Атаққа да, мансапқа да жанын сала ұмтылмайтын, еткен еңбегі мен жасаған жақсылығын міндет етпейтін, барлық саналы ғұмырын ғылым жолына ғана арнайтын айтулы ғұламалар болады. Аты көпке белгілі түркітанушы Әмір Нәжіп те сондай жан еді.
Әмір Нәжіп 1899 жылы қазіргі Семей облысы, Мақаншы ауданының Бақты ауылында дүниеге келген. 1991 жылы наурыз айының 28-і күні Мәскеуде қайтыс болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы, Түрік тілі қоғамының мүшесі.
Ең алғаш Ә. Нәжіп ауылдағы медреседе, одан кейін Шәуешек қаласындағы орыс консулының жанынан ашылған орыс мектебінде оқыған. Орта мектепті ол Семейде бітірген.
Ғалымның ата тегі Қазан уәлаятынан шыққан. Әкесі Семей медресесінде оқып, сонда жүргенде үйленген. «Бақты» деген ауылда мұғалім болып қызмет атқарған. Жетісу қазақтарының 1916 жылғы патшаға қарсы көтерілісіне қатысқаны үшін ол қамауға алынып, 1917 жылы ақпан төңкерісіне дейін Лепсі қаласының түрмесінде отырып шыққан. Оның кітапханасы айтарлықтай бай болған. Әр түрлі тілде шығатын көптеген мерзімді баспасөзді (газет, журналдарды) үздіксіз алып отырған. Татар, түрік, араб, парсы тілдерінде жазылған әр алуан әдеби, тарихи т.б. кітаптар да онда аз емес еді. Ә.Нәжіп оларды жастайынан оқып өскен. Нағашысы Усманов Ахматша Бұхарада оқыған білімді кісі болған екен. Қари деген діни атағы да болыпты. Ә.Нәжіп ол кісінің бай кітапханасын да жақсы пайдаланған.
Оның жас шағы Емел бойындағы қазақ, ұйғыр, өзбек, орыс және татар халықтары аралас отырған аймақта өтті. Сондықтан да ол осы аталған халықтардың тілін бала кезінен жақсы біліп өскен де, бертін келе барынша жетік меңгеріп алған. 20-дан астам қазіргі түркі тілдерімен қатар араб, парсы, ағылшын, неміс тілдерін де жақсы меңгерген ғұлама кісі еді. Ғалымның осы көл-көсір білімі зерттеулерінде үнемі көрініс тауып отырды.
Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында Ә.Нәжіп Семейде «Халық сөзі» деген газетті Ғ.Мусинмен бірге шығарып тұрған. 1917 жылы әр түрлі тақырыпқа жазылған өлеңдер жинағын құрастырып, баспа жүзінде жариялаған.
1923 жылы Мәскеудегі Шығыс тілдері институтының парсы және түрік бөлімін бітірген соң, Ә.Нәжіп Бұхара Халықтық Совет Республикасына (БХСР) қызметке жіберіледі. Бұл жерде алғашқы мемлекеттік баспаны ұйымдастырып, мұғалімдер институтында сабақ береді. Сонымен қатар «Азат Бұхара» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарады.
Ғұламаның одан арғы өмірі отанымыздағы алуан түрлі мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу істерімен тығыз байланысты. Ол Мәскеу (1924-1926 ж. және 1933-1940 ж.) мен Өзбекстанда (1927-1933 ж. және 1940-1944 ж.) көп жылдар бойы басқару әкімгершілік жұмыстары мен ұйымдастыру істерін атқара жүріп, жоғары оқу орындарында дәрістер оқыды. Мәскеу мемлекеттік университетінің филология, тарих факультеттерінде түрік, ұйғыр, қазақ тілдерінен сабақ берді. Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың әдебиеті тарихынан ұзақ жылдар бойы дәріс оқып, оқулықтар жазды, сөздіктер құрастырды. 1954-1958 жылдары Мәскеудегі Тіл білімі институтында, ал 1958 жылдан өмірінің соңына дейін Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді.
