Қазақтан шыққан батыр ұл, Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен ел есінде қалған, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл толды.
Даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында дүниеге келген. Балалық шағының 13 жылын өзінің кіндік қаны тамған ауылында өткізіп, одан кейін кеңестік дәуірдегі интернатта тәлім-тәрбие алады. 1929 жылы "Әулие Ата" тоғызжылдық мектебін бітіреді. Мектепті тәмамдағаннан соң шалғай аудандардың біріндегі ауылға (Бетпақдала) мұғалім болып барады. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет етеді. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады. Кейін әскерге шақырту алады.
Әскери өмір мен соғыс жылдары
1932 жылы әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери дайындық кезінде білім алып, мергендік өнерге машықтанады. 1933 жылы полктық мектепті бітіреді. 1934 жылы әскерден келгенде запастағы командир болады. Одан кейінгі уақыттарында білімін жетілдіріп (Ленинградтың қаржы академиясында қысқа мерзімдік курстан өтеді), банк саласында қызмет етеді.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына командир ретінде қайта шақырылып, әскери қызметтер атқарады. Ол ортаазиялық әскери округтың 315-ші атқыштар полкына командир болып тағайындалады. Бір жылдан кейін оның полкы ерекше Қызылтулы Қиыр Шығыс Армиясының бөліміне қосылады. Ал Бауыржан жарты ротаның командирі болады.
Ұлы Отан соғысының басталмай тұрған кезінде Бауыржан Момышұлы 105-ші атқыштар дивизиясының қарамағындағы артиллериялық атқыштар бөлімшесінің командирі қызметінде болады. Алайда 1941 жылдың қаңтарында тәжірибелі сардар Алматыға қайтарылады. Сол жылдың жаз айларынан бастап жаңадан құрылған 316-шы атқыштар дивизиясының штабына Қазақстан мен Қырғызстан елінен сарбаздарды жинай бастайды. Бауыржан қайта жасақталған дивизияның 1073-ші атқыштар полкының батальонына командир болып тағайындалды. Ары қарай қайнаған соғыс майданы басталып кетеді.
Ержүрек сардардың батырлығын танытқан майдандар аз емес. Солардың ең ерекшесі 1941 жылдың күзінен басталған Мәскеуді қорғау шайқасы болатын. Ол кезде ол 19-шы гвардиялық атқыштар полкына командир болады. Оның полкы жұдырықтай жұмылып, фашистерді Мәскеуге қарай жібермейді. Жасаған ерлігі мен батырлығы үшін өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғаны үшін, шешуші кездерде жылдам түрде нақты шешім қабылдай білгені үшін ол Ленин орденімен марапатталады. Мәскеуді қорғау майданының Крюкова шайқастарында жарақат алып, біраз уақыт госпитальда жатады.
1945 жылдың ақпаны мен наурызында Латвия жеріндегі Приекуле станциясы маңында болған шайқаста ол басқарған дивизияның солдаттары қарсыластарының қорғаныс шебін тасталқан етеді. Сондай-ақ ұрыстың нәтижесінде 15 елдімекен жаудан азат етіліп, жаудың әскеріне солдаттар жағынан және әскери техника жағынан үлкен шығын келтіреді.
Бауыржан Момышұлының шендері мен марапаттары
1942 жылдың қазанында подполковник шенін алады. Ал сегіз айдан соң полковник шеніне көтеріледі.
1945 жылдың 21 қаңтарында Бірінші Балтық жағалауы фронтының 6-шы гвардиялық әскерінің 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалады.
Бірінші дәрежелі "Қызыл Ту" орденімен 2 рет, "Ленин", "Отан" соғысы ордендерімен, "Әскери шайқастағы еңбегі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін", "Қызыл жұлдыз", "Еңбек Қызыл ту", "Халықтар достығы" және "Германияны жеңгені үшін" орден және медальдарымен марапатталған. 1990 жылы 11 желтоқсанда Кеңес Одағы құламай тұрып ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен "Бауыржан Момышұлына Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының батыры" атағын беру туралы" жарлық шықты. Негізінде, Бауыржан Момышұлына бұл атақты беру жайлы 1942 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстардан кейін ұсыныс жасалынған болатын. Алайда ол ұсыныс ол кезде көздеген мақсатқа жетпеді.
Соғыстан кейінгі жылдары
Бауыржан Момышұлы 1948 жылы Генералдық штабтың әскери академиясын аяқтады. 1950 жылдан бастап "Тыл және Кеңес Армиясын қамтамасыз ету" әскери академиясында аға оқытушы болып қызмет етті. 1955 жылдың желтоқсанынан бастап запастағы полковник Б.Момышұлы Қазақ КСР Жазушылар одағының мүшесі болды.
1982 жылы 10 маусымда Алматыда батыр Бауыржан дүниеден өтті.
Бауыржан Момышұлы және әдебиет
Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқырманның іздеп оқитын шығармаларына айналды.
Бауыржан Момышұлы әдебиетке ерекшелікпен келген. Оқырман қауым батырды алдымен шығармалардың авторы ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды. Дәлірек айтар болсақ, Александр Бектің "Волоколамск тас жолы" ("Волоколамское шоссе") повесті арқылы танылған болатын. Повестің басты кейіпкері панфиловшы офицер, Мәскеуді қорғауға қатысқан батыр – Бауыржан Момышұлы. А. Бек бұл еңбегін батырдың әңгімелері мен еске түсірулерінің желісімен жазған болатын.
Бауыржан Момышұлы – "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Москва үшін шайқас" әңгімелерінің, генерал И.В. Панфилов туралы "Біздің генерал" өмірбаяндық повестінің "Біздің отбасы" атты повестер мен әңгімелер жинағы кітабының авторы. "Біздің отбасы" туындысы үшін 1976 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болады. 1965 жылы "Кубалық кездесулер" атты очерктік шығармасын жазды. "Москва үшін шайқас" шығармасы А. Бектің "Волоколамск тас жолы" шығармасының жалғасы болып табылады.
Батыр Бауыржанның қайсар мінезі
Ел аузындағы әңгімелер Б. Момышұлы мінезінің тік болғандығын айтады. Ол кісі өте қайсар болған. Шындықты жаны сүйетін, өтірікшілер мен қорқақтарды жек көретін ержүрек адам болды. Оның бойында қазақы қасиеттер молынан болды. "Момышұлы" деген тегінің өзі үлкен бір қайсарлықтың арқасында солай аталды. Кеңес заманында қазақтың тегіне шектеу қойып, -ев немесе -ева деген жалғауларды жалғатып қойған шақта Бауыржан Момышұлының қайсарлығы ғана өзінің қалаған тегін алып жүруге мүмкіндік берді.
Бауыржан батыр шындықты жақсы көретін жан болған. Онымен бірге болған әріптестері Бауыржанның шындықты сүйгіштігін аңыз етіп айтады.
Қазіргі кезде батыр ұлдың құрметіне еліміздің үлкенді-кішілі әскери және құқық қорғау органдарының оқу орындары, ауылдары мен көшелері батырдың атымен аталады. Тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де батырдың есімімен аталатын мектеп көше бар. Жуырда ғана Қарағанды облысында бір мектеп пен балабақшаға батыр есімі берілді.
2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған "Аңызға айналған батыр" кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітапта Бауыржан батырдың Мәскеу мұрағаттарында сақталған, бұрындары жарияланбаған жазбалары және жауынгер әріптестері Мәлік Ғабдулиннің, Дмитрий Снегиннің естеліктері жарияланған.