Қазақстан КВН ойындарының қатысушысы, әрі «Базар жоқ» театрының директоры, шоумен Тұрсынбек Қабатов Сочидағы жазғы кубоктың иегері атанды. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Тұрсынбек байқауда Смоленск қаласының "Триод и Диод" командасының сапында өнер көрсеткен.
Ойынның шарты бойынша, Сочи қаласында өткен юморлық сайыста жыл сайын екі кезең бойынша чемпиондар бақ сынасады. Бұл жолы ойын Смоленкс қаласының "Триод и Диод" және Самара қаласының "СОК" командаларына бұйырды. Шарт бойынша, команданың өздерімен бірге ойнауға ең атақты үш КВН-шіні шақыруға мүмкіндігі бар. "Триод и Диод" командасының көзі қазақстандық актер «Казахи» КВН командасының капитаны Тұрсынбек Қабатовқа түскен. Тұрсынбекпен қатар ойынға "Пирамида" командасынан Заурбек Байцаев және Днепропетровск құрамасынан Игорь Ласточкин шақырылды. Ал "СОК" командасының құрамында "Камызяки" командасының ойыншысы Азамат Мұсағалиев, "25" командасынан Юлия Ахмедова мен "Уездный город" командасынан Сергей Писаренко өнер көрсетті.
Әртістің концерттік директоры Нағи Бақытбековтың сөзінше, ойынға қатысу үшін "Триод и Диод" командасымен бір аптаға жуық дайындық жүргізген. Ойын кезіндегі кейбір әзілдер өз образына сәйкестендіріліп Тұрсынбекке арнайы жазылды. Қатысушылар жазғы ойындарда төрт кезең бойынша бақ сынасты – сәлемдесу, ширату, залдан сұрақ қою және музыкамен көркемделген үй тапсырмасы.
Сочида өткен жазғы КВН ойындарына тележүргізуші және актриса Екатерина Стриженова, режисер Александр Стриженов, тележүргізуші Валдис Пельш, Олимпиада ойындарының чемпионы Алексей Ягудин мен КВН ойындарының тұрақты әділқазысы, режисер Юлий Гусман төрелік етті.
«Алғашқы байқауда, Тұрсынбек сахнаға шыққанда, зал көпке дейін қол шапалақтады. Бұл оның 2010 жылғы Жоғарғы Лигадағы ойынынан кейін сахнаға алғаш шығуы. 2010 жылғы ойында Тұрсынбек «ененің» рөлін сомдаған», - дейді Нағи Бақытбеков.
Тұрсынбек Қабатов – жазғы КВН ойындарына қатысуға мүмкіндік алған және онда жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық КВН-ші.
Ал қазақстандық телекөрермендер аталған ойындарды қыркүйек айының ортасында тамашалайтын болады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: carmen.kz, tengrinews.kz