«Ұланның» жас тілшісі – Қазақ әдебиеті оқулығының авторы

«Ұланның» жас тілшісі – Қазақ әдебиеті оқулығының авторы
Фото: zhasorken.kz

Жаңа оқу жылында өзгеріс көп. Кей сыныптар бағалаудың критериалды жүйесіне көшеді. Кей сынып оқушылары жаңа ғана баспадан шыққан оқулықтарға ие болды. Мəселен, 5,7-сынып оқушылары Қазақ əдебиеті пəнін жаңа оқулықпен оқиды. Ал бұл оқулықты жазған қос автордың бірі – «Ұланның» бір кездегі жас тілшісі.

Арай Жүндібаева 2000-жылдары «Ұланның» белсенді жас тілшісі болды. 2005 жылдан бастап «Ұланның» қоғамдық тілшісі атанды. Студент кезінде «Ұлан» мен «Ақ желкен» ұйымдастырған форумдарға белсене араласты. Сонау Семей мен Алматының арасын байланыстырушы өкіл еді, əлі күнге солай. Арай осыдан екі жыл бұрын Қазақ əдебиеті пəні оқулығын жазуға кіріскен еді. Мінекей, жаңа оқу жылында 5,7-сынып оқушылары кітаптарын қолға алып та үлгерді. Оқулық сияқты маңызды істі жазуға неге Арай таңдалды?

1988 жылы дүниеге келген əпкелерің – бүгінде философия докторы (PhD). Жас та болса, осы күнге дейін ол – республикалық, халықаралық ғылыми жоба жұмыстарының жетекшісі, əдістемелік оқу бағдарламаларының, бірнеше монография, электронды оқу құралының авторы. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген жаңашыл ғалым-ұстаз. ЖОО-да «Қайым Мұхамедхановтану» оқу курсы оқу бағдарламасын,  «Алаш алыптары», «Əдеби өлкетану» оқу курстарын ағылшын тілінде енгізген ізденімпаз жан. Сондай-ақ, «Акме» халықаралық ағартушылар клубының жетекшісі. Міне, осындай жетістіктері мен ізденімпаздығы үшін Арай Жүндібаеваға мектеп оқулығын жазу жұмысы сеніммен тапсырылды.

Қос бірдей оқулықтың авторы атанған Арай құрбымызға хабарласқан едік.

– Бұл оқулықтарды Айман Ақтанова екеуміз жаздық. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде, университетте сабақ берген ұстаз. Біз бұған дейін 5-6 сыныпқа арналған электронды оқу құралдарын жазғанбыз. Оқулықты дайындауға бас-аяғы екі жыл уақыт кетті. Бұл оқулықтарды Ғылым жəне білім министрлігінің 2013 жылғы 3 сəуірдегі бұйрығына сəйкес, негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған қазақ əдебиеті пəнінен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы негізінде дайындадық.

– Көптеген ғалымдар арасынан жас та болса, сенің бекітілгеніңе кей жандар таңырқай қарауы мүмкін…

– Мен Шəкəрімтану пəндеріне қатысты үш монография жəне 7 элективті, 4 оқу бағдарламасының авторымын. 2009 жылы алғаш ашылғанда Назарбаев зияткерлік мектептерінде сабақ бердім. Студенттерге де дəріс беремін. Яғни, педагогикалық тəжірибем де ескерілді. Бірнеше шетелдік тағылымдамадан өткем. Осының бəрі де біздің оқулықтың авторы ретінде бекітілуімізге септігін тигізді.

– Бұл жаңа оқулықтарда нендей мəселелер алғы-шарт ретінде қарастырылды?

– Ең алдымен бір тақырыптың бірнеше сағатқа берілу ерекшелігі қарастырылған. Жаңа оқулықтар бойынша тек оқып қоймай, оқушы əдебиетте оқығанын өмірдегі қажеттіліктеріне пайдаға асыруы көзделеді. Балаларға əдеби теоретикалық ұғымдарды талдау, салыстыру, оқыған шығармасына сын жаза білу, ойға түйгені бойынша эссе жазу қарастырылған. Қазақ əдебиеті пəні 5-сыныпта аптасына 2 сағат, оқу жылына 68 сағат, 7-сынып бойынша аптасына 2 сағат, оқу жылына 68 сағат оқытылады.

– Оқулықты жазу барысындағы кейбір процестерді айтып берсең…

– Үйдегі оқушы балаларға тəжірибе жүргізіп отырдық. Тапсырмаларды үйдегі оқушыларға орындатып, бақылаймыз. Сосын мектепте, университетте дəріс берген тəжірибеміз жақсы көмек тесті. Жалпы, біз əдебиетті оқу арқылы оқушылар шешім қабылдау дағдысын қалыптастыра алуын мақсат еттік.

– Оқулықтарды жазу жұмысы аяқталды. Ендігі жоспарың қандай?

– Шəкəрім бабамыздың «Үш анық» трактатын ағылшын тіліне аудару жұмысын қолға алдық. Сондай-ақ,  иврит тілінен орысшаға аударылған тамаша мазмұнды өмір жайлы кітаптар бар. Сол кітаптарды да қазақша тəржімалауды бастадым. Төрт тіл білемін, енді жапон тілін үйреніп жатырмын.

zhasorken.kz

@. @assel_assanova