Ресми атақ алу үшін Ә.Нәжіп 1944 жылы «Қазіргі ұйғыр баспасөзінің лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал 1965 жылы «XIV ғасырдағы Мысыр мәмлүктерінің қыпшақша-оғызша әдеби тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Әмірдің ғылыми еңбектері жайында, олардың маңызы мен практикалық пайдасы, теориялық тереңдігі жөнінде, ол жазған жұмыстардың бүкіл дүниежүзілік шығыстану ғылымы мен отандық түркологияны жетілдіру, дамыту барысындағы өзіндік үлесі мол. Бұл жерде бірер сөзбен ғана айта кетер болсақ, Әмір – кең құлашты қаламгер, өрелі ғалым, алымды да іскер зерттеуші. Аты әлемге белгілі маман-түркітанушының қалам тебірентіп, ой жүгірткен салалары - түркі тілдерін зерттеуде кеңінен көрінді. Ол, ең алдымен, жалпы түркологияның ірі жанашыр өкілі ретінде әр қилы маңызды мәселелерді жан-жақты тексерді, ұқыпты зерттеді.
Көптеген түркі тілдерінің жетік білгірі Ә.Нәжіптің о бастан баса назар аударып, көп зерттеген негізгі саласы – ұйғыр тіл білімі. 1944-1945 ж. ол Мәскеу мемлекеттік университетінің I-V курс студенттері үшін ұйғыр тілінің оқулығын жазып бастырды. 1960 ж. Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Қазіргі ұйғыр тілі» атты монографиясы ағылшын тіліне де аударылды. Ал 33 мың сөзді қамтитын 828 беттік «Ұйғырша-орысша сөздігі» (Мәскеу, 1968) осы іспеттес ең үздік сөздіктердің бірі ретінде танылып, түркітанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Ә.Нәжіп – түркі тілдерінің теориясына үлкен үлес қосқан ғалым. Ол көп уақыты мен мол күш-қуатын XI-XV ғасырлар аралығында араб алфавитімен жазылған әдеби ескерткіштердің тілін зерттеуге жұмсады. Ғалымның әсіресе ден қоя зерттегені - XIV ғасырда Алтын Орда мен оның одақтасы болған мәмлүктер билігіндегі Мысыр территориясында жазылған әдеби көркем туындылар.
XIV ғасырда аталмыш аймақтарда «Нахдж ал-Фарадис», «Қиссас ал-анбия» сынды діни, дидактикалық мазмұндағы шығармалармен қатар «Хұсрау мен Шырын», «Гүлстан», «Мухаббат-наме», «Сираж ал-Кулуб» сияқты көркем шығармалар да жазылды.
Зерттеуші осы өлкелерде екі әдеби тіл қатар өмір сүрді деген қорытындыға келеді. Оның бірі - қыпшақ-оғыз әдеби тілі де, екіншісі – оғыз-қыпшақ әдеби тілі. Басқаша айтқанда, жоғарыда көрсетілген шығармалар аралас тілде жазылған туындылар екенін баса дәлелдейді. Олардың бірі қыпшақ тілінің негізінде, енді бірі оғыз тілінің негізінде жазылғанын дәлелдеп айтады. Қыпшақ элементтері жайлы орнықты да мығым тұжырымға келеді.
XIV ғасырда Алтын Орда мен Мысырда пайда болған бұл шығармалар қыпшақ-оғыз не оғыз-қыпшақ әдеби тілінде жазылды деген қорытындыға негіз болған: біріншіден, тілдік фактілер, екіншіден, әдеби мұраларға ие оғыз, қыпшақ тайпаларының тарихи жағдайы.
