жайлы іздеуімнің де өз себебі бар. Мен әуел бастан Қазақстанда түрлі мәдениеттің бір тоғысып, тарихқа тола екенін білдім, түсіндім. Сол себепті қазақтың дәстүрлі музыкасы мен халық әндерін тауып, ұлттық аспаптарының дыбысын есту мен үшін аса қызық болды. Ғаламтор желісінде басталған зерттеуімнің бірден нәтижелі болмағаны Қазақстан жайлы ақпараттың барлығы орыс және қазақ тілінде ғана. Бірақ көп ұзамай интернеттен қазақстандық «Үркер» тобының жеке сайтын таптым. Ұлттық аспаптарыңыздың үні мен жалпы халық әндерін алғаш естігендегі алған сол кездегі әсерімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көп ұзамай Германиядағы қазақ студенттермен кездесіп, интернет форумдар ұйымдастырдым. Көп ұзамай Қазақстандағы атақты сазгерлермен де байланыс орнатып, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториямен бірлесіп жұмыс жасай бастадым. Тығыз қарым-қатынас қалыптасқаннан кейін қазақ мәдениетін тану одан әрі қызықтыра түсті. Міне, осылайша қазақ музыкасын зерттеу басталып кетті.
- Ал Spirit of Tengri байқауы жайлы қайдан білдіңіз?
- The Spirit of Tengri туралы білгеніме аз уақыт болған жоқ. Күнделікті ғаламтормен Қазақстанда болып жатқан шараларды естіп, біліп, оқып отырамын. Қазақ музыкасын тудырған ұлы сазгерлеріңізді, тарихтарыңызды, бұған дейін ұйымдастырылған «Азия дауысы» сияқты байқауларыңызды да білемін. Сондықтан бұл фестиваль жайлы да білу қиындық тудырған жоқ. Ести сала, Қазақстандағы әріптестеріме хабарласып, шараның бағдарламасын беруді өтіндім. Маған Германияда тұрып қазақ музыкасын зерттеу оңай емес, тек ғаламтор желісінің көмегімен ғана жаңалықтарды естіп отырамын. Сондықтан бұл фестивальға келіп, қазақ халқын өз көзіммен көріп, дәстүрлі музыка мен ұлттық аспаптардың үнін өз құлағыммен естуге бел будым. Міне, бұл мақсатыма да жетіп, Қазақстандамын және өте қуаныштымын. The Spirit of Tengri-ге қатысып, өзіммен бірге бірнеше тың дүниені ала кететін болдым. Себебі мен үшін қазақ мәдениетіндегі әрбір жаңалық маңызды. Еуропада да дәстүрлі музыка фестивальдері өтіп тұрады. Бұған дейін бірнеше байқауды тамашаладым. Әрдайым қазақтың сол фестивальдерге қатысуын тілеп, күтіп жүремін. Бірақ, өкінішке қарай, бірде-бір рет «қазақстандықтар келіпті, қатысады екен» дегенді естіп те, шақырылғанын көрген де емеспін.
- Құпия болмаса айтыңызшы, қазір қандай әндерді тыңдап жүрсіз?
- Қазір мен «Үркер» тобының соңғы жинағы «Толғауды» тыңдап жүрмін. Бұл топтың әнді орындау шеберліктері өте керемет. Кез келген әнді жүректен шығарып айтады. Сондықтан болар, олардың орындаған кез келген ән, күйінің ішіне кіріп кеткендей әсерде боламын.
- Қазақтың музыкасы қазіргі заманғы қандай музыкалық ағымдармен үйлеседі?
- Қазақ музыкасында қазіргі заманғы музыкалық ағымның барлығы да бар деуге болады. Соның ішінде классикалық ағым басымдау сияқты. Әрине зерттеу жұмыстары енді бастала бастаған кезде бұл сұраққа жауап беру мен үшін аса қиыншылық тудырды. Бірақ уақыт өте келе қазақтың біраз сазгерлерін танып, таныса бастадым. Қазақта дәстүрлі музыканы дамытқандар мен тудырғандар өте көп. Айта кету керек, мысалы Қуат Шілдебаев. Бұл сазгердің туындылары маған қатты ұнайды. Тағы бір білерім Қ.Шілдебаев «Ұлжан» фильміне арнап музыка жазған. Классика демекші, қазақтың қылқобызына жететін әлемде аспап бар ма? Қобыз көне аспап болса да, оркестрге де қосыла алады. Шөлібаев мырза да қобызды оркестрге қосып көптеген әдемі музыканы жарыққа шығарған. Бірақ олар өте ескі. Шөлібаевтан басқа Ақтоты Райымқұлованың симфониялық «Толғау» атты поэмасын атап өткім келеді. А.Райымқұлова ерекше, тек фантастикалық туындыларды дүниеге әкеледі.
- Линден мырза, әрине біз де сіздің келгеніңізге қуаныштымыз. Айтыңызшы, сіз фестивальден не күтесіз, қалай елестетесіз?
- Біріншіден, өзіме рухани азық табамын деп сенемін. Екіншіден, тек монитордың ар жағынан көріп жүрген қазақ халқын енді өз көзіммен көріп, танысатын болдым. Бұл да менің қазақ музыкасындағы бірталай сырды шертіп, білмегенімнің орнын толтырары сөзсіз. Үшіншіден, осыған дейін неше түрлі фестивальді көрсем, енді қазақ жерінде өтіп жатқан фестивальды солармен салыстырып, жақсы жақтарын Еуропаға айта баратын болдым. Бәлкім ол жақтағылардың ойына келмеген ерекше идеялар осы фестивальдан табылар. Сондай-ақ, қазақ музыкасының ерекшелегін, ұлттық аспаптарыңыздың құдіретін, қазақ халқының қонақжайлылығын да Еуропадағы әріптестеріме мақтана айтып баратыным анық.
- Қонақжайлылық демекші, редакциямызға тақиямен келген екенсіз. Сыйлық па?
- Иә, Алматыдағы әріптестерім мен достарым үйлеріне кезекпен кезек қонаққа шақырып жатыр. Дастархан жайып, шапан да кигізді. Мына тақия да достарымның сыйлығы. Қазақстанға келгенім үшін қалай қуанышты екенімді білсеңіз ғой.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай
Ағылшын тілінен аударған: Сандуғаш Әлімжанова