"Жырдың қара жорғасы" атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына биыл – 130 жыл. Мерекелі датаға орай, 25 қазан күні Алматы облысы, Жамбыл ауданында жас ақындар арасында облыстық ақындар айтысы өтті. Ән мен күйдің, өлең мен жырдың алтын бесігіне баланған қасиетті Жетісу өңірінің түкпір-түкпірінен 14 айтыскер ақын, 2 термеші келді.
Жастар жылында жастарды қолдау, ақынның мерейтойын тойлау мақсатында ұйымдастырылған шараның қалай өткенін Үмбетәлі немересі Әуелбек Ысқақов айтып берді.
"Айтыс жоғары деңгейде өтті. Жастардың ұтымды сөз тауып, жарасымды әзілдеп, өз қатарларындағы мәселелерді орынды көтергендеріне разы болдым. Айтыс өтеді дегенді естіп, жан-жақтан жиылған жастардың мына бір әрекеті мені тәнті етті. Біз оларға қонақүй дайындап қойғанбыз. Бірақ олар қонақүйде емес, Үмбетәлінің өзі тұрған бұрынғы үйіне (бүгінде музейге айналған) қонсақ деп ұсыныс тастады. Біз бұл ұсынысты қуана қабыл алдық, іштей қуандық", - деп әсерімен бөлісті Әуелбек Ысқақов.
14-25 жас аралығындағы жас ақындарға арналған айтысқа өңірдің, облыстың, республиканың беделді тұлғалары қазылық етті. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Рәтбек Терлікбаев қазылар алқасының құрамында төрағалық қызмет атқарды. Сонымен қатар Үмбетәлі Кәрібаевтың қызы Әлия Үмбетәліқызы да қазылар алқасының қатарынан табылды.
Жас ақындар жарысының өтуіне қолдау білдіріп, қаржылай көмек ұсынған Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және Үмбетәлі ауылының қамқоршылық кеңесі. Айтысқа тігілген жүлде қоры – 1 200 000 теңге.
Ақындар айтыс барысында білім жүйесіндегі олқылықтарды, мектеп пен ұстаз тақырыбына қатысты шешуін таппай жүрген түйіткілді мәселелерді қозғаған. Жүзден жүйрік атанып, жүлдеге иелік еткен айтыскерлер тізімі мынадай:
Бас жүлде: Айым Асылбекқызы;
Бірінші орын: Жанарыс Тілеубек;
Екінші орын: Расу Сағытбек, Райымбек Өтепов;
Үшінші орын: Ерасыл Жұмабек, Алтынай Қанапия, Ердәулет Сардар.
Үмбетәлі Кәрібаевтың 130 жылдығына арналған айтысты ұйымдастыру барысында ақын жайлы 5 минуттық деректі фильм көрермендер назарына ұсынылды. Ақынның немересі Әуелбек Ысқақовтың айтуынша, бұл деректі фильм сонау 1957 жылы түсірілген.
"Кинолентаға жазылған бұл материалдарды біз мұрағаттан таптық. Бейнекадрлар 1957 жылы Жамбыл ауданында түсірілген. Мұнда Үмбетәлі атамыздың айтысып отырған сәттері бар. Шара барысында біз бұл деректі фильмді барлық қатысушылар мен көрермендерге көрсеттік", - дейді Әуелбек Ысқақов.
Үмбетәлі Кәрібаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы қараша айында ұйымдастырылмақ. Әуелбек Ысқақовтың айтуынша, бұл айтыс Талдықорған немесе Алматы қаласында өтеді.