Қыпшақтану ғылымындағы танымалы маман Ә.Нәжіптің анықтауынша, «Нахдж ал-Фарадис», «Қиссас ал-анбия», «Хұсрау мен Шырын» оғыз қыпшақ әдеби тілінде жазылған да, «Гүлстан» мен «Мұхаббат-наме» қыпшақ-оғыз әдеби тілінде жазылған. Яғни алғашқы үшеуінде оғыз тілдерінің элементтері басым болса, кейінгі екеуінде қыпшақ тілдерінің элементтері жиірек ұшырайды. Демек, қазіргі қыпшақ тобындағы түркі ұлыстарына (соның бірі қазақ тілі мен әдебиетіне) тікелей қатысы бар өте құнды мұралар болып табылады. Міне, Әмір Нәжіп бұл ескерткіштерді осы бағытта зерттеуге жол ашты. Мұндай ғылыми тоқтамды әбден құптаймыз.
Бұл ескерткіштердің қай-қайсысында да көне ұйғыр тілінің элементтері кездесіп отырады. Мұның себебін ғалым бұрыннан келе жатқан ұйғыр әдеби тіл дәстүрінің әсері деп түсіндіреді. Оғыз-қыпшақ әдеби тілі Қараханид дәуіріндегі ұйғыр әдеби тіл дәстүріне көбірек бейім келеді. Ал қыпшақ-оғыз әдеби тіліне оның ықпалы тым солғын. Бұл заңдылықты да алғаш байқаған ғалым – осы Әмір Нәжіп.
Араб не көне ұйғыр алфавитімен жазылып, ғасырлар бойы кітапханаларда сарғайып жатқан мұраларды ажыратып оқу, оларды қазіргі қолданылып жүрген әліпбиге түсіру, аудару, сөздігін құрастыру оңай шаруа емес. Оған жан-жақты білім, дағды мен машық, темірдей төзім мен шыдам керек. Айта кету керек, тіл тарихымен, әдебиет тарихымен айналысушылар көп, бірақ шаң басқан қолжазбаларды сарыла оқып, транскрипция жасаушылар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бел ортасында Әмір Нәжіп жүрді. Ол «Мұхаббат-наменің» араб және көне ұйғыр алфавитімен жазылған нұсқаларын салыстыра зерттеп, Мәскеуде жеке кітап етіп шығарды (1961). «Гүлстан» ескерткіші бойынша зерттеуін екі кітап етіп, 1975 жылы Алматыда бастырды. «Құтадғу білік» дастанының Вена, Каир, Наманган нұсқаларын салыстырып оқып шығып, жазған еңбектері өз алдына бір шоғыр.
Тіл білімінде сөздік жасау ісі қиынның қиыны екенін осы саламен айналысушы ғалымдар үнемі айтып келеді. «Түркі тілдерінің сөздігін» алғаш құрастырған XI ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари да: «Бұл кітап өмірімнің ақырына дейін жеткізді», - деп жазып қалдырған екен. «Көне түркі тілінің сөздігін» авторлар ұжымы жасап, 1969 жылы Ленинградта бастырғаны белгілі. Ал осы сөздіктің жалғасы ретінде XI-XIV ғасырлардағы жазбалар тілінің сөздігін дайындау кезінде Әмірге тапсырылған екен. Әмір ол міндетін мерзімінде орындап шыққан. 4 томнан тұратын бұл сөздік «XI-XIV ғасырлардағы түркі тілдерінің тарихи сөздігі» деп аталады, көлемі - 300 бет. 1975 жылы түркітанушылардың Советтік Комитетінің бірінші пленумы еңбекті баспаға ұсынған екен, бірақ, өкінішке қарай, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал «XIV ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі» деп аталатын еңбегі үш томнан тұрады. Мұның көлемі – 100 бет.
Бұл сөздіктің 1-томы ғана жарық көрді (Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века, книга 1, М., 1979). Шәкірттері дайындап бастырған «Исследования по истории тюркских языков XI-XIV вв» деген еңбегі 1989 жылы Мәскеуде басылды.
