Бақыраш-қалпақша, кең шалбар, үлкен аяқ киім, адамды қызықтырар мұрт, күлкілі жүріс және қашан да өзгермейтін жіңішке таяқша... Есіңізге кім түсті? Иә, бүгін сол атақты Чарльз Спенсер Чаплиннің туған күні. Әлем жұрты 125 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған актер жанкүйерлері арасында жай ғана "Чарли" деген атпен кең танылған. Туған күн қарсаңында ХХ ғасырдың әйгілі актерінің өміріне үңіліп көрейік.
Чаплин мен Гитлер құрдас болған. Екеуі бір жылда ғана емес, бір айда туылған. Чаплин Гитлерден төрт күнге үлкен.
Чаплиннің бойы бар болғаны 165 см, ал салмағы 60 келі болған.
Оның көздері көкшіл, шаштары қою қара әрі бұйра болған екен, алайда актердің шашы 35 жасында-ақ ағарып кеткен.
Чаплин бағы жанып, миллионер атанса да, ұзақ уақыт бойы үшінші сорттағы қонақ үй бөлмесінде тұрған екен. Ол студиялық чектерді де ескі чемоданда сақтап өткен.
Чаплин солақай болған, ол тіпті скрипканы да сол қолымен ойнаған.
Ол 14 жасында театрға жұмысқа тұрады, бірақ оқып-жазуды содан бірнеше жыл өткеннен кейін үйренген.
Чаплин коммунистерге тілектістік білдірген. Отызыншы жылдары "Жаңа кезеңдер" фильмі шыққаннан кейін ФБР актердің соңына түсе бастайды.
Чарльз Спенсер АҚШ-та 40 жыл тұрғанымен, азаматтық ала алмаған. Мұнымен қоймай, 1952 жылы АҚШ-қа кіруге тиым салынады.
1917 жылы First National Pictures киностудиясы актермен 1 миллион долларға келісімшартқа отырды. Осылай Чарли кино тарихындағы ең қымбат актер атанды.
Оның ең сүйікті спорты – бокс, сүйікті биі – танго болған. "Үлкен қаланың оттары" фильмінде актер рингте танго мен боксты ұштастыра біледі. Чарли жақсы композитор да болған, өзінің көптеген фильмдеріне музыка жазған деседі.
"Ұлы диктатор" фильмінің түсірілім жұмыстары кезінде Чаплинге туындының үлкен сынға ұшырайтыны ескертіледі. Әріптестері фильмнің Англияда да, АҚШ-та да көрсетілмейтінін айтып, бас тартуын өтінеді. Мұнан да зоры болды, Германия КСРО-ға шабуыл жасағаннан кейін, көрермендерден қоқан-лоқы көрсетілген хаттар келіп түсе бастады. Тіпті, бір хаттарда "Диктаторды" көрсеткен кинотеатрды бомбалап, экранға оқ атамыз деген ескертулер де жазылған екен. Осы фильм шыққаннан кейін ұлтшылдар Чаплинді еврей деп атай бастады. Кезінде "Ұлы диктатор" Гитлердің өзіне жіберілген екен. Гитлердің фильмді көргендігін растайтын куәгерлер де бар болып шықты.
Чаплин өзі түскен барлық фильмнің ішінде біреуінде келеңсіз жағдайға ұшырайды: ол "Тыныш көше" фильмінің түсірілім жұмыстарында ғана жарақат алған.
Чаплин жас қыздардың алдында тым әлсіз болған екен. Мысалы:
– Актер 16 жастағы Милдред Харриске үйленгенде 28 жаста болған;
– 16 жастағы Лита Грейге үйленгенде 35 жасты алқымдаған (екеуінің қарым-қатынастары Набоковтың "Лолита" атты романына арқау болған екен);
– 19 жастағы Полетт Годдарға үйленгенде 44 жасқа шыққан;
– 18 жастағы Уна О'Ниллге үйленгенде 54 жаста болған. Екеуінің 8 баласы болған екен, Уна соңғы баласын Чарли 72 жасқа толғанда дүниеге әкелген. Төрт рет отбасын құрған Чарлидің 11 баласы болды.
1928 жылы Чаплин "Цирк" фильміндегі режиссерлігі мен продюсерлігі, актерлік шеберлігі және қайталанбас сценарийі үшін Оскар сыйлығымен марапатталады. 1954 жылы Халықаралық Әлем сыйлығын иемденеді.
Чаплиннің ең сүйікті күлдіргіш актері Бенни Хилл болған екен. 1991 жылы Хилл Чаплиннің отбасына барғанда, балалары қолына Чаплин жинаған Бенни Хиллдың видеолар коллекциясын ұстатады.
Empire журналы ұсынған "Барлық уақыттың жүз актері" тізімінде Чаплин №79 болып аталған.
Чарльз Спенсердің соңғы фильмі "Гонконгтың графинясы" деп аталады. Актер оны 1967 жылы, яғни, өлімінен 10 жыл бұрын түсірген. Туындыда басты рөлдерді Софи Лорен және Марлон Брандо сомдаған. Чаплиннің өзі эпизодтық рөлден (қарт аспансерік) көрінеді.
Чаплин 88 жастан асқанда, 1977 жылдың 25 желтоқсанында қайтыс болды.
1978 жылы Чаплиннің табыты қазылып, құн сұрау мақсатында ұрланып кетеді. Полиция қызметкерлері қылмыскерлерді ұстап, 1978 жылдың 17 мамырында қайта жерлейді.
1981 жылдың 16 сәуірінде (92 жасқа толғанында) Лондондағы Leicester алаңында актерге арналған үлкен ескерткіш қойылады. Бұл мүсін Шекспир ескерткішіне жақын жерде орналасқан.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/uGHKrltku2c","width":"450","height":"350"});
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: sunhome.ru, kinomania.ru
Оқи отырыңыз:
Чарли Чаплиннің қысқаша өмірбаяны
Чаплиннің қызына жазған хаты
Чарли Чаплиннің айтқан сөздері