«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жаңа форматта «мемуарлық» жанрдағы - «Сенбілік кездесу» атты бағдарлама эфирге шығады. Жүргізуші Құрманбек Жұмағали танымал тұлғалардың ел білмейтін жеке өмірінің қыр-сырларын ашады. Бұл туралы baq.kz тілшісіне телеарнаның баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы бағдарламаның қонағы қазақ театр және кино өнерінің қайраткері, халықтың сүйіктісі – Асанәлі Әшімов.
Тележүргізуші Құрманбек Жұмағали:
- Асанәлі Әшімовтың соңғы жылдары ел білмейтін қандай тың жаңалықтары бар? Шәкен Аймановтың оқушысының біз білмейтін кадр сыртындағы қандай құпиялары мен сырлары бар? Мұның бәрін осы сенбі «Қазақстан» телеарнасынан біле аласыздар. Бұл 50 жылдық шығармашылық өмір тарихына созылған сырласу кеші болмақ. 70 жасында қайта әке атанған тұлғаның отбасылық сырларының құпиялары ашылмақ.
Тағдыр танытқан алғашқы махаббат пен алғашқы түңілу, кинодағы алғашқы қадамдары мен алғаш сәтсіздіктері, миллиондаған табынушылары мен үлкен табыс, танымалдылық, қуаныш пен қобалжу, абыржу мен рахаттану, қайғы мен орны толмас қазалар. Бүгінгі күні немен айналысады, жазып отырған кітабы қандай, өскелең ұрпаққа не қалдырмақ?
Қазақстандық киноөнердің мэтрі атанған Асанәлі Әшімовтың өмірінің біз білмейтін сырлары «Сенбілік кездесу» бағдарламасына арқау болды. Жіберіп алмаңыздар! 28 ақпан күні 21.00-де «Қазақстан» телеарнасында танымал тұлға Асанәлі Әшімовтың біз білмейтін әлемімен бірге танысайық.
Автор: Нұрсерік Жолбарыс
Сурет: baq.kz