Қазақ жерінде туып, балалық шағын қазақ арасында өткізген Әмір қазақ тіліне байланысты да бірнеше көлемді мақалалар жазып, жариялады. 1959 жылы Мәскеуде басылған «Қазақ тілі» деп аталатын мақаласында қазақ тілінің Қазан төңкерісіне дейінгі және төңкерістен кейінгі 40 жыл ішінде зерттелу тарихына тоқталса, «Түркі тілдері тарихының Қазақстандағы зерттелу жайы» деген екінші мақаласында Қазақстандағы тіл тарихына байланысты жазылған зерттеулерге кеңінен тоқталып, қазақ лингвистерінің бұл саладағы жетістіктеріне әділ бағасын берген. Осы екі мақала да орыс тілінде жазылып, қазақ тіл білімінің табыстары бұрынғы Одақ көлемінде насихатталды. Жолай айтар бір жәйт бар: құрметті ғалым көптеген тілдердің теориясын, тарихын білумен барабар сол тілдерде (әсіресе қазақ, татар, түрік, өзбек, ұйғыр т.б. тілдерінде) еркін сөйлей де, жаза да білетін еді.
1972 жылы «Жалын» атты альманахтың 4-санында жарияланған (Алматыда) «Терең тамырлар» деген көлемді проблемалық мақаласында автор: «Түркі тілінде жазылған ең алғашқы әдеби мұралардың отаны – Жетісу өлкесі (Қазақстан) болды, - дей келе былай түйіндейді. - Ал сол көне мұралардың қазақ тілі мен әдебиетіне тікелей қатынасы қаншалық деген мәселеге келсек, қазіргі қазақтардың ата-бабалары Алтын Орда халқының ең қомақты, ең негізгі бөлігін құрағаны белгілі. Кейініректе қазақ халқының құрамына енген рулар өз кезінде Еділ бойында, Солтүстік Хорезмде, мәмлүктік Мысырда елеулі тарихи роль атқарды. Сол өлкелерде туған мәдени ескерткіштерді жасауға тікелей ат салысты. Мұның бәрін зерттемесек, танымасақ, білмесек қазақ халқы мәдениеті мен әдебиетінің, тілінің тарихы жайлы түсінігіміз бір жақты, олқы болған болар еді».
Әмір Нәжіп еліміздегі және шетелдегі көптеген ғылыми орталықтар мен халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысты. Түркиядағы әлемге әйгілі ғылыми орталық – Түрік тілі қоғамының мүшесі болды. Ауық-ауық түркі тілдес республикаларға барып, тіл тарихы мен әдебиет тарихына байланысты лекциялар оқыды. Осындай сапармен бірнеше рет Алматыда да болған еді. Кандидаттық және докторлық диссертация қорғаушыларға оппонент болу, ұлт республикалары үшін кадрлар дайындау және олардың мамандығын жетілдіріп отыру ісіне де сіңірген еңбегі зор. Кандидаттық диссертацияларына тікелей жетекшілік етіп қорғатқан төл шәкірттері Қазақстанда да аз емес. Соның бірі – осы жолдар авторы. Мен мұны әрқашан мақтан тұтамын. Өзге республикаларға сіңірген еңбегі де баршылық.
