- Негізгі бет
- Тұлға
- Ұшқыш Ақерке Шопатаева:...
Ұшқыш Ақерке Шопатаева: "Тікұшақ қатені кешірмейді"
Ақерке Шопатаева – Қазақстандағы санаулы әйел ұшқыштардың бірі. Ол ІІМ қарасты «Казавиаспас» мекемесінде Ми-8 тікұшағын басқарады. Ақерке төтенше жағдайларда адамдарды құтқарады, өрт сөндіруге қатысады. Ұшқыш осыған дейін 460 сағат ұшқан. Ол қызық та, ауыр жұмысы жайында Massaget.kz тілшісіне әңгімеледі.
Неге авиацияны таңдадыңыз?
Мені ұшқыш болады деп ешкім ойламаған және өзім де кішкентай кезімде авиацияны мүлде армандамаппын. Анам – құрылысшы, әкем – агроном. Авиация туралы тек Кеңес үкіметі кезінде теледидарда көрсетілетін ДОСААФ авиация, әскер, флот еріктілерінің қоғамынан білетінмін. Олардың үйірмесі көрсетілетін жарнаманы көріп жүрдім, бірақ мені бұл үйірме аса қызықтыра қоймады, себебі мен қазақ мектебінде оқыдым, ал онда тек орысша сабақ береді. Бірақ анамның ықыласымен үйірмеге ақыры бардым, бір жыл теорияны меңгердім. Содан кейін практикада қалай ұшақ басқаратынымыз қызық болды. Тәжірибені Байсерке аэродромында өттік.
Алғаш инструктормен штурвалға отырғанымда қатты қорықтым. Бұл ЯК-52 ұшағы болатын. Тіпті көзімді жұмып, толқып кеттім. Бірақ жерге қонған соң, ұшқыштардың жұмысына деген қызығушылығым арта түсті, өз ісімді тапқандай болдым және содан кейін ұшқанда қорықпайтын деңгейге жеттім.
Фото: Досжан Балабекұлы
Тікұшақты басқару ұшаққа қарағанда қиынырақ екен. Екеуінің айырмашылығы неде?
Тікұшақта басқышты, «қадам-газ» тұтқасын және циклдік тұтқаны қатар басқару керек. Қандай да бір маневрді орындау ұшаққа қарағанда қиынырақ, себебі ұшақта автопилот бар. Ал тікұшақта барлығы механикалық түрде басқарылады. Мысалы Ми-8 – модификацияланған тікұшақ. Оны жоғары деңгейдегі тікұшақ деп айтпас едім, бірақ оны Қазақстандағы тікұшақтармен салыстырғанда жақсысы осы.
Жылына орташа қанша сағат ұшасыз?
Осыған дейін 460 сағат ұшыппын, жылына шамамен – 90 сағат. Бізде пилоттар көп, сондықтан көп ұшатын мүмкіндік жоқ.
Сіз үшін жұмыстағы кәсібилік деген не?
Ұшқыш нұсқаулықты бес саусағындай білуі керек. Оны жетік меңгеріп, жіті бақылауда ұстай білуі қажет. Бұл – өте жауапты мамандық. Бортта жолаушы болмағанның өзінде ұшқыш өзінің ғана емес, экипаж мүшелерінің өміріне де жауап береді.
Жеке өміріңіз бен жұмысты қалай қатар алып жүрсіз?
Қазір үш балам бар, оларға қарасуға енемнің көп көмегі тиеді. Мен жұмыста, іс-сапарда болғанда ол кісі – балалар үшін екінші ана және жолдасым да маған қолдау көрсетіп, үйде бір-біріміздің жоғымызды білдірмеуге тырысамыз.
Мамандықтарды әйелдікі, ердікі деп бөлесіз бе?
Бұл көлік жүргізу сияқты нәрсе. Мысалы рөлдегі әйелге ер адамдар аса сенбей, сынай қарайды. Бірақ ер адамның барлығы бірдей жақсы жүргізуші деп айта алмаймыз ғой. Егер адам өз ісін жетік білсе, оның ерекшелігі, жынысы маңызды емес. Дегенмен қазір Қазақстанда біршама мамандық ер адамға арналғанын мойындауымыз керек. Бұған жұмысшыға жасалатын жағдай себеп болып отыр деп ойлаймын.
18 миллион қазақстандықтың арасында пилот болғысы келетін қыздар бар, сөзсіз. Олардың мүмкіндіктерін, жағдайдың қаншалықты жасалғанын қалай бағалар едіңіз?
Адам өз ісінің кәсіби маманы болса, ешкім оның әйел немесе еркек екеніне қарамайды. Оқу мен жұмыста ешқандай дискриминация жоқ деп сеніммен айта аламын. Мен балаларымнан «ұшқыш болғыларың келе ме?» деп сұрап қоямын кейде. Қызым иә дейді, ол тіпті ғарышкер боламын дейді. Оның орнында болсам, мен де солай дер едім, өйткені бұл менің арманым еді.
Фото: Досжан Балабекұлы
Болашақ пилоттарға не айтар едіңіз?
Болашақ пилоттардың бұл мамандыққа асқан жауапкершілікпен қарағанын қалар едім. "Мен – пилотпын!" емес, "Мен – пилотпын" деп салқынқанды, байсалды қарау қажет. Себебі тікұшақ қатені кешірмейді. Сондықтан әсіре мақтанға салынбай, ой жылдамдығын дамытып, тәжірибе жинап, түрлі жағдайға дайын профессионал болуға ұмтылу керек.
Massaget.kz