Әмір Нәжіп – мейлінше еңбекқор, соған сай тындырымы барынша мол ғалым. Олардың біразын жарияласа да, біразын көзі тірісінде жариялап үлгере алмай кетті. Оларды өмірінің соңғы сәтінде ҚР ҰҒА академигі Әбдуәли Қайдарға аманат етіп тастап кеткен екен. Ә.Қайдар еңбектерді редакциялап, «Түркі халықтарының рухани мұрасы» деген атпен (зерттеу, мәтін, сөздік ретінде) серия түрінде жариялауды жоспарлаған екен. Бұл жоспарды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құзырындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұжымы жүзеге асыра бастады. Жақында ғана Түркістан «Тұран» баспасынан Әмір Нәжіптің «Культура и тюркоязычная литература мамлюкского Египта XIV века» атты монографиясы (жауапты редакторы Ә. Қайдар) жарық көрді. Түркітану әлемінде аты әйгілі, өзінің барша саналы өмірін орта ғасыр түркі жазба мұраларының тілін, тарихын зерттеумен өткізген Әмір аманатының сәтті жүзеге асуы бізді қуантады, әрине.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндесек, ғұламаның ғылыми жұмыстарының ауқымы өте кең. Олардың басты- бастыларын атар болсақ төмендегідей:
1. Деректеметанушы (источниковед). Орта ғасырларда араб әрпімен жазылған 20-дан астам ескерткіштерді оқыды. Олардың біразын баспадан шығарып, ғылыми айналымға түсірді;
2. Тілші, тіл білімпазы. Ортағасырлық мұралардың бірсыпырасына тілдік талдау жасады. Қазіргі түркі тілдерінің (қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қарақалпақ т.б.) лексикасы мен грамматикасы бойынша жазылған көптеген еңбектердің авторы;
3. Әдебиетші. Жарты ғасырдан астам уақыт түркітілдес халықтардың әдебиетінің тарихын зерттеумен де шұғылданды. Мәскеу университетін бітірген белгілі түрколог А.С.Аманжолов: «Әмір аға бізге өзбек, түрік тілдерінен сабақ берді. Атаи, Саккаки, Лутфи, Науаи шығармалары бойынша дәріс оқыды. Аталған ақындардың поэтикалық шығармаларының ырғағын-интонациясын келістіре отырып оқитын, жан-жақты талдау жасай білетін, үлкен әдебиетші еді», - деп еске алады;
4. Тарихшы. Ортағасырлық мұраларды жалаң зерттемей, әрбір топқа жататын ескерткіштерді жазылған кездегі тарихи жағдайлармен ұштастыра қарастырды;
5. Аудармашы. Өзінің тікелей зерттеу нысаны етіп алған жазба мұраларды орыс тіліне аударумен қатар, кезінде өзбек, қарақалпақ тілдерінде математика, физика, химия оқулықтарын аударған. Көптеген қоғамдық-саяси әдебиеттерді де аударған;
6. Ұлағатты ұстаз. Ғылыми жұмысымен қатар жоғары оқу орындарында 30 жылдан астам уақыт дәріс оқыған.
Кандидаттық диссертацияларына тікелей жетекшілік етіп қорғатқан шәкірттері де баршылық;
7. Текстолог. 13 мың жолдан тұратын «Құтадғу білік» ескерткішінің 3 нұсқасын салыстыра отырып, көлемін (қанша бәйіт бар екенін) дәл анықтап берді. Көлемін ғана анықтап қоймай, үш нұсқада кездесетін фонетикалық, морфологиялық және лексикалық айырмашылықтарын да көрсетті. Ол айырмашылықтардың себебін дәлелдеді. «Мухаббат-наменің» үш нұсқасын да салыстыра зерттеп, толық мәтінін қалпына келтірді. «Гүлстан» ескерткішін 1954 жылы алғаш жариялаған түрік ғалымы Ф.Н.Үзлүк болатын. Осы басылымның беттері ауысып кеткен екен.
Бұл мұраны парсы тіліндегі нұсқасымен салыстыра отырып, ауысып кеткен беттерін ретке келтірді;
8. Лексикограф. Жоғарыда сөз болған 100 және 300 баспа табақтан тұратын сөздіктерінен басқа бірнеше жеке ескерткіштердің де сөздігін жасаған болатын. Оларды төменде атап қана өтеміз: «Гүлстан», «Мухаббат-наме», «Нахдж ал-фарадис», «Сирадж ал-кулуб».
Бүкіл саналы өмірін тек ғылымға арнаған Әмір ағаның мол мұрасы туралы зерттеуді бір мақала көлемінде айтып беру мүмкін емес. Ондай қомақты зерттеулер де болашақта өмірге келе жатар деген жарқын үмітпен мақаламды аяқтаймын.